Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » 1 НАУРЫЗ – АЛҒЫС АЙТУ КҮНІ

1 НАУРЫЗ – АЛҒЫС АЙТУ КҮНІ

Елімізде жыл сайын көктемнің алғашқы мерекесі – Алғыс айту күні аталып өтеді. Бұл күн – халқымыздың бірлігі мен ынтымағының айғағына айналған ерекше күн, ортақ тарихымыздың символын сипаттайтын мереке.
Тарихтан белгілі, Кеңес үкіметі кезеңінде қысылтаяң заманды басынан өткеріп, тағдыр тәлкегімен елімізге түрлі этнос өкілдері қоныс аударды. Бұл мереке сондай жандарға пана болып, кең құшағына сиғызған жасампаз қазақ халқына құрмет көрсетуге арналады. Атам заманнан кеңпейілдігімен, қонақжайлығымен даңқы тасыған қасиетті қазақ жері басқа түскен күрделі кезеңді еңсеріп, жер аударып келген мыңдаған жандарға құтты қоныс бола алды. Бүгінде Отанымыз миллиондаған адамдардың ұлттық ерекшелігін сақтап, бақытын табуына жол сілтеген мерейлі мекеніне айналған. Мұнда 130-ға жуық ұлт пен ұлыс ынтымақ пен бірлікте өмір сүріп жатыр. Ата заңымызда да дініне, тіліне, шыққан тегіне қарамастан, Қазақстанда мекен ететін барлық ұлттардың тең екені жазылған. Осының барлығы қазіргі таңда еліміздің азаматтары арасындағы достық қарым-қатынастың берік болмысына, өнегелі өлшеміне айналып отыр.
«Халықтың күші – бірлікте» дейді дана халқымыз. Бүгінгі ел арасындағы тыныштық пен татулық халқымыздың кеңпейілдігі мен өзге этнос өкілдерінің мемлекет құраушы ұлтқа деген шексіз құрметінің арқасында туып отыр. Сол себепті ішкі тұрақтылық пен татулықты сақтауда еліміздің әр азаматына артылатын жауапкершіліктің мол екенін ұмытпағанымыз абзал.
Биыл бұл мереке көптеген жақсылықтардың бастауын білдіретін, Жаратқанның пенделерінің ризық-несібесін молайтып, береке біткенді арттыратын қасиетті үш айдың бірі – шағбан айымен қатар келіп отыр. Мұсылманның иманы толысып, кемелденетін құлшылық айында тереземізді тең ұстап, ынтымағымызды нығайта түсуге амал жасау бәріміздің де көңілімізді кеңейтері анық. Бұл әрқайсымыздың міндетіміз болуға тиіс. Жалпыхалықтық мерекеге айналған Алғыс айту күнінің де негізгі мақсаты осы болса керек.

Таслима ӘЛІШЕР,
Абай атындағы ҚазҰПУ-дің 4-курс студенті
28 ақпан 2023 ж. 293 0

Қоғам

PDF нұсқалар мұрағаты

№34 (9198)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (9197)

27 сәуір 2024 ж.

№32 (9196)

23 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031