Біз алғыс айтамыз!
Барлық ұлтқа бейбіт шаңырақтың астында өмір сүруге мүмкіндік беріп отырған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев – әрдайым алғысқа лайық тұлға. Алғыс айту күні – өткенімізге көз тастап, еліміздегі достықтың күшін нығайтуға үлкен мүмкіндік. Қазақ жатсынуды, бөлектеуді білмейді. Баршаның баласын бауырына басқан қазақтарға мың алғыс айтып, құтты мекенге айналған Қазақстанды ерекше жақсы көретінімді жеткізгім келеді.
Біз Қазақстанда оқып білім алдық, өмірден өзіміздің орнымызды таптық. Өзім 30 жылдан астам уақыт Ақмая ауылындағы фермада сауыншы болып еңбек еттім. Көршілерім де, араласатын жора-жолдастарым да барлығы қазақтар. Қуанышымызды бірге бөлісіп, қиналғанда қол ұшын созатын тұрғындары бар осындай берекелі ауылда өмір сүріп жатқаныма қуаныштымын.
Қазақ елі – ежелден еш нәрседен тайынбаған, ешкімге мойынсұнбаған ел. «Отан – қуат, отбасы – шуақ» дегендей, туған жеріміз Қазақстан бүгінде кеңестік одақ елдері арасында даму жағынан алдыңғы қатардан көрініп келеді. Еліміз қаншама ұлт өкілдеріне құт мекен болған арайлы өлке ретінде әлемде өзінің лайықты орнын алды.
Біз Қазақстанды мекендеген барлық халықтың достастығы мен төзіміне, сыйластығына да ризашылық білдіруіміз керек. Бүгінгі бірлік – бірге еңбек етіп, төккен теріміздің нәтижесі. Жылдан-жылға бірлігіміз нығая берсін! Алғыс айту күні – Елбасымен бірге тәуелсіз Қазақстанды құру жолында аянбай тер төккен еліміздің барлық азаматтарына алғысымды білдіріп, тағдыр тоғыстырған Қазақстанның көпэтносты халқының ортақ тарихын құрметтейтінімді айтқым келеді.
Светлана ПАНТЕЛЕЕВА,
удмурд ұлтының өкілі.
Бұл атаулы күнде – тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне қоныс аударған түрлі этностардың құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына тағзымымыз ерекше. Қиын заманда қазақтың панасында аман қалып, өніп, өстік. Сол үшін бүкіл қазақ халқына қарыздармыз.
Осылайша, жазықсыз жапа шеккендердің ұрпағы, мына біз осында өстік. 1973 жылы Баку қаласынан отбасымызбен көшіп келіп, Шиеліде өсіп, өніп, білім алдық. Әкем қазақ ағайындармен аралас-құралас тұрады. Отбасымызбен жеке кәсіпкер ретінде қызметтер атқарып келеміз. Бізді қазақ халқы ғана беделге кенелтіп, биікке ұмтылдырып жеткізді. Демек, Қазақстан – біздің Отанымыз, ортақ үйіміз. Ең бастысы, алдыңғы аға буынның көрген қиыншылығын, азабын біз көрмедік. Керісінше, оларға бұйырмаған бейбітшіліктің тәтті дәмін сезіндік. Депортация куәгерлерінің сөзін тыңдап, жастарды ұлт тарихын білуге, төзімділікке тәрбиелеудеміз. Оларды өңірімізде ырысты, ынтымақты тереңінен дәріптеп, ел игілігі үшін еңбектенуге шақырамыз.
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Патриотизм – кіндік каның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» деген болатын. Ендеше, біз қазақстандық болып туылған этнос өкілдері қазақ еліне шынайы пейілімізбен алғыс айта отырып, өңіріміздің, Отанымыздың одан әрі гүлденуі үшін өз үлесімізді қосып, ел бірлігі жолында аянбай еңбек ете береміз.
Алғыс айту күні – бізді бұрынғыдан да жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола бермек.
Карина Данелян,
армян ұлтының өкілі.