Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Атомнан арылған күн

Атомнан арылған күн

ХХ ғасырдың орта тұсында алып елдер жаппай қырып-жоятын атомдық қаруға жедел қол жеткізуді мақсат тұтып, адамзат баласына алапат қауіп төндіргені тарихтан белгілі. Осы кезеңде бейбіт тұрғындардың жағдайына қарамастан Семей сынақ полигонын құру туралы шешім КСРО Министрлер қаулысымен қабылданды.
1949 жылғы 29 тамызда тұп-тура таңғы сағат 7-де көз ілеспес жылдамдықпен ұлғайып бара жатқан отты доп жер денесіне қадалып, оны шарпып өтіп аспанға көтерілген. Отты шардан соң жер беті қабығының ыстық күлі мен иісі көкке көтерілген. Ащы түтін иісін қолдан жасалған жел әп-сәтте жан-жаққа таратып әкетіп жатты. Таяу жерде тұратын адамдар жер мен көкті алып кеткен от-жалынға таңырқап қарап тұрды. Сайын даладан жанталасқан тышқандардың, қарсақ, кесірткелердің өлі денесі табылған. Бұл КСРО тұңғыш атом бомбасының жарылуы еді. Бұл құбылысты әскери бастықтар мен атақты ғалымдар, кеңестік атом бомбасының толып жатқан идеологиялық, идеялық, техникалық аталары тасадан бақылап тұрды. Халыққа сынақ туралы ескертілмеген еді. 1953 жылғы 12 тамыздағы алғашқы термоядролық, 1955 жылғы 29 қарашадағы сутегі бомбасы Семей полигонындағы қасіретті кезеңнің бас­таулары болды. Ядролық жарылыстар туралы халыққа тек 1953 жылдан бастап қана ескертіле бастады. Онда да адамдар мен малды радиоактивті заттардың таралу аймағынан уақытша көшіру немесе кепелерге жасыру сияқты қарабайыр жұмыстар жүргізілді. Алайда, жарылыстан соң адамдар радиациядан былғанған өз үйлеріне қайтадан оралып отырды. Көбісі үйінің орнын сипап қалды немесе қақыраған қабырғаларды көрді. Семей ядролық полигонынан зардап шеккен миллиондаған адамдар мен экологиялық тозған жердің хал-ахуалын суреттеуге тіл жетпейтін еді. Ісік аурулары, әртүрлі ауытқулар, тәндік, естік кемшіліктері бар сәбилер дүниеге келе бастады. Бұл мамандардың айтуынша, атомдық радиация кесірінен болатын генетикалық мутацияға байланыс­ты болды. Жылма-жыл радионуклейдтердің жинала беруі де жер құнарлығын азайтты.
1989 жылдың 28 ақпанында Алматыда көпшілік жиналған бейбіт шеру ұйымдастырылды. Ақын әрі жалынды шешен Олжас Сүлейменов «Полигон жабылсын» деп қазақ теледидары арқылы мәлімдеме жасады. Дәл сол күні О.Сүлейменов еліміздің барлық қоғамдық шығармашылық діни ұйымдарына, кеңестік бейбітшілік қорғау комитетіне, халықаралық жасыл әлем ұйымына, «Адамзатты аман алып қалу» халықаралық қорының комитетіне, Невада штатындағы (АҚШ) сынақтарға тыйым салу қозғалысын жақтаушыларға үндеуін оқып, Қазақстанда ядролық сынақтарды тоқтатуды талап етті. Үндеу бүкіл Қазақстандықтардың, соның ішінде Семей жерінің халқы тарапынан қызу қолдау тапты. Барлық ақпарат құралдарында түрлі елдің Парламенттері сессияларында қозғалыс ұрандарын талқылап жатты. Радиациялық сәулелердің зияны жайлы дәрігерлер мен ғалымдар ашық әңгіме қозғай бастады. Халықтың бастамасымен тұңғыш рет КСРО үкіметі ядролық қаруды сынауға тыйым салу-мороторий жасау туралы шешім қабылдады. Наурыз айында ғана үндеуге қозғалысты қолдаған миллионнан астам қол қойылды. Көптеген қаржы қорға келіп түсті. Сол жылдың 6 тамызында Семей облысының Қарауыл ауылында ядролық қаруды сынауға мораторий жарияланды. Онда былай делінген: «Сайын даламыз ядролық жаралыс­тардан қалтырап бітті. Сондықтан онан әрі үнсіз қалу мүмкін емес. 1989 жылдың тамыз айына дейін Семей полигонында 467 жарылыс болыпты. Олардың 116-сы ашық немесе жер бетінде және әуе кеңістігінде жасалды. Бұл сынақтардың ядролық қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп. 40 жыл ішінде бұл арада мыңдаған Хиросималар жарылды. Бұл келешекті қауіппен күтудеміз. Уайымсыз отырып су мен тамақ ішу, өмірге нәресте әкелу мүмкін емес болып барады. Қазақстандағы ядролық қаруды тоқтату үшін өз елімізде тыныштық пен бейбітшілік орнату үшін, өз құқықтарымыз үшін күресу мақсатында «Невада-Семей» қозғалысын құрдық» делінген. Осы кезде «Невада-Семей» халықаралық қозғалысы дүниеге келді. Ақын, белгілі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов жетекшілік еткен «Невада- Семей» қозғалысы сол тұста бейбіт шеру ұйымдастырып, ел тілегін алысқа жеткізе білді.
Семей ядролық сынақ полигоны біржола жабылды. Сол кездегі Президент Н.Назарбаев 1991 жылдың 29 тамызында Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы тарихи жарлығына қол қойды. Сөйтіп тиянақтылық пен сезімталдық көрсеткен қазақ халқы өз мақсатына жетті. Ең үлкен полигон жабылып, атом қаруынан бас тарту әрекеті жасала бастады. Полигонның жабылуы әлемнің төрт ірі полигонында Жаңа жер (Ресей), Невада (АҚШ), Мороруа (Франция), Лобнор (ҚХР) мораторий жариялануына ықпал етті.

Мэлс Тоқтыбаев,
«Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының аудандағы өкілі,
«Семей-Ақиқат-Шиелі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы,
Шиелі аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі
25 ақпан 2020 ж. 556 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930