Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Асқардың «Алтын дәні»

Асқардың «Алтын дәні»

Күн ұясынан шыққан сәт. Жұманың таңы атып, редакциядағы қызу тірлік басталып кетті. Редактордың тапсырмасымен даңқты Ы.Жақаев ауылына бағыт түзедік. Жанымызда аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы М.Әшірбеков бар. Мұндағы мақсат – ақ күріштен тау тұрғызған Ы.Жақаев ізбасарларының тыныс-тіршілігімен танысу. Темір тұлпар да демде діттеген жерімізге жеткізе қойды.
Атақты диқан, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаев атындағы ­ауылда атакәсіпті өркендетіп келе жатқан ірі құрылымның бірі – «Алтын дән-Шиелі» шаруа қожалығы. Егістік алқаптары ана шеті атшаптырым «Ыбырай Түбегінде» болса, мына шеті көз ұшындағы «Ашаға» орналасқан шаруа қожалық етек-жеңін бірден жиып ала қойған жоқ. Сонау қаһарлы кеңес үкіметі тарап, еліміздегі жекешелендіру саясатының пайдасы мен зиянын қатар көргендердің бірі еді. Дала академигі ұйытып іс істеген Ы.Жақаев колхозы әп-сәтте тоз-тоз болып, Жер-Ана бөліске түскенін көпшілік әлі ұмыта қойған жоқ. Әлемдік рекордтың көшін бастаған колхоздың бір емес бірнеше майда қожалыққа бөлініп, тарыдай шашылғаны еңбек адамдарына да сын болды. Сол мезеттерде өзінің шағын ғана «Егін» шаруа қожалығын дөңгелетіп жүрген А.Бердібаев майда шаруа қожалықтарды біріктіріп кооператив құруды ойластырады. Осылайша даңқты баба рухын қайта көтеріп, 2010 жылы 10 мамырда шаруаларды қосып, жұмыстың ауқымын да кеңейтеді. Тырмысып тіршілік қылған жігіт ағасы бұл күндері «Алтын дән» шаруа қожалығының төрағасы.
Абай атамыз кейінгі буынға «Егіннің ебін тауып, жан аямай кәсіп қыл», «Тіршіліктің тұтқасы баянды еңбекте» деп өсиет айтқан. Еселі бақытын еңбектен тапқан арда азаматтың бірі – «Алтын дән» өндірістік кооперативі шаруашылығының төрағасы Асқар Бердібаев десек артық айтқанымыз емес. Жер байлығын тіршіліктің тұтқасы, тоқшылықтың кепілі деп түсінген халқымыз «Жері байдың – елі бай», «Жер ырыстың – қазығы» деп жер байлығын игеруді, диқангершілікке баулып жастарды адал кәсіпке, ерен еңбекке баулыған. Жақаевтың ізбасарлары биыл да ізінен жаңылмай қамбаны астыққа толтыруға кірісіп кетіпті. Бізді егістік алқабына кірген бойда Асқар өзі күтіп алды. Күріш алқабымен даңқы шыққан ауылда өнеркәсіпке бет бұрғандардың қатары да қалың. Осы тұста ақ күріштен тау тұрғызған даңғайыр диқаншы Ыбырай Жақаев туралы сөз қозғамау мүмкін емес. Ы.Жақаев өз бойында ерен күшімен еңбексүйгіштігінің арқасында күріш дақылдарынан мол өнім алудың алғашқы үлгісін көрсетіп 1947 жылы дүниежүзілік рекорд жасағаны мәлім. «Жақсыға жақын көп» дегендей, өнегелі өмірін ауылдың дамуына аранап жүрген диқандар қауымы да Ы.Жақаевтың есімін ерекше мақтанышпен ауызға алды.
Ы.Жақаевтың егіс алқабына кірген бойда «Жер ырыстың кіндігі – еңбек ырыстың қазығы», «Егінші мәрт – жер жомарт» деген диқанның тәмсіл сөзі еске сап ете қалды. Айналаға көз тастасақ, шаруа адамдары қызу іске кіріскен. Біз табан тіреген тұс Еңбек Ері атандырған «Ыбырай түбегі» деп аталады. Диқанның ғұмыр бойы дән сепкен жерінен бас­тау алып, таңның атысы мен кештің батысына қарамастан егістік алқабында бел жазбай еңбек етіп жүрген диқанды күріш жинаудағы қызу тірлігін көзбен көріп, қойын дәптерге түртіп алдық.
«Тұқымын алып жерге бер» дегендей әрбір дақыл тұқымнан өнеді. Өнімді тұқым – ырыстың жоралғысы. «Егінді өсіре білуің – ең алғашқы асуды алуың, ал өнімін ысырапсыз жинап алуың – халыққа тартқан асылың» деген екен дала академигі. Өткен күнге зер салсақ, Ы.Жақаев 1964 жылдың ақпанында Қазақстанның жас егіншілеріне «Жастар сендерді ақ күрішті алқаптар күтуде» деген үндеу тастады. Сол үндеу осы күнге дейін Шиелінің аспанында қалықтап, ақ маржанның жайқалып өсуіне сеп болып тұрғандай көрінеді бізге.
«Талаптының туысы – еңбек» дегендей Асқар өзінен үлкен ақыл айтар ағаларына көмектесе жүріп, күріш өсірудің қыр-сырын меңгеріп, ақ күріштің атасы Ыбырай бабасына тартып күріш өсіруді қолға алғанын айтып өттік. Биылғы егістікке жаздың ыстық болуы мен шаруашылықтың озық технологияларды қолданылуы оң әсер еткен көрінеді.Жаңа заманның жетістігі жаңа техникалармен толыққан. 6 комбайн, 3 трактор мен 5 тасымалдаушы көліктерге иек артып қана қоймай, қол жұмыстарын да дөңгелетіп әкетуде. Ы.Жақаев егістік алқабын ақ күрішпен жайнатқан еңбек адамы алғашқыда 5 адам болып жұмыс жасаған ұжым қазір 60-қа жуық диқанды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. А.Бердібаев күріштің үш түрін өсіруді қолға алыпты. Күзгі жинаған өнім бір жылдық азық демей ме? Ең алғаш 2002 жылы небәрі 100 гектар жерге күріш егіп бастаған «Алтын дән-Шиелі» шаруа қожалығында жыл сайын жұмыс күші жетік, ауқымы да кеңейіп келеді. Өткен жылы 1000 гектарға күріш ексе, биыл көлемі 200 гектарға артқан. Бүгінде 1200 гектарға Сыр маржаны егіліп, 10 мың тонна астық жинауды межелеп отыр. Қамбаны толтырған алтын дәнге сұраныс та көп. Қазақстаннан бөлек сырт ел Қырғызстан мен Тәжікстанға да жөнелтіп отырғанын тілге тиек етті төраға.
Ауыл тек күріш өсірумен шектеліп қалған жоқ. Төраға алқапта ақ маржанды жайқалтып, кең даланың төсінде ірі қараның санын арттыруды жоспарлап отыр. Бүгінгі таңда мал шаруашылығын өркендетіп, асыл тұқымды іріқара «ангус» бұқасың санын арттыруда. Сондай-ақ алдағы жылдың жоспарын да нақтылай кетті. Бәрінен бұрын Ы.Жақаев ауылынан салынып жатқан күріш зауыт 2021 жылы қолданысқа берілетінін білдік. Тағы да Жақаев ауылымен еншілес болмаса да көршілес жатқан Ақтоған ауыл әкімі және тұрғындарымен бірлесе отырып, осында игерілмей қалған жерді инженерлік қалыпқа келтіріп, жер телімін игеруді қолға алуда. Бүгінгі кейіпкеріміз тек іскер азамат қана емес, меценат екенін де еске сала кетейік. Ауыл тұрғындарының қажетін шамалап, қолдан келгенше қаржылай қолдау танытатын Асқар жер пайызы бар ауыл тұрғындарына бақшалық жер беруді де жолға қойған. «Елде болса, ерінге тиет» демекші, шаруашылық басшысы өнімнің бір бөлігін тыл ардагерлері мен қазыналы қарттарға және тұрмысы төмен отбасыларға үлестіруді мақсат тұтқан. Кейіпкеріміз 2021 жылы 300 гектар бидай мен 300 гектар жоңышқа егуді көздеп отыр.Тіршілігі үйлесім тапқан Жақаевшылардың молшылықтың шуағына бөленіп, қуаныштың құшағына кенелуін тілеп, біз де редакцияға қарай бағыт алдық.

Шапағат ТІЛЕУБАЕВ
30 қазан 2020 ж. 871 0