Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Невада-Семей» қозғалысының куәгерлері марапатталды

«Невада-Семей» қозғалысының куәгерлері марапатталды

1949–1989 жылдар аралығында бұрынғы Семей облысы, Абыралы ауданы, сонымен қатар Павлодар және Қарағанды облыстарының біраз жерінде 470-тей қуаты әр түрлі ядролық жарылыстар жасалған. Нақтырақ айтсақ, оның 90-ы әуеде, 26-сы жер үстінде, 26-сы жер астында. Кеңес Үкіметінің құйтырқы саясаты Семейді сынақ алаңына айналдырды.
Полигонда жарылған ядролық қарудың салдарынан бір түп шөп те қалмады, Семейдің кең даласы қара жамылды. Сынақ аймағында 40 жыл бойы жүргізілген ядролық қаруды сынау адамдардың денсаулығына және табиғи ортаға өз зиянын тигізді. Халық арасында ауру-сырқау мен өлім-жітім көбейді. Әсіресе, өкпе мен сүт бездерінің обыры, лимфогемобластоз және басқа да қатерлі ісікті патологиялары сынды ел естімеген дерттің дендеп кеткені жасырын емес.
Бір өкініштісі, сол кезде халыққа сынақ өткізілетіні туралы ескертілмеген. Тек 4 жылдан кейін, яғни, 1953 жылдан бастап халыққа ядролық сынақ өткізіліп жатқаны айтыла бастаған. Қазіргі таңда жергілікті халық өздерін «сынақ материалы» деп атайды.
1991 жылы 29 тамызда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды. Жер бетіндегі тіршілік атаулысына, әсіресе адамдарға ең үлкен қасірет алып келген Семей ядролық полигонының жабылғанына биыл 30 жыл толды. Әзірге Қазақстан әлемде ядролық сынақ қаруынан өз еркімен бас тартқан жалғыз мемлекет болып отыр.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 30 жыл толуына орай ауданда «Бейбітшілік – ел тілегі» атты іс-шара өтті. Іс-шараға облыстық «Невада-Семей» қозғалысының төрағасы С.Әбіш, аудан әкімі Н.Мақұлбеков, ауданның қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, майор Р.Шәріпбаев және Невада-Семей қозғалысының бір топ ардагерлері қатысып, сөз сөйледі.
Полигондағы жарылыстың салдарынан тұрғындардың көрген азабы, сол кездегі ахуалы жөнінде халықаралық антиядролық «Невада-Семей» қозғалысының аудандағы өкілі, Шиелі аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі, «Семей-Ақиқат-Шиелі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мэлс Тоқтыбаевпен тілдескен болатынбыз. «КСРО басшылары жаудан қорғану мақсатында өте құпия түрде атом қаруын жасауды 1945 жылы қолға алып, 1949 жылы 29 тамызда Семей қаласынан 130 шақырым қашықтықта орналасқан әскери алаңда алғашқы атом бомбасын сынайды. КСРО қарулы күштері әскери қуатын арттыру мақсатында сынақтардың санын ай сайын көбейтіп, оны барынша жетілдіре түседі. 1961-1962 жылдары жер үстінде және әуеде, 1963-1989 жылдары жер астында 343 ядролық жарылыс жасады. Біз сол жер асты жарылысына қатыстық. Командиріміз «Сегодня в 10:00 будет испытание сверхмошного оружия. Работать не будем, не выходить из палатки вагончика» дейді. Біз сонда 25-30 шақырым жерде құрылыс жүргізіп жатқанбыз. Жарылыс болған кезде жер сілкінеді. 40 жылда 1949 жылдан 1989 жылға дейін 467 жарылыс болыпты. Оның 343-і жер астында. Біздің қоғамдық бірлестік 2009 жылдың басында құрылған. Сол кезде ядролық сынаққа тікелей қатысқан 48 мүшесі бар еді. Бәріміз Ұлы Отан соғысына қатысқандарға теңестірілгенбіз. Көрінбейтін оқпен жараланғандар келмеске кетті. Қазіргі таңда 22 адам бармыз. Мүше болған ардагерлеріміздің көбісі дәрінің, оның ішінде дәрігерлердің қамқорлығымен жүргендер», – деп отты жылдардағы естелігімен бөлісті.
Шарада аудан әкімі Н.Мақұлбеков «Невада-Семей» қозғалысына тікелей қатысқан 17 ардагерді «Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 30 жыл» мерекелік төсбелігісімен марапаттады. Айта кетейік, Семей полигонына Қызылорда облысы бойынша 10 мыңнан астам адам барса, Шиелі ауданынан 132 адам қатысқан. Ал, бұл күндері олардың ішінде көзі тірі 22 ардагер бар. Үкімет тарапынан ардагерлер ай сайын 30 АЕК (87510 тг) көлемінде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алады. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі ардагерлер үшін жыл сайын шипажайға жолдама беріледі. Бұл әрине ардагерлерге деген құрметтің кішкене ғана бір көрінісі.

Нұрай ҚАЛЫШБЕКОВА
24 қыркүйек 2021 ж. 1 037 0