Нанның қадірін тоқшылықта ұмытпайық
Таңғы самалмен бірге ауыл үстіне жаңа піскен нанның жұпар иісі тарады. Наубайханадан шыққан ыстық бөлкелердің буы бұрқырап, дүкен сөрелеріне тізіліп жатты. Бірі нанның жұмсағын таңдап, бірі қытырлақ қабығына қызығып, қалағанын дорбасына салып әлек. Қазір нан сатып алу біз үшін күнделікті үйреншікті әрекетке айналған. Ал осы бір қарапайым көріністің ар жағында қаншама еңбек, қаншама тарих, қаншама көз жасы жатқанын екінің бірі ойлай бермейді.Қазақ әдебиетінде нанның қасиетін, аштықтың адам жанына салған жарасын суреттеген шығармалар аз емес. Солардың бірі – Шерхан Мұртазаның «Интернат наны» әңгімесі. Жазушы соғыстан кейінгі жоқшылықты бастан кешкен интернат балаларының өмірін суреттей отырып, бір тілім нанның адам үшін қаншалықты қымбат екенін сезіндіреді. Ашқұрсақ балалардың ойы мен арманы нанға байланған сол кезеңде тоқшылыққа үйренген адамның түсіне де кірмейтін сағыныш бар еді. Ауылдан келген таба нанды ешкімге көрсетпей, көрпе астында тығылып жейтін Әлтайдың әрекеті – аштықтың ғана емес, бала көңілдің нанға деген шексіз ынтызарлығының көрінісі.
Осы шығарманың тағылымы жүрекке ерекше әсер етеді. Өйткені бала үшін таба нан жай ғана тағам емес, туған үйдің жылуы, ананың алақаны, ауылдың иісі, сағыныштың дәмі еді. Қара нанның бір үзігіне сыйған осыншама сезімді жазушы қарапайым оқиға арқылы ұғындырады. Көз алдыңа интернаттағы баланың жүдеу жүзі елестейді. Ол нанды жегенде тек қарнын тойдырмайды, жүрегіндегі сағынышын да басқандай болады.
Ал халқымыздың басынан өткен 1931-1933 жылдардағы алапат ашаршылықты еске алсақ, нанның қадірі тіпті тереңдей түседі. Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» романында осы нәубетті кезеңнің қайғы-қасіреті, елдің босуы, отбасылардың күйреуі, аштықтан әлсіреген жандардың жан азабы кеңінен суреттеледі. Бұл шығарма тұтас халықтың жүрегінде қалған жараны бейнелейді.
Сол зұлмат жылдарда бір үзім нанның өзі өмір мен өлімнің арасындағы үмітке айналды. Кеше ғана кең даласында төрт түлігін өргізіп, ақ дастарқанын жайған елдің берекесі қашты. Қора босап, қазан суыды. Ана баласына ас таба алмай, әке отбасын аман алып қалудың амалын іздеді. Аштық адамның тәнімен қатар жанын да қажытты. Кеше ғана молшылықтың ортасында отырған жұрттың бір үзім дәнге зар болуы – тарихтың ең ащы сабақтарының бірі.
Сол жылдарды көз алдымызға елестетсек, шаңырақ астында үнсіз отырған ананы көреміз. Қолында баласына ұсынар ештеңесі жоқ. Жүзі солғын, көзі есік жақта. Бала болса анасының жүзіне үмітпен қарайды. «Қарның ашты ма?» деген сұрақтың өзі жауапсыз қалады. Өйткені ананың жүрегі баласының аштығын өзінен бұрын сезеді. Бір үзім нан табылса, соны баласының аузына тосар еді. Бірақ сол бір үзім нанның өзі табылмайтын заман туған.
Тарихтың осындай қаралы беттерін оқығанда, бүгінгі дастарқанымызға басқаша қарай бастаймыз. Қолымыздағы нанның әр түйіріне дейін қаншама жол жүріп келгенін ойлаймыз. Алдымен жер жыртқан диқанның еңбегі, содан кейін дән сепкен шаруаның маңдай тері, егін орағының машақаты, диірменнің тынымсыз жұмысы, наубайшының таңғы еңбегі бар. Нан өздігінен пайда болмайды. Оның әр үгіндісінің артында табиғаттың несібесі мен адамның маңдай тері жатыр.
Бірде әжем дастарқан үстіндегі нанның үгіндісін алақанына жинап отырған еді. Мен оған таңырқай қарап:
— Әже, осынша кішкентай үгіндіні де тастамайсыз ба? – деп сұрадым.
Әжем қолындағы үгіндіге бір сәт үнсіз қарады да:
— Қарағым, нанның кішісі болмайды. Бір үзім нанға жете алмай кеткен адамдарды ойла. Біз бүгін тоқпыз деп, ертеңгі несібемізді бағаламауға болмайды. Нанның қадірін білу – еңбектің қадірін білу, – деді.
Сол сөз көңілімде қалып қойды. Расында, нанды қадірлеу тек дастарқан басындағы әдеппен шектелмейді екен. Ол – өткен тарихты ұмытпау, адам еңбегін құрметтеу, барға қанағат ету. Бүгінде нанды қажетімізден артық сатып алып, артығын қоқысқа тастайтын кездеріміз кездеседі. Біреулер нанның жұмсағын таңдап, қабығын қалдырады. Енді біреулер тәтті торттарды туған күн иесінің бетіне лақытырып, аяқ асты етеді. Ал нанға зәру болған жандардың тағдыры туралы оқыған сәтте ғана бойымызды өкініш билейді. Неге біз молшылықты ысырап етуге берілген мүмкіндік деп түсінеміз? Неге күнделікті көз алдымызда тұрған берекенің бағасын кейде ұмытып кетеміз? Сіздерді де осы ой мазалай ма?
Г.Әбдіханиқызы







