Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАҺАНДАНУДЫҢ ЖАРҚЫН ЖОЛЫ

ЖАҺАНДАНУДЫҢ ЖАРҚЫН ЖОЛЫ


Жарлыққа қол қойды

Жазу — барлық халыққа ортақ, мәдениет­терді жалғастырушы, байланыстырушы құндылықтардың бірі. Халықтың ғасырлар бойы игерген барлық жетістіктері жазу мұрасы арқылы танылады. Сондай-ақ, руханияттың ажырамас бір бөлігі деуге болады. Елбасының өзі айтқандай, қазақ тілі — ол біздің рухани негізіміз. Осы жолда тілдің халықаралық мәртебесін көтеру біздің әлемдік өркениетке жетуіміздің басты кепілі. Сонымен бірге, жаңа әліпби бүкіл әлем қазақтарын біріктіретін өте маңызды фактор. Яғни, бұл тек қана тілдің реформасы ғана емес, жанымыздың жаңғыруы, маңызды стратегиялық бағдарлама. Болашағымыздың тізгінін өз қолымызға алудың, Елбасы сөзімен айтсақ, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғырудың» өзегі және Қазақстанның 30 дамыған елдің қатарында сап түзеуінің баспалдағы іспеттес. Осы орайда Елбасы қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру туралы жарлыққа қол қойды. Басқосуда «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия құрып, қазақ тілі әліпбиінің 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезеңімен көшуін қамтамасыз етсін» – деген болатын. Жаңа әліпби жаңарған елдің нышаны ретінде көнені келмеске кетіріп, сананы сілкіндіреді, жадымызды жаңғыртып, тілге тәуелсіздік әпереді, мәдени тұтастықты орнықтырып, ақпарат кеңістігін дербестікке жетелейтін болады. Әліппе — мәдениеттің өлшемі, сонымен қатар ол — ұлттың таңбасы, елдіктің айшығы, мемлекеттің тәуелсіздігі мен тұтастығын айқындайтын символдардың бірі. Бұл тұрғыдан алғанда таңба таңдау — өркениет жолын да таңдау деген мағынаға саяды.
Латын әліпбиінің мүмкіндіктері қандай?

Жарлықта бекітілген латын графикасында 32 таңбаның жазылу нұсқасы көрсетіліп, көпшілікке ұсынылды. Оның тоғызы апострофпен белгіленген. Енді біртіндеп сол әліпбиге бейімделуге талпыныс жасау қажет. Жазуымызды өзгерту арқылы біз ақпараттық технология­лар заманында үлкен мүкіндіктерге ие боламыз. Өйткені, ең әуелі латын қарпі – ғылым мен техниканың, интернет пен IT-технологиялардың тілі. Екіншіден, латын әліпбиі – түркі әлемімен ықпалдасудың төте жолы. Өзіміздің ұлттық ерекшеліктерімізді сақтай отырып әліпбиді өзгерту тіліміздің халықаралық аренаға шығуына және ғылыми-техникалық прогрестің жетістіктеріне жол ашатыны сөзсіз. Ал, тағы бір ұтымды тұсы – тіл тазалығы. Бұл жөнінде философтар жиі айтып келеді. Тілдегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік туады. Сондай-ақ, латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына, компьютерлік жаңа технологиялар арқылы ақпараттық кеңістікке кіруге жол ашып, түбі бір түркі дүниесімен рухани, мәдени, ғылыми, қарым-қатынас интеграциясы күшейеді.

Мамандар пікірі
нені меңзейді?

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик Өмірзақ Айтбайұлы:
– Елбасының латын әліпбиіне көшу туралы бұл шешімін ел дамуын жаңа өреге бас­тайтын маңызды қадам деп білемін. Әліпби ауыстыру жайлы осы кезге дейін де бірнеше дүркін әңгіме болған еді. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мұны өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында көтеріп, латынға көшуді ұсынып қана қоймай, қазақ тілінің дыбыстық ерекшеліктерін ескерген жаңа әліпбидің нұсқасын да қоса жасаған болатын. Бұған қаламгерлер мен әртүрлі сала мамандары үн қатып, латын жазуының көптеген нұсқалары жасалды, оның қажеттігі мен зәрулігі негізделді. Бұл талқылауларға Елбасы нүкте қойып, латынға көшетінімізді айқындап берді. Ендігі мәселе латынға көшудің дайындық жұмыстарын жүйелі, тыңғылықты жүргізудің тиімді тетіктерін қолға алу. Осы кезге дейін реформа жасалмаған сала қалған жоқ. Бұл реформалар белгілі бір салаларды ғана қамтыса, жазу реформасы еліміздің бүкіл азаматтарын қамтитын болады. Сондықтан, бұл мәселе асқан жауапкершілікпен қарауды талап етеді.

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Төлеубек Мұқашев:
– Әліпбиді өзгерту өз ерекшелігімізді сақтап қалу, әлемдік интеграция, ақпарат алу мүмкіндіктерін дамытуға жағдай жасайды. Латын графикасы жер жаһанға кең тараған. Соның арқасында жастар ғаламтор арқылы ақпарат айдынына еніп, білім мен ғылым саласындағы кеңістікке еркін енеді. Сонымен бірге, түркі әлемін біріктіруге күш салады. Латын графикасына көшу қазақ тілінің мәртебесін көтереді. Сонымен қатар латын әліпбиіне көшу барысында қазақ тіліне тән әріптердің жойылып кетпеуі маңызды. Бұл қадам кириллица таңбаларын латынмен алмастырудан бөлек, жазу саласында да реформа жасауды қажет етеді. Ана тіліміздегі әр дыбыс дербес белгіленіп, өзіндік ерекшелігі ескерілуі тиіс. Жаңа әліпбиді компьютерге емес, керісінше компьютерді тілге икемдеу керек.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЕВА.
16 қараша 2017 ж. 1 597 0