Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жігіттер жеңіспен оралды

Жігіттер жеңіспен оралды


ММА бұл – ережесіз жекпе-жек. Қысқа сөзбен айтқанда ер азаматтың өзінің мықтылығын көрсететін алаң. Соңғы жылдары тамырын тереңге жайып, жаһанда атағы мәшһүр болып жүрген спорттың бірі. Бұл спорт түрі ердің батылдығы мен, қайсар қайратын талап ететін спорт. Әсте, әлсіздер мен қоян жүректер басқа спортта өзін таныта алғанымен, бұл салада қауқарсыз. Сондықтан, ережесіз жекпе-жек алаңына тек мықтылар аяқ баса алады.
Соңғы жылдары бұл спорт түрі ауданымызда да ақырын алға басып, ел арасында танылып келеді. Спортшыларымыз да мықтылығын көрсетіп түрлі жетістіктің төрінен көрінуде.
Ақмая ауылынан аудандық мәс­лихат депутаты Дәулет Жұмбековтың демеушілігімен бой көтерген спорт мектебіне бүгінгі таңда 50-ге жуық жас бас сұғады. Бос уақыттарын спорт­пен шұғылданумен өткізіп, жаттықтырушы Нариман Елеупановтан денешынықтырудың қыр-сырын үйренуде.
Жуырда Оңтүстік Қазақстан облысында аталмыш спорт түрінен турнир өткен болатын. Оған Республикамыздың бар­лық аймақтарынан кіл мықты спортшылар қатысты. Осы дүбірлі додада Ақмая ауылының жастары қайтпас қайсар мінезін танытып, қара күш ауылдың қара балаларында екенін көрсетті. Ауданымыздың атын абыроймен қорғаған он бес спортшының ішінде алтын алғандар Ж.Егізбаев, Д.Оразмахан, Н.Мұрат, Н.Өмірбай, С.Дү­кенбай, Д.Құрманбектер бар. Ал, күміс алқаны асынғандардың арасында М.Төлегенов, Н.Сейітқасым, Б.Ақ­манбет, О.Мейрамбайлар кө­рінді. Сондай ақ, қола медальмен Ә.Мейрамбай, Д.Әділбеков, Р.Ораз­махан, Р.Мейрамұлы, Б.Мырзағалилар оралды. Мұрат Нұрмат болса байрақты бәсекеде техникасымен көзге түсіп, «Ең үздік спортшы» атанып, кубокты иеленді.
Жас та болса жеңіске деген жі­ге­рінің арқасында жүлделі оралған спортшыларымызды құттықтай отырып, талаптарыңнан таймаңдар, жетістіктен-жетістікке жете беріңдер дейміз.

Е.БАЛТАБАЙҰЛЫ.
31 желтоқсан 2017 ж. 1 300 0