Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » "НЕВАДА-СЕМЕЙ" ҚОЗҒАЛЫСЫНА 35 ЖЫЛ

"НЕВАДА-СЕМЕЙ" ҚОЗҒАЛЫСЫНА 35 ЖЫЛ

Тәуелсіздігіміздің ең алғашқы жеңісі саналатын Семей полигонының жабылуы – жаһандық маңызы зор жетістік. Семей полигонына қарсы шыққан халықты біріктіруге, ядролық қарудың сынағын тоқтатуға үлес қосқан қозғалыс тарихта «Невада-Семей» деген атпен қалды. Биыл отты жылдардың жаңғырығына 35 жыл толып отыр.
Осыған орай Шиелі ауданы «Тағзым алаңында» ядролық сынақтарды тазалау жұмыстарына қатысып, құрбан болған азаматтарды еске алу митингі өтті. Ардагерлер тарапынан естеліктер айтылып, ауданның бас имамы Бақыт Ұлжаев марқұмдардың рухына Құран бағыштап, дұға жасады.
Шара барысы «Арман» мәдениет үйінде «Невада-Семей» қоғамдық бірлестігімен бірге «Бейбіт өмір – адамзаттың арманы» атты танымдық кешпен жалғасын тапты. Салтанатты шарада Шиелі аудан әкімінің орынбасары Болат Абдулхайысұлы құттықтау рәсімін өткізіп, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысына қатысушы ардагерлерді 35 жылдық төсбелгімен марапаттады. Шиелі кенттік ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Күлімбет сөз алып, ардагерлерге алғысын білдірді. – Құрметті Семей полигонының ардагерлері! Күні кеше ғана 1989 жылы 25 ақпанда полигонда жасалған сынақ жердің бетіне шығып, бүкіләлемдік дағдарыс тудырған еді. Осы шуды көтерген, халыққа жанашырлық көрсеткен Жазушылар одағы болатын. Содан дәл осы күні Алматыда жазушылар үйінің алдында мыңдаған адам қатысқан, үлкен митингі өтті. Семей полигонын жабу үшін антиядролық қозғалыс ашу жөнінде шешім қабылданып, бүгін міне 35 жыл толып отыр. Қазіргі жас ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеу және ядролық қарудың зардабы жөнінде жастармен кездесіп, өнеге-өсиет айта беріңіздер. Себебі, жас ұрпаққа осы оқиғаның маңыздылығын жеткізудің және олардың бойында ұлтжандылық сезімді оятудың маңызы зор. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін, – деді ардагерлер кеңесінің төрағасы. Шара соңында ардагерлерге концерттік бағдарлама ұсынылды. Әдемі әуезді әншілер ән салып, ақындардың «Сынақ полигоны» жайлы өлең жолдары оқылып, мәдениет үйінің биші қыздары өнер көрсетті. Саф өнерді бойына сіңірген, өнерпаз жастардың құрметіне бөленген ардагерлер қауымы дән ризашылықтарын білдірді. Еңбегі ерен ерлердің жолы көпке үлгі һәм сабақ болып қалатаны белгілі.

М.ИБРАГИМОВ
04 наурыз 2024 ж. 206 0