Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚЫЗ МҰРАТЫ КЕТУ ЕМЕС ПЕ?

ҚЫЗ МҰРАТЫ КЕТУ ЕМЕС ПЕ?

Жасыратыны жоқ. Қазіргі таңда тұрмыс құруға асықпайтын бикештер саны күн сайын көбеймесе, азаймай тұр. Әйтсе де мұндай қыздар көзін ашып-жұмғанша қалай кәрі қыз атанғанын білмей қалады. «Кәрі қыз» десем, біраз шамына тиіп кетермін. Сондықтан «оң босағада отырған қыз» деп жұмсақ жеткізейін. Бірақ қалай айтсақ та, әңгіме тұрмыс құрмаған қыздар жөнінде болғандықтан, мәселеге көшейін…
Қазіргі таңда көптеген қыздар мансап жолында жүріп, жеке өміріне көңіл бөлуге уақыт таппай жатады. Сондықтан болар, көпшілігі отызға таяғанда отбасын құрып, балалы болып жатса, енді біреулері әлі күнге дейін сәттілік сағатын күтуде. Тіпті кейбірі тұрмыс құруға асықпайды. Расымен, Отанымызда оң босағада отырып қалған қыздар жыл өткен сайын көбейіп барады. Статистикалық деректерге сенсек, бүгінде түндігі желбіремей отырып қалған қыздардың саны 400 мыңнан асып жығылады екен. Тұрмысы түзу, жақсы атаулы қасиеттің барлығын бойына сіңірген ер жігітті кездестіріп, сонымен бірге өз бақытын құрғысы келеді бүгінгі бұрымдылар. Алайда қызмет құрығына түсіп, бір белестен екіншісіне өтіп жүрген нәзік жандыларымыз уақыттың шексіз емес екендігін естен шығарып жүрген сыңайлы. Өз бабын өздері жасап жүрген қыздардың дені «жаман аттан жайдағым, жаман байдан бойдағым» дегенді алға тартады. Тіпті олар көзді жұмып, көрінгеннің етегінен ұстағымыз келмейді дейді.
Қазақ қыздарының дені қияға қонуға неге асықпайды? Себебі оқыған-тоқыған бойжеткендер оқуын бітірген соң, өзі қалаған мансапқа қол жеткізгісі келеді. Бірі ата-анама көмектесемін деп қолғабыс етсе, енді бірі армандаған жұмысын істеп, калаған темір тұлпарын сатып алу жолында барын салады. Ал келесісі қолдың кірін уақытша екенін ұмытып, қу дүниенің соңынан қуамын деп әбден әбігерге түседі. Осылайша жұмыс істейді, үй сатып алады, қымбат көлігін тізгіндейді. Не керек? Арманы шындыққа айналады. Алайда арманын орындаймын деп жүріп біраз қыз өз бақытынан кешігіп, орта жасқа қалай келіп қалғанын байқамайды. Мансап жолында барлығына қол жеткізген қыз қырыққа келгенде қылық шығарып, құстай ұшып кеткісі келеді өз мекеніне. Әрине, барлығы бақытты болуға лайық. Бірақ «әттеген-ай» деп қалатын тұстары көп болады кәрі қыздардың. Өйткені қазақта «елудегі жігіт қыз алады, елудегі қызды кім алады?» деген мәтел барын естен шығармасақ, айтпағымның астарын өзіңіз түсініп аларсыз. Рас-ақ! Еркек атаулы сексенге келсе де, 18 жастағы бойжеткенді жар етіп алғысы келіп тұрады. Ал кәрі қыздар карьера қуамын деп жүріп жүрегін ұсынып, қолын сұраған жігіттерден теріс айналады. Сонан соң жасы келгенде, «қолымды мезгілінен кеш сермедім» деп, бармақ тістегеннің көкесін көреді. Хош. Әркім өзі біледі. Кім қанша жаста тұрмысқа шықса да, тағдырдан асып ешқайда кете алмаймыз. Сонда да бар кінәні тағдырға жаба салу дұрыс емес. Әрекет жасасаң, Құдай берекетін береді.
Оң босағада отырған қыздар қартайса, халық саны ортаятыны рас. Қыз мұраты кету емес пе? Ендеше жат жұрттыққа жаралған бұрымдыларымыз жарастықпен жұбын тапса дейміз…

Ақынжүрек Серікқызы
23 желтоқсан 2022 ж. 886 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930