Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел есінде қалған зоотехник

Ел есінде қалған зоотехник

Агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты ­дамуы және өндірілетін өнімдердің бәсекеге қабілеттілігі көп жағдайда өндірісті білікті кадрлармен қамтамасыз етуге тәуелді. Бүгінгі таңда бұл мәселе күрделі жағдайда қалып отыр. Себебі, соңғы жылдары агроөнеркәсіп саласына қызығатын жастардың саны кеміп барады. Сонау кеңестік заманда қой совхоздары құрылып, ірі қараның санын арттыру үшін білікті мамандар бел жазбай еңбек етті. Агро саланың алға жылжуы үшін шашына ақ түскенше бар ғұмырын арнаған маманның бірі, зоотехник болған Манатбек Көпжасаров болатын. Еңбегімен ел есінде қалған маманның ғұмырнамасын аз-кем толғап, ұрпақ жадына салғанды жөн көрдік.
Сұрапыл соғыстың оты тұтанып, әскерге жарамды ерлердің бәрі аттанып жатқан мезет еді. Яғни, 1942 жылдың наурыз айы болатын. Бүгін біз әңгімеге арқау еткелі отырған ­Манатбек Көпжасаров дәл осы жылы дүние есігін ашқан болатын. Небәрі 1 айлық құндақтағы сәби кезінде әкесі Көпжасар Спанов соғысқа аттанады. 4 жасар ағасы екеуін анасы Күлай Қадырқызы өсіріп, мектепке береді. 7 жылдық мектепте білім алған М.Көпжасаров Қазалы станциясындағы зооветеринарлық техникумның зоотехник бөліміне оқуға түседі. Балалық шағы отты күндермен қатар келген кейіпкеріміз қиыншылықтың небір кезеңдерінен өтеді. Содан болар, еңбекке етене араласып, жұмыстың ауыр мен жеңілін ажыратып жатпайтын, – дейді көзін көргендер.
Ең алғаш еңбек жолы 1965 жылы Абай совхозында зоотнехник болып өрбіген М.Көпжасаров 1968 жылы Амангелді совхозында жұмысын жалғайды. Осы жерде 5 жылға жуық табанды еңбек еткен жас маманның жұмысы көптің көңілінен шығады. Осылайша, 1973 жылы Авангард совхозына зоотехник маман болып жұмысқа орналасады. Алайда, 1972 жылы «Қарғалы» совхозының құрылуына байланысты 32 мыңнан аса қой, 350 бас жылқы жаңадан ашылған совхозға беріліп, Авангардта ірі қара фермасы ғана қалды. Біршама уақыт Авангардтағы тіршілікті тындырған зоотехник 1973 жылдың соңына таман Қарғалы совхозына ауысады. Енді ғана жұмысын бастаған совхоздың мал шаруашылығы саласындағы жұмыстарын бір жүйеге келтірген Манатбектің тәжірибесі жеткілікті еді. Табандай 10 жыл ферма басқарушысы болып табысты жұмыс істейді.
Білікті маманның еңбек өтілі мұнымен тоқтап қалмайды. 1981 жылы қайтадан Авангард совхозына оралып, №2 бриагаданың есепші-агрономы болды. Арада 3 жыл өткен соң аталған совхоздың құрылыс цехында қойма меңгерушісі қызметін 12 жыл абыроймен атқарды. 1995 жылдары №3 бригаданың есепші-агрономы атанды. Үздіксіз ізденіс пен тынымсыз еңбектің арқасында Ақмая Азаматтық Қорғаныс штабының басшысы қызметіне дейін көтерілді. 1997 жылы Ақмая өндірістік кооперативінің кәсіподақ комитеті қызметіне тағайындалса, одан кейінгі жылдары кадр бөлімінде жүріп, ауыл халқының қалауымен «Медиатор» болып сайланып, бейнеттің зейнетіне жетті.
«Адам еңбекте – алтын отта» танылады демекші, қарапайым еңбегімен ауылдастарының ғана емес, кезінде бүкіл ауданға, облысқа танымал болған тындырымды ісімен көптің мақтанышына айналып, құрметіне бөленген азаматтың аты Шиелі тарихының бір парағына жазылары сөзсіз. Уақыттың аласапыран кезінде дүние есігін ашқан М.Көпжасаров қиын кезеңдердің ащы-тұщысын көріп, ерте есейіп, өмірдің талабына сай еңбек еткен жан.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
08 қазан 2021 ж. 386 0