Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Азаптан арылған күн

Азаптан арылған күн


ХХ ғасырдың ортасында алып мемлекеттер жаппай қырып жоятын атом қаруына қол жеткізуге мақсат тұтты, сөйтіп, адамзат баласына алапат қауіп төндіргені тарихтан белгілі, КСРО Министрлер Кеңесі және КОКП Орталық Комитеті қаулысымен Семей сынақ полигоны құрылды. Полигонда сынаққа дайындау жұмыстары 1949 жылы шілдеде аяқталып, 29 тамыз күні таңғы сағат 7-де көз ілеспес жылдамдықпен ұлғайып бара жатқан отты доп жерге қадалып, оны шарпып өтіп аспанға көтерілген отты шардан кейін жер беті қабығының ыстық күлі мен иісі көкке көтерілді. Ащы түтін иісін қолдан жасалған жел әп-сәтте жан-жаққа таратып, әкетіп жатты. Таяу жерде тұратын адамдар жер мен көкті алып кеткен от-жалынға таңырқап қарап тұрды. Халыққа сынақ туралы ескертілмеген еді. 1953 жылы 12 тамызда алғашқы термоядролық, 1955 жылы 29 қарашада сутегі бомбасын Семей полигонындағы қасіретті кезеңнің бастаулары еді.

Семей ядролық полигонынан зардап шеккен сан мыңдаған адамдармен экологиялық тозған жердің хал-ахуалын суреттеу мүмкін емес. Ісік аурулары, әртүрлі ауытқулар, тәндік және естік кемшіліктері бар сәбилер дүниеге келді. 1989 жылы 28 ақпанда Алматыда көпшілік жиналған бейбіт шеру өтті. Ақын әрі жалынды шешен Олжас Сүлейменов «полигон жабылсын» деп теледидар арқылы мәлімдеме жасады. Дәл сол күні Олжас Сүлейменов еліміздің барлық қоғамдық шығармашылық, діни ұйымдарына, кеңестік бейбітшілік қорғау комитетіне, халықаралық «Жасыл әлем» ұйымына, «Адамзатты аман алып қалу» халықаралық қорының комитетіне, Невада штатындағы (АҚШ) сынақтарға тыйым салу қозғалысын жақтаушыларға үндеуін жасады. Осылайша, Қазақстандағы ядролық сынақтарды тоқтатуды талап етті. Үндеу бүкіл Қазақстандықтардың, соның ішінде Семей жерінің халқы тарапынан қызу қолдау тапты. Барлық ақпарат құралдарында, түрлі елдердің Парламенттер сессиясында қозғалыс ұрандарын талқылап, қолдап жатты. Радиациялық сәулелердің зияны жайлы дәрігерлер мен ғалымдар ашық әңгіме қозғай бастады. Нәтижесінде КСРО үкіметі тұңғыш рет ядролық қаруды сынауға тыйым салу – мораторий жасау туралы шешім қабылдады.
Қазақ даласындағы Семей полигонында қасіретке толы 40 жылдың ішінде 467 рет жарылыс болған. Оны әрқайсысының қуаты әртүрлі атом, термоядролық, сутегі бомбалар бар. Олардың 116-сы ашық жер бетінде және әуе кеңістігінде жасалды. Бұл сынақтардың қуаты 1945 жылы Жапонияның Хиросима қаласына тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп. 40 жыл ішінде бұл арада мыңдаған Хиросималар жарылды. Ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов жетекшілік еткен «Невада-Семей» қозғалысы осы тұста бейбіт шеру ұйымдастырып, ел тілегін жоғарыға жеткізе білді. Семей ядролық сынақ полигоны біржола жабылды. Елбасы Н.Назарбаев 1991 жылдың 29 тамызында «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» тарихи Жарлығына қол қойды. Нақты талап, жүйелі жұмыс жасаудың себебінде қазақ халқы өз мақсатына жетті. Қазақ даласындағы полигонның жабылуы әлемнің төрт ірі полигондары Жаңа жер (Ресей), Невада (АҚШ), Мороруа (Франция), Лобнор (ҚХР) мораторий жариялауына ықпал етті.

Мэлс ТОҚТЫБАЕВ,
Халықаралық антиядролық «Невада-Семей» қозғалысының аудандағы өкілі, «Семей-Ақиқат-Шиелі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.
26 ақпан 2019 ж. 1 171 0