КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ МАҢЫЗДЫ
Қазақстан инженерлік технологиялық университетінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» Үндеуіне арналған пікір алмасу ашық алаңы өтті. Пікір алмасуға ғалымдар, мектеп басшылары, колледж оқытушылары, магистранттар мен студенттер қатысты.
Шараны Алматы қаласы Білім басқармасы мен «Нұр Отан» партиясының Алматы қаласы Бостандық аудандық филиалы ұйымдастырды.
Пленарлық мәжілісті ҚазИТУ ректоры, профессор Нұрлан Темірбеков кіріспе сөзбен ашып, Елбасы бастамасы ұлттың әлеуетін арттыру жолын көздеп отырғанына тоқталды. «Нұр Отан» партиясы Бостандық ауданы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Баймұрат Жамбылов «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» мән-маңызы жайында кеңінен тілге тиек етті.
«Елбасының бес әлеуметтік бастама» Үндеуі – маңызы зор дүние. Бірінші бағыты – баспана. Еліміздің әрбір отбасында баспана болуы керек. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген дана халқымыз. Осыған баса мән берген Мемлекет басшысы «7 – 20 – 25» бағдарламасы арқылы баспаналы болудың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашты.
Мемлекет басшысының «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» бастамасы да өңірдегі бірқатар өзекті мәселенің оң шешілуіне ықпал етпек. Білім гранттарының көбеюі оқуға ынталы жастардың көңілін бір демдесе, студенттердің жатақханамен қамтылуға қатысты мәселесінің шешімін табуы да оларды қанаттандырады. Оқу орындарының ішінде студенттерін толық жатақханамен қамтамасыз етіп отырған осы ҚазИТУ-ды айрықша атап өту қажет. Шағын несие беруді көбейту бастамасы да ел ішінен қолдау тауып, нәтиже беретіні анық. Мемлекет басшысы бұл шара әсіресе, ауыл-аймақтар үшін, ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту үшін маңызды екенін атап өтті» деді ол.
Пленарлық мәжілісте ҚазИТУ проректоры Гүлнар Сәрсенбекова «Тәрбиенің өркениетке бастар бастауы» тақырыбында баяндама жасап, ұрпақ тәрбиесі болашақ кепілі екенін назарға алды. Сонымен қатар Қант, тағам және өңдеу өндірісі қауымдастығының вице-президенті И.Митрофанова, академик У.Чоманов дуалды білім берудің артықшылықтары мен студенттің өндіріс орнымен тығыз байланыс орнатуының мәнін тілге тиек етті. Ректор кеңесшісі Тынышкүл Молдашқызы оқытудағы инновациялық бағдарламаларын таныстырса, колледждің үздік студенті Б.Сатайқызы рухани жаңғыру жастардан басталатынына тоқталды.
Ақбота ИСЛӘМБЕК