Үндемей қалу қылмыс па?
Қоғамда әділетсіздікке, зорлық-зомбылыққа, заңсыздыққа куә болып тұрып, үн қатпай қалатын жағдайлар аз емес. Бірі «өз басым аман болсын» дейді, енді бірі «араласып басыма бәле тауып аламын ба» деп қорқады. Ал сол үнсіздіктің салдары қандай? Үндемей қалу – жай ғана немқұрайлылық па, әлде қоғамға қарсы жасалған қылмыстың бір түрі ме?Бүгінгі қоғамда «менің қатысым жоқ» деген ұстаным кең етек алған. Көршінің үйінен шыққан жанайқайға көз жұму, көшеде ұрып-соғып жатқан адамды көріп бұрылып кету, ауылда малға қастандық жасалып жатса да «өз шаруам емес» деу – үйреншікті көрініске айналып барады. Бірақ дәл осы үнсіздік қылмыстың қайталануына жол ашып отырғанын мойындауымыз керек.
Заң тұрғысынан қарасақ, оқиғаны айтпау қылмыс болып саналмайды. Алайда кей жағдайларда куә бола тұра хабарламау, көмек көрсетпеу, қылмысты жасыру – жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Ең бастысы, мәселе тек заңда емес, ар мен азаматтық ұстанымда жатыр. Қоғамды әлсірететін де – сол үнсіздік.
Үндемей қалу – жәбірленушіні жалғыз қалдыру. Ол – әлсізге көрсетілмеген қолдау, әділетке жасалған қиянат. Біреу баласына зорлық көрсетіп жатса, біреу қартты алдап отырса, біреу ауылдың малын қырып жатса – үнсіз қалған әр адам сол әрекеттің жалғасуына еріксіз үлес қосады.
«Бір өзім не істей аламын?» деген сұрақ көпшіліктің аузында. Бірақ тарих та, бүгінгі өмір де керісінше дәлелдеп отыр. Бір қоңырау, бір хабарлама, бір куәлік – талай тағдырды сақтап қалуы мүмкін. Үндемеген жүз адамнан, үн қатқан бір азамат қымбат.
Қоғамдық кеселдердің тереңдеуіне немқұрайлылық себеп. Отбасындағы зорлық-зомбылық, балалардың құқығының тапталуы, ауылдағы ұрлық пен қастандық – бәрі де «көріп тұрып үндемей қалғандардың» көлеңкесінде көбейіп келеді. Үндемеу арқылы біз әділетсіздікті қалыпты жағдайға айналдырып аламыз.
Әрине, ешкімді батыр болуға міндеттей алмаймыз. Бірақ азамат болу – парыз. Қоғамда өмір сүріп отырып, қоғамның дертіне көз жұму – қауіпті жол. Ертең сол үнсіздік өз басымызға келмесіне кім кепіл?
Үндемей қалу – заңда қылмыс болмауы мүмкін. Ал ар алдында ол – ең ауыр қылмыстардың бірі.
Қоғамды өзгерткіміз келсе, алдымен үнсіздіктен арылуымыз керек. Себебі әділет дауыстан басталады.
Абай атамыз: «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі виноват», деп 37-қара сөзінде айтқанындай, айналамыздағы орын алып жатқан оқиғаларға барлығымыз да жауаптымыз.
Гүлхан ЯХИЯ







