Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Атомның екінші тағдыры: Семейдің сабағын болашаққа жалғап келеді

Атомның екінші тағдыры: Семейдің сабағын болашаққа жалғап келеді

Семей полигоны – Қазақстанның ХХ ғасырдағы ең қасіретті кезеңі. 1949 жылдан бастап қазақ даласында ядролық қарудың сан түрлі сынақтары жүргізілді. Жер дүр сілкінді. Аспанға отты көк түтін саңырауқұлақтай көтерілді. Ауа ластанды. Табиғат теңдігін жоғалтты. Су уға айналды. Ең өкініштісі – халық басына үйірілген қара бұлт болды. Радиацияның әсерінен түрлі аурулар көбейіп, кемістігі бар сәбилер дүниеге келді. Тарихи деректерге үңілсек шамамен 1,5 миллион адам ядролық сынақтардың зардабын тартты. Семей полигонының зардабы бір ғана отбасының емес, бүкіл халықтың қайғы-қасіретіне айналды.
Себебі біздің ел атомды алғаш рет бейбіт ғылымның символы ретінде емес, жерді дір еткізген жарылыстар арқылы таныды. Қырық жылға жуық уақыт ішінде 456 ядролық сынақ жасалды. Қазақстан халықтың тағдырына таңба салған ядролық қарудан бас тартып, 1991 жылдың 29 тамызында Семей полигоны жабылды.
Бірақ тарих мұнымен аяқталған жоқ. Өйткені атомды жою мен атомды түсінудің арасында үлкен айырмашылық бар. Қара жер үнсіз қалғанымен, ғылым тоқтамауы керек. Керісінше, кеше қауіп әкелген технологияның табиғатын терең зерттеу, оның бейбіт мүмкіндігін игеру және ең бастысы, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру қажет. Бүгінде осы міндеттің салмағын Курчатовтағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы көтеріп келеді.
1992 жылы құрылған ҚР ҰЯО-ның негізгі ­миссиясы – Қазақстан Үкіметінің атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саясатын ғылыми-техникалық тұрғыдан қолдау екені айқын. Орталықтың стратегиялық бағыттарына атом энергетикасын дамыту, басқарылатын термоядролық синтез технологияларын зерттеу, радиациялық қауіпсіздік пен экология мәселелерін зерделеу жатады. Біз тізбектеп шыққан міндеттер жай ғана ғылыми мекеменің жұмысы емес. Бұл – Қазақстанның атомға деген көзқарасының өзгергенінің белгісі. Себебі кеше атом қарудың өзегінде тұрса, бүгін ол зертхананың төрінде тұр. Бір кездері оның қуаты адамды қорқытса, енді сол қуатты адамзаттың қажетіне жарату жолы зерттеліп жатыр. Алайда бейбіт атом туралы айту оңай, оның қауіпсіздігін дәлелдеу қиын.
Атом энергетикасына қатысты қоғамдағы кез келген пікірталастың түбінде бір сұрақ жатады. Ол «қауіпсіздікке кім кепіл?». Жөн-ақ. Ғалымның міндеті – «қауіп жоқ» деп жұбататын сөзден бұрын қауіптің қайдан туатынын анықтау, оны өлшеу, модельдеу, тәжірибеде тексеру және басқарудың жолын табу деп білеміз. Ал Ұлттық ядролық орталықтың ғылыми инфрақұрылымы осы міндеттерді шешуге бағытталған. Мұнда зерттеу реакторлары мен тәжірибелік қондырғыларда ядролық энергетикаға қажетті материалдардың қасиеттері, реакторлық процестер және төтенше жағдайлар кезіндегі физикалық құбылыстар зерттеледі. Мұндай жұмыстың нәтижесі газет бетінде бірден байқалмауы мүмкін. Бірақ атом энергетикасының болашағы дәл осындай көзге көрінбейтін есептерден құралады. Ядролық салада бір қателіктің құны тым қымбат. Сондықтан мұнда болжамнан гөрі дәлдік, ұраннан гөрі эксперимент маңызды.
Қазақстан атом энергетикасының бүгінін ғана емес, ертеңін де зерттеп отыр. Оның бір дәлелі – Курчатовтағы Қазақстандық материалтану токамагы, КТМ. Термоядролық синтезді кейде адамзаттың «болашақ энергиясы» деп атайды. Бірақ болашаққа жету үшін алдымен плазманы басқару, материалдардың экстремалды жағдайға төзімділігін тексеру, орасан зор жылу ағындарымен жұмыс істеу сияқты күрделі ғылыми мәселелер шешілуі тиіс. КТМ-нің маңызы осында. Бұл қондырғы Қазақстанға термоядролық энергетикаға қажетті материалдар мен ­технологияларды зерттеуге мүмкіндік береді. Ал бұл бағыт енді тек ұлттық шеңберде қалып отырған жоқ.
2026 жылғы 3 шілдеде Қазақстан Халықаралық энергетикалық агенттіктің токамактар жөніндегі технологиялық ынтымақтастық бағдарламасына қосылды. Яғни Қазақстан атынан осы бағдарламаға ҚР ҰЯО өкілдік етеді. Бұл қадам қазақстандық ғалымдарға халықаралық ғылыми орталықтармен бірлескен зерттеулер жүргізуге, ғылыми-техникалық ақпарат алмасуға және КТМ мүмкіндігін халықаралық жобаларда кеңірек пайдалануға жол ашатын болады. Ал 2026 жылғы қыркүйекте Венада өткен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің Бас конференциясы аясында ҚР ҰЯО мен ITER ұйымы басқарылатын термоядролық синтез саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселесін талқылады. ҚР ҰЯО мәліметінше, Қазақстанның КТМ қондырғысында плазмалық разрядтың жобалық параметрлеріне омикалық режимде қол жеткізіліп, плазманы қосымша қыздыру жүйесін іске қосу жұмыстары жүргізілуде.
Курчатовтың енді әлемдік ғылым картасында өз орыны бар. Ол халықаралық термоядролық зерттеулердің тәжірибелік алаңына айналуға ұмтылып отыр. Бұл – Қазақстан ғылымы үшін үлкен мүмкіндік.
Бұл жерде біздің елдің тәжірибесі әлемнің кез келген мемлекетінен өзгеше. Семей полигонының тарихы радиацияның көзге көрінбейтін қауіп екенін көрсетті. Сондықтан Қазақстанда радиациялық қауіпсіздік – теориялық ұғым емес, ұлттық тәжірибеден өткен қажеттілік.
Ұлттық ядролық орталықтың осы саладағы жұмысы радиациялық жағдайды зерттеумен, радиоэкологиялық мониторингпен және бұрынғы ядролық сынақтардың қоршаған ортаға әсерін бағалаумен байланысты. Яғни Курчатовта атом энергиясының жаңа мүмкіндіктері зерттеліп қана қоймайды. Оның зардаптары да ұмыт қалдырылмайды. Бұл екі бағыттың қатар жүруі кездейсоқтық дей алмаймыз. Өйткені атомды игеруге ұмтылған ел оның қауіпін де терең білуге тиіс. Қазақстанның ядролық саладағы тағы бір маңызды міндеті – әлемдік қауіпсіздік жүйесіне үлес қосу. Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың халықаралық мониторинг жүйесі осының бір мысалы десек те болады.
Қазақстан бұл жүйенің жұмысына белсенді қатысады. ҚР ҰЯО базасында ядролық жарылыстардың ықтимал белгілерін бақылауға арналған сейсмикалық және инфрадыбыстық станциялар жұмыс істейді. Сондай-ақ Қазақстанның Ұлттық деректер орталығы қызмет атқарады. Орталықтың ресми мәліметінде бұл инфрақұрылымның ядролық сынақтарды анықтау жөніндегі халықаралық мониторинг жүйесімен байланысты екені көрсетілген. Мұның мәнін бір сөйлемге сыйғызар болсақ: Қазақстан ядролық сынақтың зардабын бастан өткерген ел ретінде енді әлемде оның қайталанбауын бақылауға атсалысып отыр.
Тарихтан түйгеніміз Қазақстан ядролық қарудың салдарын қабылдауға мәжбүр болды. Алайда қазір Қазақстан ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін халықаралық жүйенің белсенді қатысушысына айналып келеді. Ғылымның ең үлкен жеңісі де осында шығар.
Курчатовтағы ғылымның тағы бір ерекшелігі – оның халықаралық сипат алып келе жатқанында. 2026 жылдың сәуірінде ҚР ҰЯО-ға Оңтүстік Кореяның термоядролық энергетика институтының делегациясы келіп, басқарылатын термоядролық синтез, кадр даярлау және КТМ мүмкіндіктерін бірлесіп пайдалану мәселелерін талқылады. Ал мамыр айында француз делегациясы орталыққа жұмыс сапарымен келіп, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастықты талқылады. Бұл жерде әңгіме дайын технологияны сырттан сатып алу аясында ғана өрбіген жоқ. Өз зертханамыздағы ғылыми мүмкіндікті халықаралық ғылыми айналымға шығаруға сеп болмақ.

Маман даярлау маңызды
Демек зертханадағы ең қымбат құрылғының өзі адамсыз ештеңе емес. Атом саласының болашағын реактор емес, оны басқаратын маман анықтайды. Сондықтан Ұлттық ядролық орталықтың ғылыми кадрлар даярлау бағыты да стратегиялық маңызға ие. Естеріңізде болса 2026 жылғы мамырда орталықтың жас ғалымдары мен мамандарының ҒЗТКЖ XXV конференция-конкурсында 47 жұмыс қабылданған. Оның ішінде іргелі, инженерлік-техникалық және қолданбалы ­зерттеулер қамтылған екен. Жұмыстарды ҚР ҰЯО филиалдарымен қатар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Шәкәрім атындағы Семей университетінің өкілдері де ұсынған. Олай болса «ғылым – ұрпақ ауысқанда үзілмеуі керек» деген түйінге тоқталмасқа шара жоқ.
Себебі дәл қазір реактор физикасын зерттеген жас ғалым келешекте Қазақстанның атом энергетикасына қажетті инженерлік шешімді ұсынуы мүмкін. Тіпті Семей даласының қауіпсіздігіне жауап беретін буынның жалғасына айналар. Сондықтан кадр мәселесі – атом саласынан бөлек, барлық бағыттың өзегі дей аламыз.
Біздің ел үшін атом энергетикасының болашағы тек қанша мегаватт электр өндіретінімізбен шектелмейді. Оның өлшемі – қаншалықты қауіпсіз технология және мықты маман даярлай алатынымызбен, ғылымды ашық жүргізу мен әлемдік қауіпсіздікке қандай үлес қоса алатынымызбен сараланбақ. Міне, атомның Қазақстандағы екінші тағдыры осы. Ал оның соңғы беті әлі жазылған жоқ.

Гүлнәр Дүйсебай
13 қазан 2026 ж. 26 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№78 (9445)

13 қазан 2026 ж.

№77 (9444).

10 қазан 2026 ж.

№76 (9443)

06 қазан 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031