Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ардагерлер арасындағы турнир

Ардагерлер арасындағы турнир

Бұрнағы күні Ұлы Отан Соғысы және Еңбек ардагері Әбілқасым Палымбетовты еске алуға арналған ардагерлер арасындағы дәстүрлі биллярдтан турнир өтті. Сайысты аудандық мәслихат хатшысы Болат Сыздықов ашты.
Небәрі 20 жасында Ұлы Отан соғысына аттанған Ә.Палымбетов 1922 жылы киелі Шиелі топырағында дүниеге келген. Төрт жыл бойы от пен оқтың арасында неміс фашистеріне қарсы соғысып, бірнеше қалаларды жаудан азат етуге қатысады. 1945 жылы ІІ топтағы мүгедек болып елге оралған ол, денсаулығындағы кінәратқа қарамастан еңбек майданына еніп кетеді. 1949-1963 жылдары аралығында партия, кеңес органдарында нұсқаушы, бөлім меңгерушісі болып, жоспарлау комитетінде абыройлы қызметтер атқарды. Көп жылдар бойы аудандық кеңес атқару комитетінің хатшысы болып жұмыс істейді. 1963-1965 жылдары аудандық тұтынушылар одағында кадрлар жөніндегі орынбасары қызметінде болады. 1965-1967 жылдары Ленин атындағы колхозда партия комитетінің хатшысы, ал 1967-1972 жылдары аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында зоотехник, одан кейін мал бордақылау совхозында бас зоотехник болып қызмет атқарды. 1972-1988 жылдары аралығында Шиелі жұмысшылар кооперациясының бастығы, аудандық есептеу орталығы бастығының орынбасары қызметтерін құрметті еңбек демалысына шыққанға дейін абыроймен атқарды.
Кез келген істі біліктілікпен адал, абыройлы атқара білген Ә.Палымбетов Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі мен шаруашылыққа сіңірген еңбегі үшін І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, Германияны азат ету жолындағы «Ерлігі үшін», сондай-ақ ІІІ дәрежелі «Даңқ» медальдарымен марапатталған. Ғибратты ғұмырымен, өнегелі ұрпағымен халықтың құрметіне бөленген Ә.Палымбетовты еске алуға арналған турнирге аудандағы ардагерлер де белсенділік танытты.

Г.Әбдіханиқызы
26 қараша 2019 ж. 768 0