Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Алғыс айту

Алғыс айту


Елімізде 1 наурыз Елбасы Жарлығымен «Алғыс айту күні» болып белгіленіп, 2016 жылдан бері мерекелене бастады. Бұл күні барлық адам керемет көңіл күйге бөленіп, бір-біріне алғыстарын бүкпесіз жау­­дырады. Тәуелсіздігіміз тұғырымызға бекіп, еліміз Егемендікке қол жеткізгеннен бері қай мемлекетпен болсын терезе теңестіріп, үзеңгі қағыстырып келеміз. Осыдан бес жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен бекіген мемлекеттік мереке аз уақыт ішінде бұқаралық сипат алып үлгерді.
Алғыс айту күні – тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этнос өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзымның белгісі. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді, бұл бүгінгі таңда еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды.
Иә, бұл күні Ұлы Дала кеңістігін ризашылық сезімі кернейді. Атамекеніміз Алаш жұртында тұрақтаған адамзат баласы бір-біріне алғыс жаудырып, зор құрметін білдіреді. Ілтипат көрсетіп, бір-бірінің ізгілігін оятады деген сөз.Бұл күні дүрбелеңі мол дәуірде өлкемізге қоныс аударып, біздің өнегелі жұртшылықпен бірге өсіп-өнген, шаттыққа бөленген, тамырынан қол үзбеген, ұлттық болмысынан айрылмаған өзге этнос өкілдері қазақ халқына риза пейілін ақжарма көңілмен еш бүкпесіз білдіреді. Қазақ өзге ұлттың өкілі деп өгейлік танытпады, керісінше даладай дархан көңілімен құшағын кеңге аша білді. Тілі басқа – тілегі бір, жүзі басқа – жүрегі бір жандардың бас­тарына қара бұлт үйірілген кезеңде пана болған Қазақ халқына жүздеген ұлт пен ұлыс өкілі достық ұғымын жүректеріне жөргектеп, қасиетке құндақтап алғаны байқалады.
Елбасы «Алғыс айту күні игі дәстүрге айналып, халқымыздың ең сүйікті мерекелерінің бірі боларына сенемін» деген еді. Осылайша әр жыл сайын өзге этнос өкілдері бір-бірін бауыр тартып, барынша сән-салтанатымен атап өтуді үрдіске айалдырған. Дана халықтың кең құшағы бүгінгі күні еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өлшемінеайналып үлгерді. Татулық пен ынтымақтың төбесі көрінгенде тұтастық пен елдіктің туы көтеріліп, бірлік орнайды. Адам баласының арасындағы азғантай ғана жақындастық, көңіл үлкен дүниелерге бастайтынын қазақ ертеден білген. Үлкен бір ұлыстағы ұлт пен ұлтты былай қойғанда, алғыс айту – әуелі адам мен адамның достық пейілінен туатын ілтипат. «Кімде-кім адамға алғыс айта алмаса, Алла Тағалаға шүкіршілік ете алмайды» деген хадис бар. Алғыс айту күні – қазақ халқының дархандығы мен даналығын көрсететін айтулы күн.

Шапағат Тілеубаев
01 наурыз 2021 ж. 1 411 0