Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Дала дарабозы

Дала дарабозы


Дала академигі атанған Екі дүркін Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаев атамыздың 125-ке толған торқалы тойына дайындық барысында аудан тұрғындары тарапынан ата аруағын құрметтеудің, оған деген шексіз сүйіспеншілікті байқадық. Тойға дайындық барысында кент орталығының тазалығын сақтауға, әрлендіруге, абаттандыруға қатысып жүрген әрбір азаматтың бет-әлпетінен тойға деген шексіз берілгендікті, құлшынысты көрдік. Республикалық деңгейде ұйымдастырылған Баба тойы барысында ауданда қаншама игі жұмыстар атқарылды. күріш өсіру тарихы музейі өз ауылына қайтып келді. Шиелі-Жақаев тас жолы күрделі жөндеуден өтті, ауылдық мәдениет үйіне күрделі жөндеу жасалып, айналасы қайта абаттандырылды. Қазақта жақсы әке балаға қырық жыл азық демекші, ата аруағы әлі де талай жылдар еліне халқына қызмет жасайды-ау деген ойға қалдық, ол жылдан-жылға аласарудың орнына қайта уақыт өткен сайын биіктеп қайта жаңғырып, ұрпақтарын жаңа табыстарға сүйреп келе жатқандай.

Ата – балаға сыншы
Қазақ халқы осы тәуелсіздік алғанша қаншама қиын-қыстау кезеңді басынан өткізді, қалмақ, жоңғар шапқыншылығы, қолдан жасалған аштық, репрессия жылдары қаншама ұрпақтан айырылдық. Бірақ дүниеде қазақ деген қайсар халықтың бар екенін дәлелдеп барлық қиындықтан аман-есен өтіп, ата-бабаларымыздың ерлігінің көрегендігінің арқасында тәуелсіздікке қайта қол жеткіздік. Қазаққа Алла сыйлаған дарынды ұлы Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында дүниежүзіне танымал ел болып мәңгі ел болуға талпынып жатырмыз. Ыбырай Жақаев орта жүздің ноқта ағасы Тарақты руынан. Абылай хан үш жүздің игі жақсыларына жер бөлгенде тарақтыларға Есіл өзенінің бойы тиген екен. Есіл қысқа өзен болғандықтан он екі атаға тарлық қылған болу керек ата-бабаларымыз Жақай, Итаяқбай, Қоңыратбай, Бестам осы Сыр еліне қоныс аударған екен. Бабаларымыздың басқа руластары сияқты Семей, Жамбыл жаққа бармай Сыр еліне келіп қоныс тебуінде үлкен көрегендік болған-ау дейміз. Сырдың бойында 1891 жылы Ыбырай дүниеге келіп, көп ұзамай анасы қайтыс болып, әкесі Жақайдың тәрбиесінде болады. Ол кезде арғы бетте тұрып ешкім қоныс теппегендіктен сексеуілдің әрқайсысының бойы 3-4 метр болып, саясында қараша үй тігіп отырады екен. Балалар сол көлеңкеде әкелерінің қасында ойнап жүргенде Жақай қасындағы замандастарына:
– Әй, сендер байқайсыңдар ма, біздің Ыбырай жүргенде жер дүңкілдеп дыбыс шығарады дейді екен. Жақай тегін адам болмаған-ау, жердің, елдің атын баласы шығаратынын сол кезде-ақ сезген сияқты. 1929 жылы арғы беттен қоныс аударып “Қызылту” атымен құрған кезде де келіп қоныстанған жерлері керемет. Қызылтудың жан-жағы өзен, көл, дарияға жақын. Тоғайлары тола қырғауыл, қоян, жері шырайлы, шеңгелдің асты қара топырақ. Нағыз рекордтарды дүниеге келтіретін құйқалы жерге қоныс тепкенде де Ыбырайды Алла қолдап, қолына кетпенін ұстатқан-ау дейміз.

Алып күш иесі
Қазақтың заңғар жазушысы Сәбит Мұқанов өзінің Ыбырай туралы «Сырдария» романын жазған кезде Қызылту колхозына келіп, диқанның өмірі мен күнделікті тыныс-тіршілігімен, диқандық кәсібімен терең танысу үшін біраз халықпен, елмен араласқаны белгілі. Сәбит Мұқановтың өзі де ірі адам болған ғой. Ыбырайды көрген кезде оның жаратылысына, саусақтарының ірілігіне, денесінің шымырлығына, басқанда жер солқылдайтын жүріс-тұрысына таңқалдым – деген екен Ыбекеңнің 34 жыл бригадирі болған Қойшыбай Оразымбетов ағамыз Сәбит Мұқановтың сөзінің дәлелі ретінде өзінше көзі көрген Ыбырайдың күш-қуатының орасан екендігін төмендегі оқиғамен дәлелдейді: – Ащыарал деген жер күріш егуге қолайлы. 10 гектардай тың жер көрдім. Ұлы Отан соғысының қызу жүріп жатқан кезі. Майдан үшін астықтың әр келісі алтыннан да қымбат. Қайтсек астық өнімін молайтамыз, күріш танабын кеңейтеміз деп жүргенбіз. Көрген жерді Ыбекеңе айтып: бірақ түйе бойы қалың ну жиде екен дегенімде Ыбекең: – Адам бер, мен оны көктемге дейін отап тастайын: – деді. Соғыстың кезі бригадада қарулы еркек жоқ. Үш шал, он екі әйел бөлді. Ыбекең ұстағы үш байтесе (жиденің түбірін соғатын, асыл темірден жасалған сүймен) соқтырып алды. Ыбекеңді әйелмен 16 кісіні жұмысқа жіберіп, кешке отаған жерлерін өлшейін деп бара жатыр едім, жолай ауданның бас агрономы Әнес Алтынбеков қосылды. Ащыаралдағы тың жердің ортасындағы бір жалғыз аяқ жолдың оң жағынан 15 кісі, сол жағынан Ыбекең жалғыз өзі түсіпті. Жолдың екінші жағындағы ағашы аталған жерді аршынмен өлшегенде 15 кісінің отаған жерінен Ыбекеңнің отаған жері 226 метр артық болып шықты. Түйедей жиде ағаштың түбін 30 см-дей қазып,байтесемен қағып тас­тай береді екен. Міне Ыбекеңнің күші мен қоғамдық жұмысқа деген ықыласы осындай болған.

Рекордтық өнім
Ы.Жақаев күріш екпей тұрып та егінмен айналысып, арғы беттегі құмдар ішіндегі ылғалды, көктемде қақ тұрған ызаларға тары, жүгері, бидай егіп, өсімдіктің бойындағы ылғалды сақтау әдісін де білген екен. Өзінің осы бай тәжірибесін күріш егуге қолданып, көптеген жылдар тәжірибе жинақтап, күріштің өсу дағдысын зерттеп, көп жылдарғы таза еңбегінің арқасында рекордтық өнімге қол жеткізді. 1949 жылы өзіне бекітілген 5 га. жердің әр гектарынан 171 ц. өнім жинап, бүкіл дүниежүзін дүр сілкіндірді. Қытай, Жапон ғалымдары жағасын ұстап, орыстың ғалымдары күмән келтірді, алынған өнімді, егілген жерді, кеткен шығынды тексеру басталып, диқанның мазасы кетіп, күрішің анау, қырманда, жерің анау жатыр қалғанын өзің тексеріп ал мен Нартайдың әнін, Аймангүлдей өлеңін тыңдауға кеттім деуі нағыз адалдықтың белгісі емес пе? Ақыры тексеріп, ештеңе таба алмағасын Ыбырайдың жасаған дүниежүзілік рекордын мойындап, оған Социалистік Еңбек Ері деген жоғарғы атақ беріліп, кеудесіне «Алтын жұлдыз» бен «Ленин» ордендерінің тағылуы диқанның таза еңбегінің жемісі болды.

Жақаевшылар қозғалысы
Ы.Жақаев бұл өнімге қол жеткізгенмен, күріш егісінің жағдайы соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру кезінде өте ауыр жағдайда өрбіді. Егістің көлемін көбейтіп, оның өнімділігін арттыру өте баяу жүргізілді. Республикада біздің облыс­та күріш егісінің жағдайы туралы сол кездегі КПСС Орталық комитетінің бас хатшысы Н.Хрушевтің “Правда” газетінде жарияланған мына мәлімдемесі қозғау салған сияқты: – Күріш туралы қысқаша айтқым келеді. Жақында мен Қазақ Республикасының Қызыл Ту колхозындағы Ыбырай Жақаевтың звеносы туралы басылым бетінен жарияланған мақаланы оқыдым. Менің бұл кісіні тыңдауыма тура келгені ол нағыз шебер. Ол күріштің әр гектарынан тұрақты түрде 70-90 ц. өнім алуда, мектеп ашып, күрішшілерді оқытып жатыр, қазіргі таңда 100 адам оқытып шығарды. Шәкірттерінің бәрі жас адамдар. Мысалы, колхозшы Заһира Ержанова үш жыл бойы күріштен 50 ц. өнім алып келеді. Бұл әрине жақсы. Бірақ күріш өсіруші аудандарда осындай мектептер қанша деп Қазақ Республикасының басшыларынан сұрағым келеді: Өте аз. Күріш өсіруші озаттардың тәжірибесі нашар таратылуда. Сондықтан, Қазақстанның көптеген колхоз-совхоздары күріштің әр гектарынан 15-20 центнер ғана өнім алып отырғаны кездейсоқ емес.
Бас хатшының осы мәлімдемесінен кейін облыс­та күріш егісіне деген көзқарас мүлде өзгере бастады. «Құланның қасуына, мылтықтың басуы» дегендей әрі осы мезгілде облысқа бірінші басшы болып, су маманы Мұстақым Ықсановтың келуі де оң ықпалын тигізді. М.Біләлұлы облысқа келісімен бірден Ыбырайға сәлем беруге келіп, облыста күріш егісінің жағдайы туралы диқан мен хатшының ойы бір жерден шығып, егістік көлемін арттыру, ол үшін жерді инженерлік жүйеге келтіру жұмыстары басталып кетті. Енді күрішшілер қатарын көбейту мен жастарды егіншілікке тарту міндеттері алда тұрды. Бұл ретте Ыбырай Жақаевтың 1964 жылы наурыз айында “Жас ұрпаққа сәлем хат” деген Жолдауы жарық көрді. Жолдау газетте жария­­ланып, радиодан берілді, облыс көлеміндегі барлық бастауыш комсомол ұйымдарында талқыланды, облыс жастары тарапынан қызу қолдау тапты. Мектеп бітіруші жастар Ыбырайдың қолынан еңбек аттестатын алып, күріш егуге бүкіл сынып болып аттанып жатты. Әрине, бұл саяси науқанда сол кездегі облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Абылай Айдосов пен облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Қ.Жарқынбековтің еңбегінің аз болмағанын айтуымыз керек. Бүкіл облыста жақаевшылар қозғалысы белең алды. Сол жылдың өзінде ауданымыздағы Бала би ауылындағы мектеп бітіруші 25 жас сынып жетекшілері Мырзахан Қойлыбайұлымен бірге күріш егуге аттанып, бүкіл облыс жастарына үлгі болды. Сол 1964 жылдың өзінде облыста 74 жас күрішшілер қатарын толықтырды. Облыста күріш егісінің көлемі күрт өсіп, 29600 гектарға жетті. Осы жылдың жетістігі қорытындыланып, облыста жақаевшылар қозғалысының слеті өткізіліп, оған екінші ғарышкер-ұшқыш Герман Титов қатысты. Міне, осы кездегі жақаевшылар қозғалысының өрлеуі, жастардың қоғамдық еңбекке деген ынта-ықыласы ақын-жазушылардың, сазгерлердің шығармашылық арқауына айналды. “Жақаевшылар маршы”, “Жақаевшы жастар әні”, “Ақ күріш туралы ән”, “Күн аруы ақкүріш”, З.Шүкіровтің сөзіне жазылған “Сыр сұлуы” әні әлі шырқалып жүр. Әрине, жақаевшылар қозғалысы кезінде ауданымызда да талай жастар ата жолын қуып күрішші болды, абырой-атақ алды. Комсомол мүшелері Серікбай Тойманов, Берікқара Әбжапбаров, Дариха Сейітова, Шәркүл Мүсілімова, Күнімхан Байжігітова, Зухра Сағындықова, Цой Магелс, Күлшат Абайділдаева, Бағлан Әшірбеков, Сарагүл Жантұрсынова, Рысбай Мауленов жақаевшылар қозғалысының белсенді мүшелері болды.
Әсіресе, Бағлан Әшірбеков атасынан бата алып, көптеген асуларды бағындырды. ВЛКСМ-нің екі съезіне делегат болып, Ленин комсомол сыйлығының лареаты болып, жастар мен студенттердің Кубада өткен слетіне делегат болды. Жақаевшылар қозғалысының кезінде жастардың техниканы игеруге ұмтылысы зор болды. Комсомол мүшелері Рыскүл Әйменова, Меруерт Баймаханова, Күләнда Секерова, Жұмакүл Дүйсебаева, Қазына Дүрімбетова, Жадыра Таспамбетова, Рысбай Мауленов, Сұлтан Айтасов, Мұхамеджан Үрпеков, Беркімбай Мұханов тракторист мамандығын игеріп, техниканың құлағында ойнады. Рыскүл Әйменова қазақтың мемлекеттік медицина институтын бітіріп, дәрігер болса, Қазына Дүрімбетова ауыл әкіміне дейін көтерілді, Жадыра Таспамбетова бейбіт еңбекте соғыстағы А.Мересьевтің ерлігін қайталап, омырауына алтын жұлдыз тақты.
Міне, өздеріңіз көріп отырғандай, Ыбырай атамыздың еңбектегі бастамасы қаншама азаматтардың еңбегін жандырды, абыройға жеткізді, елдің қалаулысына айналдырды. Қай қоғамда болсын адамға абырой әперетін оның қоғамдағы орнын белгілеп, абыройын асқақтататын еңбек екенін осыдан-ақ аңғаруға болады. Елбасымыз Н.Назарбаев та қарапайым еңбек адамдарын бағалау керек, сондықтан егінші, бақташы, сылақшы, тас қалаушы, дәнекерлеуші сияқты мамандықтарға жастардың баруы керек деуі де еңбек адамын бағалаудың оны ардақтаудан туған салиқалы тұжырым екені айқын.

Алыптар достығы
Қазақта кеудесіне қос алтын жұлдыз таққан Нұрмолда Алдабергенов, Жазылбек Қуанышбаев, Ыбырай Жақаев екенін кейінгі ұрпақ есінде сақтау керек сияқты. Әсіресе, еңбек адамдары Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданының атақты шопаны Жазылбек Қуанышбаев пен Шиелі ауданындағы Қызылту колхозының күрішшісі Ы.Жақаевтың достығы халықтың есінде. Қос алып қайда кездессе де бірін-бірі сағынып, құшақтары жазылмай жүретін. Жазылбек Ыбекеңе қарағанда ашық жарқын, қазақша қағытпа әзілге де шебер екен. Бірақ Ыбырай атамыз да анда-санда шеберлікпен іліп тастап отыратын көрінеді. Жазылбектің екі әйелі де бірге тұрады екен. Ыбекең кейде әзілдеп: – Әй, Жазылбек осы сенде әйел көп дейді ғой деп өзінің кемпірі жоқтығын досының есіне салатын көрінеді. Әсіресе, Жазылбектің екінші әйелінен Қойшыбек, Тойшыбек деген егіз ұл дүниеге келгенде Ыбырай атамыз да Бибіажардан егіз ұл тапқандай қуанып барып қайтыпты. Жазылбек те Ыбырайдың 80, 86 жылдық мерейтойларына егіз ұлымен бірге, бүкіл ауданның делегациясымен, 80 жастағы мерейтойында атақты жазушы Әзілхан Нұршайықовпен бірге келді. Қос алып дүниеден өтсе де достықтары әлі жалғасып келеді. Ыбырай атамыздың ұлы Сейітбек те Жазылбектің тойларына арнайы баруда. Ыбырай атамыздың 110, 120, 125 жылдық мерейтойларында Мойынқұм ауданының делегациясы келіп, тойдың ажарын келтірді. 125 жылдық мерейтойда Мойынқұм ауданы әкімінің орынбасары бас болып, Қойшыбек пен Тойшыбек 50-ден астам аудан өнерпаздары келіп, ата тойының ажарын келтірді. Алыптар достығы да өздерінің атақ-даңқындай мәңгілік болса дейміз.

Атадан бата алған азбайды
Бата қазақ халқымен ғасырлар бойы бірге жасап келе жатқан, қадір-қасиетін жоғалтпаған киелі ұғым. Халқымыз батаға, құдайға сенген. Елін қорғаған алпауыт батырларымыз да жауға аттанғанда тізерлеп тұрып елдің үлкенінен бата алған. Соның арқасында елдің тілегі қабыл болып, қалмақ, жоңғар сияқты қазақты жер бетінен жойып жібергісі келген дұшпандарымыздың өзін жер жастандырған. Батаның арқасында қазақ халқы небір қиын-қыстау заманды басынан өткізгенімен, жер бетінен жойылып кетпеді. Қайта әлемде тоғызыншы орында тұрған жерімізді астындағы ен байлығымен ұрпағына тарту етті. Сондықтан, халқымыз “батамен ер көгереді, жауынмен жер көгереді” деген ұлағатты сөзді мұраға қалдырған. Ыбырай да өзінің әкесі Жақайдың батасының арқасында даланың дарабозы болған.
Атадан бата алған ізбасарларының бәрі халық құрметіне бөленді. Шырынкүл Қазанбаева, Ұлбала Алтайбаева, Байдүйсен Оразов, Заһира Ержанова Социалистік Еңбек Ері атағын алса, Абызбай Бексейітов, Арғынбай Асанов, Раушан Қарабаева, Ұлдар Дәуішова тағы басқа түрлі мемлекеттік наградаларға ие болды. Ал, атасының батасын алған жақаевшылардың бәрі де халық құрметіне бөленді. Ізбасары Патан Айманова ВЛКСМ-ның Х съезіне делегат, Берікқара Әбжапбаров ВЛКСМ-ның пленум мүшесі болып, съезде сөйлеу құрметіне ие болды. Ал, Бағлан Әшірбековтің жеткен жетістіктерін жоғарыда айттық. Атадан бата алып, әлі күнге дейін күріш егумен айналысады. “Әшірбеков” шаруа қожалығын құрып, биылғы жылы 1000 гектар жерге күріш егіп, Еңбекшідегі ағайынды жұмыспен қамтып, егелік жасап отыр. Сондықтан, келешек жастар өмірінде үлкенді сыйлау, үлкеннен бата алу үрдіске айналып, батадан бастау алған өмірлері жалғасын тауып, баянды болса дейміз. Қазақта келіннің үлкенге сәлем салуы атадан балаға жалғасып келе жатыр. Ыбырайдан “көп жаса” деп бата алған келіндерінің тірлігіне разы болып, көп жаса деген қарындастарының да өмірі ұзақ болып отыр. Ыбырайдан осындай бата алған келіні Бибіхан 96 жыл, ізбасар болып бірге егін еккен Шырынкүл Қазанбаева 99 жасқа, ал, күнделікті араласып, батасын алып, шәйін құйып жүрген келіні Күлмарал 94 жасқа келіп отыр. Үйленгеннен кейін күйеуі соғысқа кетіп, Ыбекеңнің қарамағында кетпенші болған Нұртөре Жүсіптің анасы Рабиға Бәйділдақызының жігері мен бейнеткештігіне риза болып “көп жаса балам, көретін қызығың көп болсын”, – дейді екен. Рабиға жеңешем де 93 жасқа келіп, Алматы мен Шиелінің арасында емін-еркін сайрандап балаларының, немерелерінің қызығын көріп, саналы ғұмыр кешті. Кезінде Ыбырайдың ағасы Әбудің үйінде тәрбиеленіп, ағасының батасын көп алған менің апам Күлажар да 90 жасқа келіп отыр. Қазіргі таңда келіндер арасында дастарқандағы табақты алған кезде сәлем салу ескінің қалдығы деген пікірлер некен-саяқ айтылып қалады. Сәлем салған келіндердің ұзақ жасағанына қарағанда келіндерге бата алғанның зия­ны жоқ сияқты.
Көптеген мемлекет және қоғам қайраткерлері де атадан бата алған екен. Сырдың абыз ақсақалы Сейілбек Шаухаманов та кезінде атадан бата алған. Қазақтың белгілі қоғам қайраткері Нұртөре Жүсіп те тіпті студент кезінде өзінің группалас достары Дархан Мыңбай, Бейбіт Сапарәлімен бірге келіп, атасының батасын алған, сол азаматтардың бәрі қазір қазақтың белгілі азаматтарына айналды. Соған қарағанда бата халықтың арман-ойын жүзеге асыратын қозғаушы күші, мәңгілік еліміздің ұлттық иделогиясының түп қазығы екендігі даусыз.
Қорыта айтқанда, Ыбырай атамыз ғасырларда дүниеге бір келетін даланың дарабозы, ірі тұлғасы елдің абыройы, қамқоршысы. Күн өткен сайын ата аруағы биіктей түседі, ұрпағымен мың жасайды. Жасампаз халқының жүрегінде ата аруағы мәңгі сақталады дегіміз келеді.
Есіркеп ШӘДІБЕКОВ.
20 желтоқсан 2017 ж. 2 044 0