Приморьеден келген агроном
Биыл елімізге белгілі ауыл шаруашылығы өндірісін ұйымдастырушы, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері Хван Константин Васильевичтің өмірден өткеніне 10 жыл толды. Осыған орай, аудандық мәдениет үйінде шахматтан ардагерлер арасындағы еске алу турнирі өтті.
«Бала күнінде қазақ жеріне жер аударылып келген Хван Васильевич қазақ халқының оған жасаған жақсылығын ұмытпай, өз саласының үздігі бола білді. Еңбек жолын Шиелі ауданында агроном болып бастап, кеңшар директоры, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы, аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы секілді жолдардан өткен. Ол әрдайым өз ісіне жауапкершілікпен қарап, шаруашылықты дамытудың тың жолдарын іздеумен болды», деп естеліктерімен бөлісті келген қонақтар. Ал еске алуға арналған турнирдің шахмат түрінен өткізілу себебі Хван Васильевич спорттың осы түрін жақсы көріп, оны насихаттаған екен. Міне, осы себепті ардагерлер арасында турнир ұйымдастырылып, оған 20-дан астам ардагер қатысты.
Агрономның құрметіне қандай сый жасаса да жарасады. Себебі, ол тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап ауыл шаруашылығы өндірісін қалпына келтіру мақсатында «Авангард» совхозын басқарған және қысқа уақыт ішінде шаруашылықты аяғынан тік тұрғызған. Осылайша, ол бір кездері 30-дан астам Социалистік Еңбек Ері шыққан ауылдың даңқын шығарды. Ал, «Авангард-Шиелі» деп аталған агрокешен облыстың алдыңғы қатарлы шаруашылықтарының біріне айналды. Кейін көрші Бидайкөл ауылы тұрғындарының өтініші бойынша ол Бидайкөлдегі шаруашылықты басқарды. Осылайша, шарада екі бірдей шаруашылыққа басшылық еткен еңбек адамы жайлы естеліктер легі тарқатылды. Турнир соңында қонақтардың бірі оның елге жасаған еңбегін атап өтіп, құрметіне көше атын беруді ұсынды. Әрине еңбек адамының елге жасаған қызметі еленіп, атына көше беріліп жатса, ер есімі ел есінде мәңгі сақталмақ.
«Өскен өңір» ақпарат