Ядролық сынақтың сарбазы
Қазақ елінің ұлан-байтақ кең даласы Кеңес дәуірінде соғыс базаларына, ядролық сынақ алаңдарына айналғаны белгілі. Бір-бірімен алакөз болған алып мемлекеттер жедел түрде ядролық қаруға қол жеткізуге ұмтылды. Жанталасқан соғыс құмар мемлекеттерден қалыспау үшін КСРО Министрлер кеңесі және КОКП Орталық комитетінің қаулысымен Семей сынақ полигонын құру туралы шешім қабылдайды.
Жергілікті бейбіт тұрғындардың жағдайына да қарамайды, олардың келісімін де керек етпейді. 1947 жылы таулы сейсмикалық стансасы құрылып, ол 1948 жылы КСРО қарулы күштерінің оқу-жаттығу полигоны, кейіннен мемлекеттік орталық ғылыми-зерттеу сынақ полигоны болып өзгертіледі. Міне, осы тажал полигоны аталған Семей полигонында 1949 жылы 29 тамызда атом бомбасы сынақтан өтіп, жердің әпшісін қуырған алапат от-жалын, жойқын күш, жарылған бомбаның дүлей үні елді дүрліктіріп, ащы түтін иісі айналаға тарап, қолдан жасалған жел арқылы әп-сәтте жан-жаққа ұшып, төңіректі қараспанға айналдырып жібереді. Жарылыстың жалынынан жолдағы жан-жануарларға дейін үйітіліп, ағаш, өсімдіктер күлге айналып, жақын маңдағы ауылдардың үй қабырғалары сөгіліп кетеді. Көз ілеспес жылдамдықпен ұлғайған отты доп жерді шарып өтіп аспанға көтерілгенде, бейнебір жанартаудай атқылаған еді. Бұл КСРО-да тұңғыш атом бомбасының жарылуы болатын. Сөйтіп, Семей жерінде адамзатты қырып-жоятын, күл қылып жіберетін ажал қару сынақтан өтеді. Атом бомбасының зардаптары ғасырлар бойы сақталатындықтан, халыққа сынақ туралы 1953 жылдан бастап қана ескертіле бастайды. Онда да адамдар мен малдарды радиактивті заттардың таралу аймағынан уақытша көшіру, арнайы орларға, кепелерге жасыру сияқты алдамшы жұмыстар жүргізілген. Негізгі мақсат – атом бомбасы радиациясының адамзатқа, адам баласына келтіретін зиянды әсерін байқау болса керек. Ол кезде дүниеге жаңа келген Мэлс өз тағдырының осы Семей сынақ полигонымен байланысты болатындығын, тажал аймағында әскери борышын өтеп, кейін «Невада-Семей» антиядролық халықаралық қозғалысының белсенді мүшесі болып, ақын Олжас Сүлейменовпен ойлас боламын, қоғам қайраткері атанамын деп ойлаған да, армандаған да жоқ еді. Шиелінің сары домалақ баласы Мэлс Әділбекұлы 1948 жылы шілде айының бесінде жарық дүние есігін ашады. Әкесі Ә.Тоқтыбаев 1940 жылы Алматы медицина институтын хирург мамандығы бойынша бітіріп, 1941-1943 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысып, онда әскери дәрігер-хирург болып, дала госпитальдарында жаралы жауынгерлерді емдейді, ота жасап ажалдан арашалап қалады. Қиян-кескі шайқас кезінде Әділбек Тоқтыбаев оң аяғынан ауыр жарақат алады. Мәскеудің орталық госпиталінде ем қабылдап, 2-3 ай жатқанымен, жаралы аяқты жуан саннан кесуге тура келеді. 1943 жылы ол ағаш аяқпен елге оралады. 1943-1948 жылдар арасында Шиелі аудандық ауруханасының тұңғыш бас дәрігері қызметін атқарады. Осы аралықта да қайтадан әскерге шақырылып, әскери дәрігер-хирург, майор Әділбек Тоқтыбаев бір жыл тоғыз ай Ақмола әскери гарнизонында дәрігер болып қызмет етеді. Бірақ әскери офицердің өмірі ұзақ болмайды. Бар- жоғы 34 жасында ауырып, дүниеден озады. Әкесі қайтыс болғанда Мэлс үш айлық нәресте екен. Кейін аудандық тұтынушылар одағының үздік қызметкері болған анасы Ұлдан Махамбетқызы жалғыз тұяғы Мэлсті мәпелеп, аялап өсіріп, ержеткізеді. Еті тірі, елгезек бала Мэлс 1966 жылы аудан орталығындағы №46 А.С.Пушкин атындағы орыс мектебін тәмамдап шығады. Жасынан анасы Ұлданға көмекші, тіреу болуға тырысқан зерек Мэлс тездеп мамандық алуға тырысып, Қызылорда қаласындағы бухгалтерлік курсты бітіріп, Шиелінің сауда мекемелерінде есепші болып жұмыс істейді. 1969-1971 жылдары әскер қатарына алынып, Семей ядролық сынақ полигонындағы құпиялы алаңдарда қызмет етеді. Үш жылда көрмеген нәрсесі қалмайды. Атом бомбасын жарып, сынақтан өткізген аймақта жүріп-тұрудың өзі қауіпті болатын. Амалсыз бәріне көнуге тура келді. Әрине, радиация алғандардың өмірі қысқа болып жатты. Кешеге дейін қаншама әскери достары көз жұмды. Өзін әзір құдай сақтап жүр, әйтеуір. Былтыр әскердің қарақұмық (гречка) ботқасын бірге жеген досы Ысқақ Әлайдаров осы полигонның зардабын шегуден өмірмен ерте қоштасты. Үкімет тарапынан беріліп жатқан көмектер, жылына бір рет тегін арнайы ауруханаларда емделу, демалыс орындарында болу да әсер еткен жоқ. Денеге тараған радиактивті заттар адам бойына у болып жабысып, ақыры алмай қоймайды екен ғой. Сөйтіп, ұзақ жылдар жан азабын тартып, оны ешкімге айта бермей жүргенің. Оған қазіргі медицинаның да әлі келмейтін бір жұмбақ, радиациялық кесел, аты жоқ ауру. Мэлс әскер қатарынан босасымен Саратов қаласындағы «Серп и Молот» зауытында жұмысшы болып жүргенінде шешесі Ұлдан «ол жақта жүріп, орыс қызына үйленіп кетерсің» деп, ауылдың қызы Ырсалдыға қосып, екі ғашықты қол ұстасып, той жасап, бастарын екеу етіп жібереді. Зауытта жүріп, коммунистік партия қатарына қабылданады, озат жұмысшы атанып жүрген Мэлс бір күнде нілдей бұзылып «Есің барда еліңді тап» дегендей, әрі абзал анасына жақындай түсіп, Жаңақорған аудандық астық қабылдау мекемесінде есепші-бухгалтер, аға экономист қызметтерін атқарады. Өмірде жігерлі, өжет, өткір Мэлс Тоқтыбаев 1982 жылы Шымкент қаласындағы Қазақ химия-технологиялық институтына сырттай оқуға түсіп, инженер-құрылысшы мамандығына ыңғайланып, Кентау қаласындағы эксковатор зауытына жұмысшы болып орналасады. Бәрібір туған жердің топырағы тартып, 1986 жылдан 2011 жылға дейін Шиелі кентіндегі «Қазатомпромөнеркәсібі» АҚ-на қарасты «РУ-6» ЖШС түрлі қызметтер атқарады. 2011 жылы шілде айында М.Тоқтыбаев құрметті еңбек демалысы зейнетке шығады. Иә, «Атадан ұл туса – игі, ата жолын қуса – игі» демекші, Мэлстің кіші ұлы Асылбек атасы Әділбектің жолын қуып, Астана қаласында санитарлық авиация орталығының дәрігері қызметін атқарып келеді. Мәкең жан-жары, жұбайы, сүйіктісі Ырсалды екеуі 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірді. «Қорған-Қазатомпром» мекемесінде күзетші болып істейтін ортаншы ұлы Асқар әке-шешесін қолына алған. Үлкен қызы Сәуле жоғары білімді, әлеуметтік қызметкер. Одан кейінгі Ақнұр жасынан аурулы болды. Кешегі әкесі Мэлс қабылдаған радиацияның әсері ме деп те қалады кейде. Осылардан 12 немере сүйіп отырған Мэлс пен Ырсалдыдан бақытты ата мен әже бар ма екен, сірә?!
Қай кезде көзінен де, өзінен де мейірім төгіліп, мейірманы асып-тасып тұратын Мэлсті көшеде кездестіріп қаламыз. Үнемі жұмыс үстінде. Қарап жүрмейді. Қолында пәпкесі, «Өскен өңір» мен «Шарайна-Сейхун» газеттерінің соңғы нөмірлері. Табиғатында халыққа жұғымды Мэлс Тоқтыбаев 2009 жылдан Қызылорда облыстық ядролық апатқа қарсы халықаралық «Невада-Семей» қозғалысының Шиелі ауданындағы өкілі, дербес зейнеткер, «Семей-Ақиқат-Шиелі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы болып қоғамдық жұмыс атқарады. Қашан көрсең үкіметтік емес ұйымдардың, «Нұр Отанның», түрлі қозғалыстар мен бірлестіктердің, спорт жарыстарының, ардагерлер ұйымдарының басқосу жиындарында белсенділік танытып жүретін, бірақ сұрақ қоймасаң сөйлей қоймайтын Мэлсті әңгімеге тарттық.
– Мен Семей ядролық сынақ полигоны аймағындағы Курчатов қаласында әскерде болдым. Бәрін көзбен көрдім, көре алмағанымды айналадан естідім. Бүгінде сол сынаққа, одан туындаған зардаптарға қарсы қоғамдық бірлестікті басқарып жүрмін. 1949 жылдың 29 тамызынан 1989 жылдың 19 қазанына дейін Семей ядролық сынақ полигонында құпиялы алаңдарда 467 атом бомбалары, оның ішінде сутегі, термоядролық бомбалары сынақтан өткізілді, 40 жыл бойы жарылыс сынақ өткізу, әрине, аз уақыт емес. Кеңес үкіметінің қылышынан қаны тамып тұрған шақта Семей атом полигонының сынағын тоқтатуға белгілі ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов зор ықпал жасап, барынша атсалысты. Алматыда 1989 жылы 28 ақпанда көпшілік жиналған бейбіт шеру өтті. Қазақстанның ғалымдары мен дәрігерлері радиациялық сәулелердің зияны туралы ашық жазып, әңгіме қозғай бастады. Семей ядролық сынақ полигонының зардабын адамның аузы барып айтудың өзі ауыр еді. АҚШ пен КСРО-ның әлемге билік жүргізу тайталасынан туындаған айдаһар орын болатын бұл. Алғашқы жарылыстан әуелі 400 мың адам радиация қабылдаса, кейінгі қуатты термоядролық, сутегі бомбалардан екі миллионнан астам жазықсыз қарапайым халық жапа шекті. Таралған радиацияның әсерінен адамдар түрлі жазылмас ауруларға ұшырап, ол тұқым қуалайтын дәрежеге жетеді. Бұл онсыз да мың өліп, мың тірілген қазақ елінің басынан кешкен қасіреттердің ең үлкені болды. 1945 жылы Жапониядағы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2500 есе көп. Ал, 40 жылда бұл жерде не болмады? Міне, осы Қазақстандағы ядролық қаруды тоқтату үшін, елімізде тыныштық пен бейбітшілік орнату үшін, өз құқықтарымыз үшін күресу мақсатында дауылпаз ақын Олжас ағамыз құрған «Невада-Семей» қозғалысына мүше болдым. Оны қолдап, оған атсалысуға бел будым. Менің қоғамдық жұмысым осылай басталып кетті. Ауданда «Семей-Ақиқат-Шиелі» қоғамдық бірлестігін құрып, әлімізше жұмысын жүргізіп жатырмыз. Мен 2014 жылы 29 тамыз күні «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының 25 жылдығы мерекелік медалін қозғалыс президенті Олжас Сүлейменовтің өз қолынан алдым, қуанышымда шек болмады. Гүрілдеген дауысымен «Құттықтаймын, Мэлс бауырым!» – деді, қазақшалап. Өз басым Олжасқа да, Елбасы Н.Назарбаевқа да ризамын. Мемлекет басшысы тәуелсіздігімізді алмай жатып 1991 жылы 29 тамызда батыл шешім қабылдап, Жарлығымен Семей полигонын жабу туралы Заңға қол қойды. Сөйтіп, Президентіміз Кремльдің өз халқына істеген қастандығының жолын кесті, даламызды қисапсыз апаттан сақтап қалды. Бұл деген бүкіл дүниежүзінің алдында Елбасы өзінің кемеңгерлігін көрсетті деген сөз. Семей полигонының жабылуы әлемдегі өзге Ресей, АҚШ, Франция, ҚХР ірі төрт полигондарға мораторий жариялануына ықпал етті. Елбасы Н.Назарбаев 1995 жылғы 28 сәуірдегі №2247 Жарлығымен Семей ядролық сынақ полигонында сынақтарға тікелей қатысқандарды ҰОС ардагерлері мен мүгедектеріне теңестірді. 2009 жылдың 29 тамызын «Ядролық қарудан бас тартудың бүкіләлемдік күні» деп жариялады. Бұл ұсынысты біріккен ұлттар ұйымы (ООН) қолдады. Жалпы, мен өзім де жер шары адамдарына, дүние-жүзінің халқына, өз елімізге тыныштық, бейбітшілік тілейтін адамның бірімін – деді, ядролық сынақ аймағының солдаты Мэлс Тоқтыбаев, ешнәрсе болмағандай. Біз де солай тұспалдадық. «Өстіп жүріп жетпіс жасқа келіп қалыппын» деп күлді, бойшаң, сыптай киінген, келісті, құрдастары жігіт ағасы санап жүрген, бірақ өзі айтқандай жетпістің желкесіне мінген, әдемі келген Мэлс ақсақал. Ол қоғам қайраткері ретінде Семей полигоны зардабын жоюға қатысты. Ол көпшіл, қарапайым, барынша қоғамшыл. Осы қасиеттерінің арқасында Мэлс апатты аймақтың азабын шеккендердің жоқшысы, жоқтаушысы іспетті. Атом сынағының сұмдығын бастан өткеріп жүрген әріптестеріне жаны ашып, әркез көмектесіп, зыр жүгіріп, тыным таппай жүргені. Оның еңбегіне де лайықты бағасы берілді. Оның омырауындағы «Қазақстан ядролық қарусыз әлем үшін», «Қазатомөнеркәсібі ҰАҚ» АҚ құрылғанына 10 жыл», «Қызылорда қаласына – 190 жыл», Халықаралық «Невада-Семей антиядролық қозғалысының 25 жылдығы» мерекелік медалдары халқына жасаған еңбектерін айқындап тұрғандай. Сондай-ақ, М.Тоқтыбаев аудан, облыс әкімдерінің Алғыс хаттарымен, Кеңестер одағының батыры Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына арналған «Отанын қорғаушыға» құрмет белгісімен, «Нұр Отан» партиясы Шиелі аудандық филиалының Алғыс хатымен, «Қорған-Қазатомпром» ЖШС «Құрмет грамоталарымен», облыстық «Невада-Семей» қоғамдық бірлестігінің Құрмет грамоталарымен, қозғалыстың 20 жылдығына Құрмет грамотасымен марапатталады. Артында із қалдырған, ізгілікті іс тындырған деп осындай азаматтарды айтса керек. Жетпіс жасқа кім келмей жатыр? Ал, Мэлс Тоқтыбаев оған данышпан төрт кісінің Маркс, Энгельс, Ленин, Сталиннің есімдеріне кір келтірмей, қоғамға сіңірген еңбегі арқасында жетті. Бұл жетпістің құндылығы да сонда.
Өркен ИСМАИЛ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.