Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » КАРЬЕРА ДЕП ЖҮРІП КӘРІ ҚЫЗ АТАНЫП ҚАЛМАҢЫЗ

КАРЬЕРА ДЕП ЖҮРІП КӘРІ ҚЫЗ АТАНЫП ҚАЛМАҢЫЗ


Тұрмыс құр деп ұрсады үйдегінің бәрі,
Оң жақта отырған қыз болдым ғой кәрі.
Кінәм жоқ қой, қыздардың көп болса енді саны,
Үйленетін жігіттердің қайда кеткен бәрі? Расында да, үйленетін жігіттер қайда кеткен? Әлде қарапайым серілерді менсінбей, мансап қуып жүрген қыздарымыздың өз кінәсі ме бұл? «Бәрін айт та, бірін айт, кәрі қыздың жырын айт». Әйтеуір не керек? мына заманда тұрмыс құруға асықпайтын бикештер саны күн сайын көбеймесе, азаймай тұр. Әйтсе де, мұндай қыздар көздерін ашып-жұмғанша қалай кәрі қыз атанғандарын білмей қалады. «Кәрі қыз» десем, біраз сылқымның шамына тиіп кетермін. Сондықтан, «оң босағанда отырған қыз» деп жұмсақ жеткізейін. Бірақ, қалай айтсақ та, әңгіме тұрмыс құрмаған қыздар жөнінде болғандықтан, мәселеге көшейін...
Қазіргі таңда көптеген қыздар мансап жолында жүріп, жеке өміріне көңіл бөлуге уақыт таппай жатады. Сондықтан болар, көпшілігі отызға таяғанда отбасын құрып, балалы болып жатса, енді біреулері әлі күнге дейін сәттілік сағатын күтуде. Тіпті, кейбірі тұрмыстық өмірге әлі асықпайды. Расымен отанымызда оң босағада отырып қалған қыздар жыл өткен сайын көбейіп барады. Статистикалық деректерге сенсек, бүгінде түндігі желібіремей отырып қалған қыздардың саны 400 мыңнан асып жығылады екен. Яғни, елімізде отбасын құруға асықпайтын бойжеткендеріміз көп деген сөз. Көн етіктіні көзге ілмей, көк етіктіні күткендер көп қазіргі заманда. Тұрмысы түзу, жақсы атаулы қасиеттердің барлығын бойына сіңірген ер жігітті кездестіріп, сонымен бірге өз бақытын құрғысы келеді бүгінгі бұрымдылар. Алайда, қызмет құрығына түсіп, бір белестен екіншісіне өтіп жүрген нәзік жандыларымыз уақыттың шексіз емес екендігін естен шығарып жүрген сыңайлы. Өз бабын өздері жасап жүрген қыздардың дені «жаман аттан жайдағым, жаман байдан бойдағым» деген алға тартады. Тіпті, олар көзді жұмып көрінгеннің етегінен ұстағымыз келмейді дейді. Жасыратыны жоқ бүгінде қазақ қыздарының дені қияға қонуға асықпайды. Себебі, оқыған тоқыған бойжеткендер, оқуын бітірген соң, өзі қалаған мансапқа қол жеткізгісі келеді. Бірі – ата-анама көмектесемін деп қолғабыс етсе, енді бірі – арманындаған жұмысын істеп, қалаған темір тұлпарын сатып алу жолында барын салады. Ал, келесісі қолдың кірін уақытша екенін ұмытып, қу дүниенің соңынан қуамын деп, әбден әбігерге түседі. Осылайша, жұмыс істейді, үй сатып алады, қымбат көлігін тізгіндейді. Не керек? Арманы шындыққа айналады. Алайда, арманын орындаймын деп жүріп, біраз қыз өз бақытынан кешігіп, ғасырдың жартысына қалай келіп қалғандарын байқамай қалады. Мансап жолында барлығына қол жеткізген қыз қырыққа келгенде қылық шығарып, құстай ұшып кеткісі келеді өз мекеніне. Әрине, барлығы бақытты болуға лайық қой. Бірақ, «әттеген-ай» деп қалатын тұстары көп болады кәрі қыздардың. Өйткені, қазақта елудегі жігіт қыз алады, елудегі қызды кім алады?» деген мақал барын естен шығармасақ, айтпағымның астарын өзіңіз түсініп аларсыз. Рас-ақ! Еркек атаулы сексенге келсе де, 18 жастағы бойжеткенді жар етіп алғысы кеп тұрады. Ал, кәрі қыздар карьера қуамын деп жүріп, жүрегін ұсынып, қолын сұраған жігіттерден теріс айналады. Сонан соң, жасы келгенде «қолымды мезгілінен кеш сермедім» деп, бармақ тістегеннің көкесін көреді. Хош. Әркім өзі біледі. Кім қанша жаста тұрмысқа шықса да, тағдырдан асып ешқайда кете алмаймыз. Сонда да бар кінәні тағдырға жаба салу дұрыс емес. Әрекет жасасаң, Құдай берекетін береді.
Өздеріңіз білетіндей, елімізде халық санағы жүріп жатыр. Негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіш бойынша халық саны 19 млн-ға жетіп тұр. Бірақ, бұл біздің ел үшін керемет көрсеткіш емес. Неге дейсіздер ғой? Себебі, Қазақстан жер көлемі бойынша әлем елдерінің ішінде 9 орынға жайғасқан. Демек, жер көлемі ауыз толтырып айтарлықтай. 2 724 902 км кв жерімізге миллионның 40-50-ден астамы сыяды емес пе? Кең байтақ даламыздағы демографияның айтарлықтай өзгеруі карьера соңында жүрген қыздарға да байланысты екенін ескерейікші. Статистиканың жоғарылауына тікелей әсер ететін әрине әйел заты. Ресми деректер бойынша, елімізде ер азаматтарға қарағанда, тұрмыс құрмаған қыз-келіншектердің саны көп. Қазірдің өзінде оң босағада отырған қыздар саны 38 процентті құрайды.
Әр нәрсе өз орнымен әрине. Десе де құйрық бауыр жеп, құдалығы болған ата-ана мен жат жерге қылығымен сіңісіп, әулет үзігін жалғаған қыздың бейнесі жоғалмаса абзал. Себебі, оң босағада отырған қыздар қартайса, халық саны ортаятыны рас. Қыз мұраты кету емес пе? Ендеше, жат жұрттыққа жаралған бұрымдыларымыз жарастықпен жұбын тапса дейміз...

Сымбат Сұлтан
24 қыркүйек 2021 ж. 761 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930