Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Біз алғыс айтамыз!

Біз алғыс айтамыз!


Соңғы төрт жылдан бері Елбасының көреген көшбасшылығы мен сарабдал саясатының арқасында мемлекетімізде тағы бір тағылымды мереке атап өтіледі. Ол – Алғыс айту күні. Бұл күні cонау аумалы-төкпелі заманда пейілі кең, дархан қазақ даласына табан тіреген өзге ұлт өкілдері қазақстандықтарға өздерінің ыстық ықыласы мен алғысын білдіреді. Бұл мерекенің біз үшін маңызы зор. Менің де қазақ халқына алғысым шексіз. Ата-анам 1944 жылы осы елге қоныс аударып келген. Әкем сол бір қиын-қыстау кезеңде қазақ халқы пана беріп, есігін айқара ашқанын үнемі айтып отыратын.
Өзім №252 Г.Ковтунов атындағы мектепте білім алдым. Кейіннен дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығын алып, өз салам бойынша жұмысқа орналастым. Бүгінгі таңда жарымыз екеуміз 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп отырмыз. Балаларым да өзім оқыған мектептің озат оқушылары. Екі ұлым таэквондодан үйірмеге қатысады. Дәл қазір тұңғыш балам Өскемен қаласында өтіп жатқан Қазақстан чемпионатында бақ сынауда. Мұның барлығы бейбітшіліктің, татулықтың арқасы деп білемін. Қазақ елінің патриоты ретінде болашақ ұрпақтың саналы, тәрбиелі болып, шынығып өсуіне үлесімді қосу мен үшін үлкен қуаныш.
Қазақтардың мейірімділігінің арқасында бүгінде елімізде қаншама ұлт тату-тәтті өмір сүруде. Бүгінгі бейбітшілік заманда өз халқымыздың тілін, салт-дәстүрін, мәдениетін ұмытпау, мемлекеттік тілді білу өте маңызды. Алайда, ең басты байлық – еліміздегі ұлттар арасындағы достық пен ынтымақ. Сондықтан, мен мемлекетімізде ешқандай алауыздық болмай, барлық ұлт өкілдері тату-тәтті, береке мен бірлікте өмір сүрсе деп тілеймін.

Рамзан Хазуев,
шешен ұлтының өкілі.






2016 жылдан бері қарай Алғыс айту күні аталып келеді. Бұл тәуелсіз еліміз үшін жақсы дәстүрге айналып, жылдан-жылға тойлану ауқымы артуда. Көктемнің алғашқы күнінде келетін бұл мереке көктемнің күніндей жаңарып, түрленіп бір-біріне достық пен бауырластық сыйлайтын мейрам. Тәуелсіз елдің ұрпағы ретінде кез келген ұлттар ризашылықтарын білдіріп, қазақ еліне, жеріне алғыс білдіреді.
Менің Шиеліде тұрып жатқаныма 18 жыл болды. Орыс ұлтының өкілімін. Ата-анам бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласында тұрған. Балалық шағым сонда өтті. Мүмкін ата-бабаларым осы Қазақстанда өмір сүріп, ұрпақтарын көбейтіп, өніп өскен шығар. Өзім отбасылық жағдайыма байланысты Шиеліге көшіп келдім. Отбасыммен осында тұрып, мектепте жұмыс жасап, болашақ ұрпақты тәрбиелеудеміз.
Әрбір отбасы шағын мемлекет секілді, онда сыйластық, сүйіспеншілік, бауырмалдық орнағанда ғана бірлік, татулық болады. Қуғын-сүргінге ұшыраған біздің бабаларымызға қазақ халқы үлкен мейірбандық танытты. Қорған болып, көп көмектесті. Сол үшін біз қазақ халқына дән ризамыз.
«Ел есінде бір жыл қалғың келсе – ас бер, он жыл қалғың келсе – ағаш отырғыз, ал мәңгі қалғың келсе – бала тәрбиеле» дейді шығыс даналығы. Егеменді еліміздің тірегі жастарға білім беріп, ұрпақ тәрбиелеуге атсалысып келемін. Үнемі оқушыларға туған елге, өмір сүріп жатқан жеріңе, ата-анаңа қамқорлық жасап, адал болыңдар деймін. Қандай зат алсаңдар да не істесеңдер де таза жүрекпен алғыс айтыңдар. Сонда ғана еліміздің бейбітшілігі баян­ды, мәңгі болады деп бағыт-бағдар беремін. Сондықтан, өзімнің жүрек қалауыммен таңдаған кәсібімді жақсы көремін. Еліме, кіндік қаным тамған туған жеріме деген ыстық ықылас шексіз.
Алғыс айту күні – бұл қазақстандықтардың бір-біріне деген ризашылық пен махаббаттың мерекесі. Сондықтан, әрқайсысымыз өз тарихымызды есте сақтап, оны мақтан етуіміз керек. Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Марина Филатова,
орыс ұлтының өкілі.























02 наурыз 2019 ж. 1 375 0