Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » НАННЫҢ ҚАДІРІНЕ КІМ ЖЕТЕДІ?

НАННЫҢ ҚАДІРІНЕ КІМ ЖЕТЕДІ?

Естеріңізде ме, алғаш балабақшаға немесе мектепке барғанда ұстаздарымыз «Нан қоқымын шашпаңдар, жерде жатса, баспаңдар» деп үйретуші еді ғой. Міне, содан бері нан қиқымын көре қалсақ, аяқ-асты етпей, жинап алатынбыз. Бала күнімде, атам «нанның ұсағын жесеңдер бай боласыңдар» деп жиі айтып отыратын. Қолы босай қалса, баяғының әңгімелерін айтып беретін. Себебі, ол сұрапыл соғыс жылдарында өмірге келген. Ол кездердің қиын-қыстау уақыт екені баршасына мәлім. Атам «біз таңертең ерте тұрып, нан мен сүт алуға кезекке тұратынбыз.Ерте барсақ, жолымыз болып үйге нан арқалап келеміз. Ал, егер үлгермесек, сол күні аш қаламыз. Сендердікі мамыражай заман. Тіпті, бүгінгілердің дені қара нанның қадірін білмейді. Оларды бір күнге біздің заманымызға апаруға мүмкіндік болса ғой. Сонда қолындағы барға шүкіршілік етіп, астамшылық жасамайтын еді» дейтін. Сөзінің жаны бар.
Нанның қадірін ұғындырған шығармалар жетерлік. Солардың бірі – Шерхан Мұртазаның «Интернат наны». Бір тілім нанды талғажау еткен ашқұрсақ баланың түсіне нан кірмеуші ме еді? Тәтті түске тойып оянған бала арқылы нан қадірін түсіндірген жазушы интернаттың бір тілім қара наны сол балаларды биік дәрежеге жеткізгенін, бір тілім нанға алғыс білдіріп, аяқтайды. Жүрекке жылы, нан қадірін тағы бір ұғындыратын әңгіме.
Бүгінде іздегеннің бәрі алдыңда. «Бал да бар, нан да бар. Керек болса, таңдап ал». Иә, керек болса, таңдап ал. Тіпті, қазір нанның түрі көп. Дүкен сөрелерінен олардың жеті атасын табуға болады. Таба нан, қара нан, дөңкелек нан деп кете береді. Тіпті, өзіңізге қажет пішінін де сатып ала аласыз. Мұның бәрін дамыған технология дерсіз. Заман талабына сай нанның өзі түрленіп жатыр. Бұл қуантарлық дүние, әлбетте.«Бояушы, бояушы дегенге сақалын бояпты» дегендей, қазір той дастарханында нанмен безендіруден алдына жан салмайтын жағдайға жетті. Наннан құмыра, наннан киіз үй, тіпті, қадірлі қонағының алдына тартатын қойдың басын нанмен қаптау сәнге айналғанын көргенде еріксіз бас шайқайсың. Ал, сол безендірулер тойдан кейін жемге тасталатынына еш күмән жоқ. Бірақ, бүгінгі күні нанның түрі мен түсін танығанымен, оның қадір-қасиетін, киесі мен құнын біле алмай жататынымыз өкінішті-ақ. Сөзім дәйекті болуы үшін, дәлел келтіре кетейін.
Бірсігүні. Әдеттегідей ұйқымнан ертерек тұрып, күнделікті тіршіліктің қамына кірістім. Үй жинадым, аула тазаладым. Барлық жұмыстарымды аяқтаған соң, жиналған қоқыстарды көшенің іргесінде орналасқан қоқыс жәшігіне апармақ болдым. Жаңағы жерге жақындай бергенімде, көгерген нанның иісі мұрныма келе бастады. Әуелгіде ештеңеге мән бермегеніммен, маңайына жолаған сайын сасық иістің шығып жатқанын бірден аңғардым. Айтқаным айдай келді. Қателеспеппін. Темір жәшіктің ішіне ақырын көз жүгіртсем, іші толған нан екен. Нан болғанда да, қара нан емес. Дүкенде сатылатын сырты қапталған нан. Оған құжынаған шыбындар үймелеп, ішін құрт пен құмырсқа жайлап алған. Шамамен бұл жәшіктің ішінде бір апта бойы тұрып қалған-ау. Иә, ит пен мысыққа беруге, иә малға турап тастауға келмейді. Обал-ай. Айғақ ретінде, осы бір көріністі суретке түсіріп алдым. Біреуге күйе жағу ойымда жоқ. Менікі, осы бір оқиға басқаларға сабақ болсын деген ой.
Өздеріңіз білетіндей, еліміздегі біршама өңірде нан бағасы аспандап тұр. Нарықтағы баға 80 теңгеден басталса, кейбір өңірлерде бұл баға 180 теңгеге дейін барады. Демек, бұл былтырғыға қарағанда, бидай мен ұн бағасының көтерілгенінің белгісі. Расымен, жыл сайын наның бағасы көтерілмесе, түскен жоқ. Бірақ, нан бағасы өссе де, оның қадірін ұғынып жатқандар аз. Әтеген-ай...
«Алты жыл аш жүрсең де, ата салтыңды ұмытпа» деген текті қазақтың ұрпағымыз. Қашан да үлкеннің ғибратын құлаққа ілеміз. Олай болса, нанға зар болғандар мен нантепкі жасап жүргендердің «тірлігін» жұрт болып жұмылып айта алсақ, қане. «Нан қалдығын енді қайда тас­таймыз?» дейтіндер де табылар. Көбіне мұрты бұзылмаған тоқаштар көгеріп, үлкен дүкендер мен мейрамханалардан шығады. Мүмкін нан қалдығын жинап, фермермен келісімге келіп, соларға берсе, қасиетті нан қара жерде жатпас па еді. Нан қадірі – жан қадірінен кем емес дегенді әр азамат түсінсе, кіндігінен тараған ұл-қызына ұқтырса, иманды іске ұйытқы болар ма еді.

Сымбат Сұлтан
15 қазан 2021 ж. 609 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930