Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлеуметтің түп қазығы

Әлеуметтің түп қазығы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бес әлеуметтік бастамасы» халық арасында қызу қолдау тауып, талқылануда. Елбасы көтерген бұл бастамалар халқымыздың әл-ауқа­тын әрі қарай жақсарта түсуді көздейді.
Бұл аталған мәселелердің бәрі маңызды. Әлі де елімізде баспана жағдайын шеше алмай жүргендер көп. Салықты азайту туралы ұсыныстар елдің көкейінен шықты. Елбасының шағын несие беруді көбейту жөніндегі бастамасы – мыңдаған адамның өз ісін ашуына мүмкіндік береді. Бұл, әсіресе, ауыл-аймақтар үшін, ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту үшін айрықша маңызды. Өз кәсібін ашып, бизнеспен айналысқан адам ауылда да көп іс тындыра алады. Мұның талай мысалын ауылдың бүгінгі өмірінен көріп, көз жеткіздік. Ең бастысы, еңбекті сүю, жан-тәніңмен беріліп жұмыс жасау.
Білімді жастар – елдің ертеңгі болашағы. Олардың жоғары білім алуы үшін барлық жағдай жасалуы керек. Егер жатақхана мәселесі шешілмесе, жас­тар, әсіресе шалғай ауылдардан баратын, қалаларда баспанасы жоқ студенттер пәтер жалдауға мәжбүр.
Айта берсек, бастамада елді толық газбен қамтамасыз ету мәселесінің төтелей қойылуы кімді де болса қуанышқа кенелтті. Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру – әлеуметтік мәселенің түп қазығы десек, артық болмас. Адамның тұрмысын жеңілдетуден артық қандай әлеуметтік мәселе болмақ? Қазір елімізде ауылдарға газ жеткізу ісі жыл сайын өрістеп келеді. Кенттің өзінде қаншама үйлер газдың шапағатын көруде. Дегенмен, аудан бойынша елді мекендер бұл игілікті көре алмай отыр. Кенттің тұрғындары көгілдір отын жағып, рахат көріп отырса, ауылдағылар от жағып, күл шығарады. Еліміздің аймақтарына газ жетсе, ол елдің экономикасының нығаюына да қызмет етеді. Жаңа өндіріс орындары ашылады.
Елбасы бесінші бастамада айтқандай, ауылдарды толық газбен қамтамасыз ету технологиялық және инфрақұрылымдық тұрғыдан дамудың жаңа кезеңіне тың серпін берер еді.
Қарлығаш МҰСАЙЫМ,
кент тұрғыны.
04 сәуір 2018 ж. 950 0