Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Рухыңды көтеріп, жігер сыйлайтын мереке

Рухыңды көтеріп, жігер сыйлайтын мереке



Баршамыз жақсы білетіндей, адам баласы басқа жаратылыс иелерінен ақылымен, ойлау қабілетімен ерекшеленеді. Бірақ, өзімізді қаншалықты мықты санағанымызбен, сезімталдық жағынан ақсап қалатынымыз бар. Болмашы нәрсеге өкпелеп, ренжісіп жататынымыз да жасырын емес. Осы тұста алғыс айтудың маңызы зор.

Алғыс алу – жаз бойы егістіктегі еңбегіңнің нәтижесін көргенмен бірдей. Адамның рухын көтеріп, жігерін қайрайды. Осының нәтижесінде жақсылық жасауға деген құштарлығын арттыра түсіп, қайырлы істердің молаюына сеп болады. Сол себепті, алғыс білдірудің маңызы өте зор. Сонымен қатар, ол – ағайынды табыстырып, бауырмалдықты арттыратын игі амал. Қазақта «Қарғыс алма, алғыс ал» деген сөздің түпкі төркіні осыдан шықса керек. «Ел алғысын алсаң, елеулісі боларсың» деп бабаларымыз алғыс алуды өсиет етуінің құпиясыда осы болар.
Бүгінгі күнге дейін қазақ халқы тағдырдың талай тепкісін көріп, қиын-қыстау уақыттарды бас­тан өткерді. Қанша қиналса да, қанында бар бауырмалдық қасиетін жоғалтпады. Қай уақыт болмасын, қолында барымен бөлісіп, табалдырық аттағанды қонақ деп сыйлады. Соның арқасында бүгінгі күні 100-ден астам этнос өкілдері мекен ететін киелі шаңырақ болды. Еліміз өзге елдер үшін бейбітшіліктің нышанына айналды.
Ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан бұл үрдіс бүгінде өз жалғасын табуда. Елбасы Н.Назарбаевтың 1 наурызды «Алғыс айту күні» деп жариялауы, осы үрдісті қайта жаңғыртқандай болды. Сол күннен бері бұл мереке ұлттар мен ұлыстар арасындағы татулықты бекіте түсті.
Көктемнің алғашқы таңы атқанда аталып өтетін бұл мереке республика, облыс, аудан көлемінде тойланып келеді. Биыл да, аудан, ауылдарда түрлі бастамалар қолға алынып, осы мерекенің маңыздылығы жан-жақты насихатталуда.
Ислам дінінде де бір-біріне алғыс айтудың маңыздылығына терең тоқталған тағылымды хадистер мен аяттар баршылық. Құрандағы Рахман сүресінің 60-аятында: «Сендерге жасалған жақсылыққа жақсылықпен жауап қайтарыңдар!» делінген. Демек, жақсылықтың қайтарымы да жақсылық болуы тиіс. Жағдайымыз көтермейтін болса, алғыс айтып, шынайы ниет білдіру де жақсылық жасау болып табылады.
Ардақты пайғамбарымыз хадистерінде «Адамдарға алғыс айта алмаған адам, Аллаға шүкір ете алмайды» деген. Бұл сөзде зор тағылым, ғибрат бар.
«Таспен ұрғанды, аспен ұр» демекші жақсылық жасағанға жүрегі жібімейтін жан жоқ шығар, сірә. Сондықтан, жақсылық жасаумен жарысайық. Алғысымызды білдіріп, жанымыздағыларға қуаныш сыйлайық.

Ерұлан ДАТКЕНОВ.
02 наурыз 2019 ж. 783 0