БҰРЫМДЫ қыздар БЕДЕЛІ
Спортшы десе көз алдымызға қара күш иесі мен жолындағының бәрін жайпап өтетін дүлей адамдардың елестейтіні жасырын емес. Иә, расында да, қара күш пен жігер болмаса спортта белгілі бір жетістікке жету қиын. Осындай қара күш пен жігері мықты спортшылардың арасында нәзік жандылар да кездесіп жатады. Мәселен зілтемірші, екі дүркін әлем чемпионатының күміс жүлдегері Жазира Жаппарқұл. Күллі қазақ қыздары Жазираны өздеріне стимул етіп, оның жеңісімен мақтана алады. Осы орайда, ауданымыздың спортшы қыздарына тоқталғанды жөн санадық.
Аудан бойынша спортшылар спорттың он сегіз түрінен шұғылданып келеді. Өңірімізде қыздар арасында спорттың таэквандо, волейбол, гандбол, шахмат, қол добы, күрес секілді түрлеріне қызығушылық жылдан жылға артып келеді. Оған дәлел таэквандошы қыздарымыз Ботакөз Қапанова, Ұлшынай Жұмаділдаева, Қазақстан Республикасының спорт шебері Айдана Жұматаева, Толғанай Серікқызы, Нұрлы Кеңесбек, Нұрай Райымбектер Қазақстан Республикасының чемпионатынан жүлдегер атанып, республикалық турнирлерде жеңіспен оралып жүр. Гандбол спортынан да қыздар командасы жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Атап айтсақ, Лаура Жұмағалиева облыстың «Сейхун Кам Қайсар» командасының қатарында ойын көрсетіп жүргенін мақтанышпен айта аламыз. Ол жуырда әйелдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионатына қатысып, жеңімпаз атанған. Сондай-ақ, Гүлназ Жақсылықова, Сымбат Айбекқызы да гандболдан жасөспірімдер арасындағы республикалық жарыстарда топ жарып жүр. Бұл – спортшылар мен бапкерлердің, спорт саласында еңбек етіп жүрген мамандардың маңдай терінің жемісі. Атап айтар болсақ, гандболдан жаттықтырушы Ақжүрек Сәрсенов пен таэквандо спортының жаттықтырушысы Сламхан Мұсатаевтың есімдері облысқа белгілі. Спорт саласында жетістікке жетіп жүрген бұрымдыларымыздың жеңісі үшін біз де қуаныштымыз.
Айнұр Назарова.