Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Қазатомөнеркәсіп» Сочиде жаңа жобаларын таныстырды

«Қазатомөнеркәсіп» Сочиде жаңа жобаларын таныстырды


Сочиде сондай-ақ бұл күндері оныншы халықаралық «Атомэкспо» форумы өтіп жатыр. Атом саласындағы ірі шара «Ғаламдық әріптестік – ортақ жетістік» тақырыбында өрбуде. Жиын барысында атом электр станциясын салудағы халықаралық әріптестік, цифрлық технологиялар, ғылыми зерттеулер мен инфрақұрылымды дамыту және қауіпсіздікті қамтамасыз ету сияқты мәселелер талқыланады. Маңызды шараға 200 сарапшы келді. «Атомэкспо» форумына 3 мыңнан аса адам қатысып жатыр. Бұл 60 елден келген 600 компанияның өкілі. Көрмеге атом энергетикасы және онымен байланысты салалардағы 115 компаниясының заманауи өнімдері ұсынылған. Олардың қатарында «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының да жаңа өнімдері бар. Компания стендінде уран өндіретін жылжымалы кешен, атом станциялар үшін отын шығаратын зауыт пен халықаралық білім беру орталығы секілді қазақстандық бірегей жобалар туралы ақпарат берілген. Бауыржан Ыбыраев, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ өндіріс бойынша бас директоры: - Virtual Reality жобасы арқылы табиғи уранның қалай өндірілетінін, кен орнын өз көзіңізбен көріп, өндіріс кешенінің ішін де аралай аласыз. Қазақстанда салынып жатқан керемет зауыттар мен фабрикалар экологиялық таза екеніне көзіңіз жетеді. Біз бейбіт атомды дамытудағы еліміздің мүмкіндігін көрсетуге әрқашан да дайынбыз. Форум аясында өтетін 20 дөңгелек үстелдің бірі ядролық инфрақұрылымды дамыту саласындағы үздік тәжірибелерге және ядролық энергетикалық бағдарламаларын дамытуға ниетті елдердің алдынан шығуы мүмкін мәселелерге арналған. Бұл атом электрстансасын салуды көздеген Қазақстанға да қатысты болып отыр. Бауыржан Ыбыраев, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ өндіріс бойынша бас директоры: - «Қазатомөнеркәсіп» және «Қазақстандық атомэлектр станциясы» технологияларға байқау өткізіп, вендорлармен сөйлесіп жүр. Олардың  технологияларының еліміздің жағдайына сәйкестігін байқаймыз. АЭС салумен айналысып жүрген барлық вендорды шақырдық. Осындай елдердің бірі – Ресей. Ресей мамандары станция құрылысынан бастап мамандар дайындауға дейін өз көмегін ұсынуға дайын. Евгений Пакерманов, «Русатом Оверсиз» АҚ президенті: - Бұл – атом электр станциясына қажетті бүкіл өнімдері бар әлемдегі жалғыз компания. Қазақстан – атом реакторын пайдаланған, атом энергетикасы деген ұғыммен етене таныс ел. Ол ядролық отын нарығында көш бастап тұрғандықтан, бұл елдің де өз ерекшелігі болатыны анық. Форум қатысушылары қоршаған ортаға зиян келтірмейтін ядролық технологиялар мәселесін талқылап, таза энергия көздерін өндіретін компаниялар арасындағы ынтымақтастықтың келешегін қарастырады. 

24.kz
15 мамыр 2018 ж. 1 410 0