Топ-баннер
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Алғыс – адамдықтың асылы

Алғыс – адамдықтың асылы

Қазақ халқы қашанда кең пейілімен, дархан көңілімен дараланған. Ұлттың болмыс-бітімінде үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, жақсылықты бағалау секілді асыл қасиеттер терең тамыр жайған. Соның бірі – алғыс айту дәстүрі. Алғыс – жүректен шыққан шынайы ризашылықтың, адамдықтың айғағы.
1 наурыз – елімізде Алғыс айту күні ретінде аталып өтеді. Бұл күн – татулық пен бірлікті, өзара сыйластық пен мейірімділікті дәріптейтін мереке. Қиын-қыстау кезеңдерде қазақ жеріне қоныс аударған түрлі этнос өкіліне құшағын ашқан халқымыздың кеңдігін еске салып, ортақ тарихқа тағзым ететін тағылымды күн.
Биыл бұл мерекенің қасиетті Рамазан ­айымен қатар келуі де ерекше әсер сыйлайды. Рамазан – сабыр мен шүкіршіліктің, кешірім мен қайырымдылықтың айы. Бұл айда барлығымыз баласы жүрегін тазартып, мұқтажға қол ұшын созып, жасаған жақсылығына шүкір айтып, өзгеге ризашылық білдіруге ұмтыламыз. Алғыс айту күні мен Рамазанның үндестігі – рухани құндылықтардың тоғысуы іспетті.
Алғыс айту – адамды кішірейтпейді, керісінше биіктетеді. «Рақмет» деген бір ауыз сөз кейде шаршаған жанға күш-қуат беріп, үміт отын жағуы мүмкін. Дәрігерге дер кезінде көрсеткен көмегі үшін, ұстазға берген білімі үшін, ата-анаға тәрбиесі мен мейірімі үшін, қарапайым еңбек адамына адал еңбегі үшін алғыс білдіру – әрқайсымыздың азаматтық парызымыз.
Бүгінгі қоғамда алғыс айту мәдениетін қалыптастыру – рухани жаңғырудың бір көрінісі. Өйткені ризашылық бар жерде сыйластық бар, сыйластық бар жерде береке бар. Адамдар бір-бірінің еңбегін бағалап, жақсылығын көре білсе, қоғамда сенім мен ынтымақ нығая түседі.
Алғыс айту – тек мереке сәтінде емес, күнделікті өмір салтымызға айналуы тиіс құндылық. Жылы жүз, дер кезінде айтылған ризашылық, қолдау мен құрмет – мұның бәрі адамдықтың асыл белгілері.
Сондықтан Алғыс айту күні – өткенге тағзым, бүгінге шүкіршілік, ертеңге сенім білдіретін ерекше мереке. Қасиетті Рамазан айымен қатар келуі оның мәнін тереңдете түсіп, жүректерге мейірім мен ізгіліктің шуағын себеді. Жүректен шыққан әрбір жылы сөз – адам жанын жақындастыратын алтын көпір.
Алғыс айта білейік, алғыс ала білейік – өйткені алғыс шынымен де адамдықтың асылы.

Гүлхан ЯХИЯ
01 наурыз 2026 ж. 20 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№16 (9383)

28 ақпан 2026 ж.

№15 (9382)

24 ақпан 2026 ж.

№14 (9381)

21 ақпан 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031