ЗАҺИРА ЕРЖАНОВАНЫҢ 95 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ ШАХМАТТАН ТУРНИР ӨТТІ
Кеше аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Есмахановтың қатысуымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында, Социалистік Еңбек Ері, күрішші ЗаҺира Ержанованың 95 жылдығына орай шахматтан турнир өтті.
Турнирге, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Әбдірахман, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы П.Архабаев, аудандық мәслихат хатшысы Т.Жағыппаров, Заһира Ержанованың ұрпақтары, БАҚ өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Социалистік Еңбек Ері Заһира Ержанова 1926 жылы «Қызылту» колхозында дүниеге келген. Заһира Ержанова еңбек жолын 1942 жылы Қызылту колхозынан бастап, еңбек даңқына бөленген ауданымыздың ардақты аналарының бірі. Даңғайыр диқан Ыбырай Жақаевпен бірге сыр салысы – күрішті өсіруде ерен еңбектің үлгісін көрсеткен жан. Ыбырай Жақаевтың лайықты ізбасары 1958 жылы өз алдына күріш егіп, жоғары көрсеткішке ие болады. Қызылту колхозында ер азаматтармен бірдей иық тірестіре еңбек етіп, өз ерлігімен көзге түскен Заһира анамыз 1962 жылы СССР Жоғары Кеңесіне депутат болып сайланды. 1965 жылы Социалистік Еңбек Ері беріліп, «Алтын жұлдыз» бен «Ленин» ордені қоса тапсырылды. «Қазақ ССР-не еңбек сіңірген ауылшаруашылығы қызметкері» құрметті атағы берілді.
Шиелі ауданының әкімдігі