Қиқым
Ауылда туып, сонда өстік. Елдің соғыстан кейін тұрмысы енді оңала бастаған кез. Ойыннан басқа ештеңе ойламайтын ойсыз балалық шақ. Тамағымыз – бір түйір, бір үзім нан. Есілдертіміз – дала. Атамыз бен әжеміз де: «Мә, мына нанды жеп ал да, далаға барып ойна», – дейді. Содан қасқарая келеміз. Үйде отырсақ тамақ сұрайды дейтін болуы керек, әйтеуір, бізді онша іздемейтін. Ал бізге нан болса болды. Әжеміздің табаға жапқан таба наны мен қазанжаппай наны ұзақ күнге қарынымызды тоқ ететін. Үйде қазіргідей кіріп-шығып жейтін ас көп болмайтын.
Түскі шәйда, кешкі тамақта күтетініміз бидайдың қара наны немесе жүгерінің аппақ наны болушы еді. Орыстың бөлке наны ауылға кейіннен келді ғой. Атамызды әке, әжемізді апа деп өскен, кемпір-шалдың тәрбиесін алған бала едік. Отбасымыз көп жанды болғандықтан, күніне екі таба нан әзер жететін. Дастарқан басында кейде әкем шаппасымен нан тураса, апам қолымен сындырып тастайтын. Сөйтіп отырып: «Қолмен турасаң, нанның қиқымы аз түседі, пышақпен нан көп үгітіледі, нанның қиқымын тастауға болмайды, обал болады», – деп шүберек дастарқанның үстіндегі нанның қиқымын қолымен сыпырып алып, аузына қағып отыратын.
Ол кісілердің нанның қиқымын қымбат санап, қадірлеп, қастер тұтуы – бізге де тәрбиенің үлкен сабағы болып қалды. Жерде нан жатса, жоғары қойып, қиқымын теріп алып, аяқпен баспауға тырыстық. Бүгінде жүрегімізден Алла сөзі кетпейтін жасқа да жеттік. Алланың адамзатқа берген асының ең үлкені, дәмді, тәттісі де осы нан шығар деп ойлаймын. Дастарқанның батасы да: «Иманның байлығын берсін», – деп басталып жатады. Нан – дастарханның көл-көсір байлығы. Нансыз оны елестету мүмкін емес. Біз сұйық тағамның барлығына нан қосып ішеміз. Табақ-табақ ет жеп отырып, еттің қамырын нанмен жейтіндер қаншама?! Нан калориясының күштілігі сол, нанды көп жеген адамдар семіріп кетіп те жатыр. Жаны ауырған адам Аллаға жалбарынса, қарыны ашқан бала нан жеймін деп жылайды. Осы жерде табиғи сәйкестік те бар секілді. Алла да, нан да киелі ұғым. Алла сөзін теріс не оң оқысаңыз да еш өзгермейді, нан сөзі де солай. Былай айтсаңыз да, олай айтсаңыз да нан. Киелі сөздер емес деп көріңіз. Кешегі қолдан жасалған ашаршылық жылдары қазақ халқы бір үзім нанға зар болып, қырылып, аман қалғаны Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Түркия елдеріне дейін қашып барып, жан сақтаған жоқ па? «Нанды баспа, қиқымын шашпа» деп айтып кеткендер де осынау нәубеттен аман қалған, жұт пен қырғынды көзбен көрген ата-бабамыз болса керек. Біреу тойып секіреді дегендей, кейін «Нан болса, ән болады» дегізіп, қазақтың ен, тың даласын соқамен жыртып, айдатып тастаған, тыныш жатқан байтақ даланың быт-шытын шығарған бас хатшының атынан айтқызып, Алланың алдында әбігер болғанымыз да есте. Нанның қадірін бірі білсе, қазақ халқы білген. Бір үзім нан үшін дүниені кезіп, туған жерін тастап, өзге елге ауып, безіп кеткен ұлтқа бұдан асқан қорлық бар ма? Енді тәуелсіз, егеменді ел болдық. Нанымыз молайып, әніміз де шарықтай түсті. Турасы, не нәрсе көбейсе, сол заттың қадірі кетеді. Бүгінгі ұрпақ нанға тәуелді емес. Нанды таңдап жейді. Жесін. Бірақ, бір тістеп, ұнамаса сол жерге тастай салу, кез келген тұсқа лақтырып жіберу – түк те емес. Обал-сауаптан жұрдаймыз десек, барлығымызға тиеді. Нанға құрмет, өз-өзіңе деген, тауып беріп отырған ата-анаға, елге, мемлекетке құрмет деп түсінуге тиіспіз. Бірде қолдарындағы бөлке наннан сындырып алып, бір-бірімен кесекше атысып тұрған екі балаға ескерту жасап: «Не істеп тұрсыңдар, енді нанды ойыншыққа айналдырдыңдар ма?» – деп ұрысқан болатынмын. Сол кезде беттері бүлк етпестен: «Көке, біздің сатып алған нанымызда жұмысыңыз болмасын», – деуі мені пышақсыз бауыздағандай болды. Соқталдай екі бала жүгіріп, бір-бірін қуалап кете барды. Сонда біздегі ұрпақтар сабақтастығы жойыла бастағаны ма? Әлде бұл балабақшаның болмысы мектептің мінезі немесе баласына жөнді тәрбие бермеген ата-ананың соры ма? Әжелеріміз нанның қиқымын теріп, үлгі болып жүргенде болашағымыз санаған бұл балалардың мына тірлігі тіпті сорақылық емес пе?
Қазір ауданда наубайхана да жетерлік. Кент орталығының кез келген жерінен өзбек ағайынның ыстық тандыр нанын таба аласыз. Нан өнімін тұтынатын өзіміздің аудан тұрғындары. Осы тұста ескеретін бір жайт бар. Ол нан көлемінің күннен күнге кішірейіп, салмағының азайып бара жатқандығы. Ертегідегі батыр күн сайын өсіп жатса, біздің кей наубайханадан шығатын бөлке нанның көлемі кішірейіп бара жатқандай. Нанның белгіленген өлшемі бар шығар, наубайхана иесі жөнсіздікке жол берсе, нанның салмағын азайтып, одан пайда көріп жатса, халықты алдай соқса, оның жауапкершілігіне қарайтын тиісті орындар бар екенін де естен шығаруға болмас. Лайым дастархан наннан үзілмесін, оның бір түйір қиқымы жерге түспесін, аяқасты болмасын. Өйткені, нан – киелі ас. Аспен еш уақытта ойнауға болмайды.
Өркен ИСМАИЛ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі