Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » СҮРЛЕНГЕН СҮР БОЙДАҚ, ЖҮР ЕКЕН КІМДІ ОЙЛАП?

СҮРЛЕНГЕН СҮР БОЙДАҚ, ЖҮР ЕКЕН КІМДІ ОЙЛАП?

Соңғы жылдары елімізде сүрбойдақтар мен кәрі қыздардың қатары күн санап көбейіп бара жатқаны жасырын емес. Қаншама тағдыр жалғыздан-жалғыз өз әлемінде өмір сүріп келеді. Шыны керек, бүгінгінің жігіті отбасын құруға, қызы тұрмысқа шығуға неге асықпайды? Себебі неде?

Отбасы – шағын мемлекет. Осы шағын мемлекетті құру, онда өмір сүру адамнан үлкен ептілікті, көрегенділікті, шыдамдылықты, жауапкершілікті талап етеді. Жаһандану заманында тұрмыстан бұрын жұмыс пен мансап жолында жүрген бойжеткендер мен бозбалалар көп. Айта беретін бір сылтау «нормальный қыз жоқ» десе, екінші жақ «нормальный жігіт жоқ» деп жалғастыра береді. Иә, адам мінсіз болмайды. Үйренісе келе екеудің бір-бірінен жасырып келген мінезі оқыс жағдайда шығып кетуі мүмкін. Мұндайда кешірім деген киеге кідіріңіз. Екі жастың ұстанымы екі түрлі болуы мүмкін. Алайда өмір заңдылықтарынан қашпай, бақытты ғұмыр кешуге ұмтылу қажет.
Мәселен, соңғы жүргізілген есепке сәйкес елімізде 25 жастан жоғары бойдақтар саны 3 миллионнан асып жығылады. Ал 14 пен 29 жас аралығындағы басы бос азаматтар саны 4 миллион 616 мың деген дерек бар. Оның ішінде 2 миллион 337 мыңы ерлер болса, 2 миллион 279 мыңы – қыздар. Бір сөзбен айтқанда, елімізде жұпсыз нәзік жандар үлесі 28,2 процентті құраған болса, серілік серуені бітпеген жігіттердің 39,6 проценті әлі бойдақ жүр деген сөз.
– Иә, соңғы жылдары бойдақтар саны сәт санап артып барады. Бұл әрине, қорқынышты. Қаншама тағдыр? Негізі бұл мәселеге психологиялық тұрғыдан келер болсақ, отыз-қырыққа келсе де шаңырақ көтермеудің басты себебі – отбасылық жауапкершіліктен қашу. Анығы, бұрынғы «үйленіп алсақ, бәрін бірге көреміз» деген стереотип өзгерген. Қазіргі таңда жастар арасында жауапкершілікті жалғыз өзі сезіну басым. Кейбір бойдақтардың отбасында ата-ана рөлдері дұрыс қалыптаспайды, содан да олардың біразы отбасылы болуға асықпайды. Тағы бір мәселе, соңғы жылдары гендерлік саясаттың да әсері басым. Қыздар ер-азаматтармен иық тіресіп, барлық жұмысты қатар атқарып жүргендіктен де, өздерін олармен тең ұстайды. «Өзім би, өзім қожа» – бұл феминистік көзқараста жүрген қыздардың талабы. Феминизмді жақтайтын қыздар өздерін ер азаматармен тең құқылымыз, бәрін өзіміз жасай аламыз деген ұстанымда болады. Ал қазақ отбасында ер-азаматтың мысы басым тұрмайтын ба еді? Қазіргі жігіттердің бойынан сондай қасиет табыла ма? Ал тұрмысымды түзеп аламын деп, отбасын құрмау, өкінішке қарай, ең көп кездесетін жайттардың бірі. Сондай-ақ, қазір салыстыру да көп, шамасы жетпесе де, дүркіретіп той жасау сәнге айналды, үйленгісі келетіндердің кейбірі осындай тойға шашатын қаражаты болмаған соң отбасын құруға талпынбайды, – дейді «Шанс» әлеуметтік-құқықтық-психологиялық орталығының психологы Жайсаң ­Ибадуллаева.
Бүгінде шаңырақ көтеретін жасқа жеткен қыз-жігіттердің барлығының «үйлену тақырыбына» келгенде айтар уәждері бір. Соғыс пен ашаршылық жылдары да ата-әжелеріміз отбасын құрып, шаңырақ көтеріп, ұрпақ сабақтастығын қалыптастырды емес пе? Ал жастардың жұптасып өмір сүруге ықыласы болмауы – әлеуметтік мәселелердің салдарынан емес, жастық эгоизм болуы да бек мүмкін. Алайда жастық эгоизмнің 30-40 жаста да кездесіп, «қартайып» бара жатқаны алаңдатпай қоймасы анық.
Қай жаста отау құрсақ та, бастысы береке мен бірліктің ұйытқысын бір жерге жинаған үлгілі отбасы атану басты мақсат болса екен. Той-томалақта жастарға «Бір жастықта қартайыңдар» деп тілек білдіріп жатады. Сол тілектің ақиқатқа айналуына ер де, әйел де бірдей атсалысса қанша жаста үйленіп, отау құрғаны маңызды емес сияқты.

Дархан Байтілес
01 ақпан 2023 ж. 276 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№38 (9202)

14 мамыр 2024 ж.

№37 (9201)

10 мамыр 2024 ж.

№36 (9200)

06 мамыр 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031