Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ажал аждаһасы ауыздықталған күн

Ажал аждаһасы ауыздықталған күн

Бір жағынан осыдан 70 жыл бұрын 1949 жылы тамызда КСРО-ның өктемшіл әскери ведомствосы Қазақстандағы Семей облысының Абралы елді мекенінде сутегі бомбасын жарып, сынақ жұмысын жүргізуді бастаған еді. Ал оның кейін қандай ауыр зардаптарға ұшыратқаны қазір бәрімізге белгілі.
Тарихқа көз жүгіртсек, Семей атом сынақ полигонында бірінші жарылыс 29 тамызда, соңғысы 1989 жылы 19 қазанда болды. Полигонда 470 атом сынағы жүргізіліп, оның ішінде әуеде – 90, жер бетінде –26, жер астында –354 жарылыс жүргізілді. Олардың жинақталған тротилдік баламасы 17,7 мегатонна болды.
Семей полигоны. Халқымыздың ғасырлық қасіретіне айналған сынақ алаңдары 40 жыл өзінің сансыз сынағымен ұлттық генетикалық тегімізге айтарлықтай нұқсан келтіреді. Бұл сынақтар бейбіт халықпен қатар сынақ алаңында әскери борышын өтеген мыңдаған Отан сарбаздарының да денсаулығына орасан зор зардабын тигізді.
Елбасының 1995 жылғы сәуір айындағы №2247 Жарлығы бойынша Семей атом полигонынан зардап шеккендер ҰОС ардагерлері мен мүгедектеріне теңестірілгенге жатады. Бұл заң әлі күнге дейін өз күшінде. Бірақ жергілікті жерде шешімін таппаған мәселе бар. Бізге қаржыландыру жағы қарастырылмаған. 1992 жылы 18 желтоқсанда шыққан Заңда 6 тараудағы 20-бапта көптеген мәселелер орындалмай жүр. Семей полигонының зардабы – Хиросима мен Нагасаки қалаларына тасталған атом бабаларынан 2,5 мың есе артық. Чернобыль апатынан 120 есе көп. Шындық салыстырудан туады дегендей, сынаққа Шиелі ауданынан қатысқан 48 адам едік, қазір 28 адам қалды. Жыл сайын бұл залалдан зардап шеккендер көз жұмуда. Аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен 2009 жылы қоғамдық бірлестік құрғанбыз. Сол бірлестік биыл 10 жылға аяқ басса да, өзіндік қаражаты, құрал-жабдықтары болмаса да, біраз мәселені шешуге талпынып едік. Айналып келгенде барлығы қаражатқа келіп тіреледі. Ауданда тұрып жатқан белді кәсіпкерлер осыған жәрдем берсе дейміз.
Ардагерлердің хал-жағдайын сұрап барсақ, жанында пакет дәрілер болады. Дәрі қымбат. Берілетін жәрдемақы мөлшері төмен. Жәрдемақының бір дәрінің құнына әрең жететіндігі республикалық баспасөз беттерінде айтылып жүр. Осыған жоғарыдағы билік өкілдері көңіл аударса. Ең бастысы, қоғамдық бірлестік өзіне түскен қаржы арқылы қойған міндетін атқара алады.
Қорытындылай келе айтайын дегенім, егеменді еліміз аман, жұртымыз тыныш, біз көрген жарылыстар болмасын! Ұрпағымыз ең бақытты заманда өмір сүрсін дегім келеді!

Мэлс Тоқтыбаев,
Халықаралық «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының аудандағы өкілі, «Семей-Акимат-Шиелі» қоғамдық
бірлестігінің төрағасы

27 тамыз 2019 ж. 734 0