Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бейбіт әлемге ұмтылған ұрпақ

Бейбіт әлемге ұмтылған ұрпақ

Тәуелсіздіктің ең алғашқы жеңістің бірі саналатын Семей полигонының жабылуы – жаһандық маңызы зор жетістік. ­Семей полигонына қарсы шыққан халықты біріктіруге, ядролық қарудың сынағын тоқтатуға үлес қосқан қозғалыс тарихта «Невада-Семей» деген атпен қалды.
1989 жылы Олжас Сүлейменовтің бастамасымен көтерілген бұл қозғалыс қазақ адаласын жарты ғасырға жуық қақ айырып, қасіретке душар еткен ядролық сынақтарға қарсы бүкілхалықтық үнге айналды. ­Семей полигонында 40 жыл ішінде 456 ядролық жарылыс жасалып, 1,5 миллионнан астам адам радиацияның зардабын тартты. Бұл бейбіт халықтың қасіреті, тұтас ұрпақтың денсаулығына түскен ауыр салмақ еді. Ал «Невада-Семей» қозғалысы сол қасіретті тоқтатты. Әлем жұртшылығына Қазақстан халқының қайсарлығы мен әділет үшін күрескен бірлігін көрсетті. Нәтижесінде 1991 жылы Семей полигоны түбегейлі жабылды. Осы қозғалыс – тек еліміз үшін ғана емес, күллі әлем үшін бейбітшілік пен қауіпсіздік жолындағы тарихи қадам болды.
40 жыл «ажал отын шашқан» полигонның жабылуы, әрісі қазақ халқы үшін, берісі Ертістің Семей өңірінің тұрғындары үшін теңдесі жоқ қуаныш, үлкен бақыт алып келді. Қазіргі таңда еліміз бейбітшіл саясатымен әлемдік қоғамдастықта өзіндік орнын алған елдердің санатында танылып келеді.
Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынаққа тікелей 10 мыңнан астам адам қатысса, Шиелі ауданынан 132 адам сынақ полигонына жіберілді.
Биыл «Невада-Семей» ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл. Осыған орай аудан әкімдігінің қолдауымен қоғамдық даму бөлімінің тапсырысы аясында «Қазалы–Жомарт» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен жұма күні ­«Невада-Семей» қозғалысының зардабын жоюға қатысып, құрбан болған азаматтарды еске алу мақсатында Көкшоқы шағын ауданында орналасқан «Тағзым алаңында» гүл қою рәсімі өтті.
Шараға «Невада-Семей» қозғалысының ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, білім беру мекемелерінің және жастар мен БАҚ өкілдері арнайы қатысты.
Жиналған қауым алдымен «Невада-Семей» қозғалысының зардаптарынан құрбан болған азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алып, аталған қозғалыстың ардагерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Сонан соң аудандық орталық мешіттің наиб имамы Ерасыл Құдайбергенов құрбан болған азаматтардың рухына Құран бағыштады.
Іс-шара әрі қарай «Арман» кенттік мәдениет үйінде жалғасын тапты. Мұнда «Невада-Семей» ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл толуына орай «Болашақ – бейбіт әлем қолында» атты еске алуға арналған салтанатты жиын өтті. Сахна төріне көтерілген аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Кенжехан Есенбаев атаулы күнмен құттықтап, тарихи тағылымды насихаттау жолындағы еңбегі үшін бірқатар азаматты аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттады.
Салтанатты шарада мәдениет үйінің өнерпаздары Дәурен Беркімбаев, Әділжан Алмасбекұлы, Римма Ералы, Сержан Болат, Мейіржан Қуандықов патриоттық ән айтып, көрерменнің бойында туған жерге, Отанға деген махаббаттарын арттыра түсті.

М.ИБРАГИМ
31 тамыз 2026 ж. 29 0