Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «100 ЖАҢА ОҚУЛЫҚ» –БОЛАШАҚҚА БАСТАМА

«100 ЖАҢА ОҚУЛЫҚ» –БОЛАШАҚҚА БАСТАМА

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Біз алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағытты бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүниежүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз. 2018-2019 оқу жылының өзінде студенттерді осы оқулықтармен оқыта бастауға тиіспіз» деген еді.Қоғамдық және гуманитарлық ғылым­дар бойынша 100 жаңа оқулықты аударуға жаңадан құрылған Ұлттық аударма бюросы кірісіп кетті. Ендігі уақытта жас­тарымыз әлемдік деңгейдегі авторлардың шығармаларын қазақ тілінде оқитын болады. Кембридж, Гарворд, Оксфорд университеттерінде оқытылып келген оқулықтармен біздің студенттеріміз шетел аспай танысып, білімін шыңдамақ. Ел болашағының кепілі – білімді жастар екенін әркез айтып келетін Елбасының бұл тапсырмасы аясында алғашқы аудармалар жасалып, таныстырылды. Қазақ тілінде қол жетімді болған пән саласы бойынша маңызды оқулықтар бұның алдында ағылшын, орыс тілдерінде жарық көрген еді.
Қазақ тілінде сөйлейтін кітаптарға қойылатын талап та қатал. Әрбір кітапқа жеке жұмыс комиссиясы құрылған. Оқулықтар өміршеңдігін дәлелдеген, қазіргі күні әлемнің беделді оқу орындарының педагогикалық тәжірибесінде кеңінен пайдаланылып келе жатқан болуы тиіс. Сондай-ақ, белгілі бір пәннің мазмұны мен мәнін ашатын, сол ғылымның идеялары мен тұжырымдамаларын дәл сипаттайтын өзекті оқулық болғаны ләзім. Бұйыртса, рухани жаңғыру аясындағы «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық. Жаңа гуманитарлық білім» жобасындағы оқулықтардың алғашқы легі 2018-2019 оқу жылында студенттердің қолына тиіп, университеттер осы кітаптармен мамандар даярлай бас­тайды. Алғашқы 18 оқулықпен танысқан көпшіліктің пікірі бір арнада тоғысып, жастардың сапалы білім алуына тағы бір маңызды қадам деп бағалады. Қалың оқырманға жол тартқан бұл кітаптарды көріп, бүгінгі біздің қоғам үшін ауадай қажет екенін аңғару да қиын емес.

Марал АХМЕТОВ,
№49 орта мектебі директоры.
16 сәуір 2018 ж. 2 515 0