Алғыс айту – парызың
Алғыс айту күні – халқымыздың дәстүріне айналған мейірімділік және жанашырлық секілді асыл қасиеттерін күллі әлемге паш ететін күн. Бұл күні саяси қуғын-сүргін жылдарында жер аударылып, сағым қуған сайын далаға жеткен көптеген халықтардың көрген азабын жеңілдетуге, тартқан қорлығын сейілтуге үлес қосқан қазақ халқына алғыс айтылып, бүгінде тату-тәтті тіршілік кешіп жатқан 130-дан астам этнос өкілінің кең-байтақ еліміздегі бейбітшілік пен тыныштыққа шүкір етуімен дәріптеледі.
Бұл мереке 2016 жылдан бастап атап өтіліп келеді. Осы күнде адамдар бір-біріне, ата-аналарына, балаларына алғыс айтып, уақытын отбасымен және достарымен бірге өткізеді. Бір сөзбен айтқанда, алғыс айту күні – адамдардың бір-бірімен достық, туыстық, жағымды қарым-қатынас орнатуға бір қадам жасауы.
Бұл мереке 2016 жылдан бастап атап өтіліп келеді. Осы күнде адамдар бір-біріне, ата-аналарына, балаларына алғыс айтып, уақытын отбасымен және достарымен бірге өткізеді. Бір сөзбен айтқанда, алғыс айту күні – адамдардың бір-бірімен достық, туыстық, жағымды қарым-қатынас орнатуға бір қадам жасауы.
Қазақ атам заманнан кеңпейілдігімен, өр жомарттығымен аты шыққан дана халық. Қазақстан сонау зобалаң заман жылдарында тағдыр тәлкегіне ұшыраған талай ұлтты өз бауырына басып, өзім деп қабылдаған ел. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгенге дейін талай қиындықты бастан кешсе де, басына күн туған өзге ұлт өкілдеріне қамқор бола білді.
Тарихтың терең қойнауына зер салсақ, Қазақстанның осындай көпұлтты ел болып қалыптасуына өзге ұлт өкілдерінің қазақ топырағына жер аударылып келуі мен бейбіт халықтың Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Қазақстан жеріне көшірілуі себеп болды. 20 ғасырдың басында отарлау саясаты ерекше күшейген еді. Сол жылдары Қазақстан жеріне 4 миллионға жуық орыстан бөлек, украин, өзбек, қырғыз, белорус, балқар, шешендер мен ингуштар, 34 мыңнан астам поляк, 100 мыңнан астам кәрістер күштеп ұжымдастырылды.
Ұлы Отан соғысы да өзге ұлт өкілдерінің қазақ жеріне көшірілуіне, халық құрамының күрт өзгеруіне себеп болды. Бірақ Қазақстан одан жаман болмады. Әр қиындықтың артында, бір жақсылық жатады дегендей, бүгінде еліміз сан түрлі тілдер мен мәдениеттер тоғысқан көпұлтты мемлекетке айналды. Қазақстан діңгегі берік ел болды. Біз бір мемлекет астында 130-дан астам ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқан бірден-бір елміз. Қазақстанның әрбір азаматы оны мақтанышпен айта алады.
Облыс бойынша этнос өкілдері көп шоғырланған Шиелі ауданы, жалпы халық саны 84008 болса, оның 80597-сін қазақтар, 3411-ін өзге этнос өкілдері құрайды. Атап айтқанда, корейлер – 823, орыстар – 1800, шешендер – 47, татарлар – 76, өзбектер – 74, украиндер – 29, әзірбайжандар – 29, немістер – 24, башқұрттар – 10, яғни 18 ұлт өкілі тұрады. Ауданда этнос өкілдері бірлікте, тату-тәтті өмір сүруде. Олардың көпшілігі аудандағы кен орындарында, білім, денсаулық сақтау, спорт салаларында жұмыс істеп, аудан игілігі үшін еңбек етуде. Олар әр жыл сайын қазақ еліне, кең пейіліне алғыс білдіріп келеді.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні «Мәңгілік ел» құру жолында бұл мерекенің маңызы басым. Сана тұрғысынан саралар болсақ «Алғыс айту күні» қазақстандық патриотизмнің, бірлік пен достықтың жарасымды мерекесі. Тіпті түсі бөлек, мұраты егіз тоғыспалы мәдениетімізді паш ететін күн. Ер етігімен, ат ауыздығымен су кешкен қиын қыстау шақта бар ауыртпалықты бірге көтеріп, мемлекет басшысының жетекшілігімен Тәуелсіз Қазақстан құру жолында аянбай тер төккен ел азаматтарының бір-біріне құрмет көрсету күні. Бұл күн еліміздегі барлық этностың әрқайсысы өзінің қайталанбас ұлттық бояуы қанық сан алуан мәдениетін көрсетіп, оның елдік өркениет жолымен қанат жайып, дамып жатқанын, бірлігі бекем біртұтас ел құрудың заманауи келбетін қалыптастырып жатқан Қазақстанды әлемге таныта беретін күн.
Сымбат СҰЛТАН