Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » СЫР БОЙЫН НҰРҒА БӨЛЕГЕН ҰСТАЗ

СЫР БОЙЫН НҰРҒА БӨЛЕГЕН ҰСТАЗ

Қазақ даласының тарихына үңілсең, әр ғасыр өз арнасына бір тұлғаны сыйдырады. Бірі – елін найзамен қорғаған ер, бірі – жүректі нұрмен нықтаған ғұлама, енді бірі – елдің рухын оятқан ұстаз. XIX ғасырда дәл осы үш қасиетті бір бойына топтастырған жан бірі болды. Ол – Оразай Бұғыбайұлы. Ел аузындағы аты — Оразай ишан.
Оның өмір жолы дарияның толқыны секілді. Бірде асау, бірде мамыржай, бірақ ешқашан тоқтамайтын ілгері ағыс. Сол ағыс қазақтың рухани тарихына да, елдік болмысына да өз өрнегін қалдырған.
Оразай ишаның жастық шағы – Қоқан мен Хиуа, бір жағынан орыс пен Қытай елді алқымнан алған кезге тура келді. Жүректегі оты, білектегі күші, қайтпас мінезі оны жалаулы найза ұстайтын қайсар батыр етіп қалыптастырды. Бірақ Оразайдың адамдық болмысы қара күшке ғана байланған қамшының сабындай жалаң дүние емес еді. Оның өмір жолы түптеп келгенде, адам рухындағы өзгелер байқамайтын үлкен бір бұрылыстың дәлелі болатын. Сол бұрылыс Сырдария жағасында жасалды.
Дария… Өмір мен өлімнің, өткінші мен мәңгіліктің арасын бөліп тұрған секілді. Оразай сол бір күннің сүреңінде дариядан өтпек болып тұр еді. Қайық алысқа кетіп бара жатқан. Ердің дауысы зор ғой, «Қайтыңдар!» деп шақырды. Қайықшы тоқтады, кері бұрылды. Бәрі үндемей тұрды, тек бір ғана ақ сақалды, жүзі нұрлы қария:
– Балам, бұл – қиянат, – деді.
Қиянат. Тек бір ауыз сөз. Бірақ осы сөз Оразайдың жүрегіне жай ғана кіріп шыққан жоқ, дәл ортасына қадалды. Сол қария – елге белгілі Құлболды ишан еді. Сол күн Оразайдың рухани сапарының басы еді. Сол сөз оның өмірін екіге бөлген рухани дауыс еді.
Адам кейде бір сәтте өзгереді. Ешкім байқамайтын, ешкім түсінбейтін, бірақ бүкіл болмысты төңкеріп кететін сәт. Оразай ишан үшін дәл сондай сәт Құлболды ишанға шәкірт болумен басталды. Ол бұрын соғысқа мінген тұлпарды тізгіндесе, енді ғалымдар мінезін меңгерді. Бұрын қарудың салмағын көтерсе, енді сөздің, білімнің салмағын көтерді. Бұрын денесін шынықтырса, енді жүрегін, рухын шынықтырды. Ол ұстазының ең алғыр, ең зерек шәкіртінің бірі болды.
Шәкірттердің қызғанышы басылмай жүрген кезде, ұстазы бір сынақ жасайды. Өгіз жайылып жүр. Құлболды ишан:
– Кім дем салады? – дейді.
Шәкірттер бірінен соң бірі дем салады – еш әсер жоқ. Сосын Оразайды шақырады. Оразай дем салады. Өгіз етпетінен құлайды. Бұл – әфсана емес, халық санасында сақталған хикая. Ол – Оразайдың физикалық күшінің ғана емес, рухани қуатының дәлелі. Өгіз қайта тұрып кетеді, ал шәкірттердің өзіне деген көзқарасы – мәңгі өзгеріп еді.
Құлболды ишан оған ұзақ жыл тоспастан ишандық хатыршат жазып берді. Хатыршат туралы мағлұмат кейбір деректерде келгенімен, оның асыл мәтіні мен мазмұны әлі ғылыми айналымға еніп үлгірмеген. Тіпті біз бұл құжатты осы күнге дейін Оразай ишанның ұрпақтары сақтап келе жатқанын да білмедік. Қателеспесек, хатыршат туралы алғашқы «сүйінші хабар» – 2015 жылы «Қазақстан Қарағанды», қазіргі «Сарыарқа» телеарнасы түсірген Ахмет ишан Оразайұлы туралы деректі фильмде айтылды. Онда «Оразай ишанның хатыршаты» деп бір беттік көне қолжазбаның суреті «жылт» етеді. Ал ол бейнені ақырын тоқтатып, бажайлап қарағанда, оның Нақшбандия тариқатына қатысты құжат екенін аңғарған. Бірақ түсірілімде оның бір ғана бөлігі көрсетілген. Сөйтіп, хатыршаттың өзімен толық танысу мақсатында, Оразай ишанның ұрпақтарына іздеу салынады. Сол мезетте құжат Оразай ишанның кіші ұлы Жармұхаммед ишанның Алматыда тұратын немересі – Фархат Сұлтанұлының жеке қорынан табылады. Хатыршат һижра жыл санауымен 1271 жылы (милади 1854 жылы) берілген. Бұл кезде Оразай екі әлемнің арасын біріктірген тұлғаға айналған еді.
Батасын алған соң, Оразай ишан ел ішіндегі халыққа иман үйрету жолына түсті. Сырдарияның арғы бетінде, Зіңкетер деген жерде мешіт-медресе ашты. Ол жай молда емес еді – ол халықтың көзі ашылып, көңілі оянсын деп оқу-ағарту ісін жүргізген ауқымды дін қайраткері болды. Сыр бойының төрт датқасы оны арнайы шақырып, аймақтың рухани жетекшісі болуды өтінді. Оразай сол жерден елге имандылықтың шамшырағын жағып, айналасына үш жүзден адам жинап, қауым құрды. Сұлутөбе маңындағы оның мазары – әлі күнге дейін халық зиярат етіп жүретін қасиетті орын. Бұл – елдің ол кісіге деген құрметінің үзілмеген белгісі.
Бұдан бөлек kozhalar.kz сайтында келтірілген деректерге сүйенсек Оразай ишан мен оның ұрпақтарына тиесілі жәдігерлер де осы күнге там-тұмдап жетіп отыр. Солардың бірі – Ахмет ишанның жеке мөрі. Бұл жәдігер Ахмет ишанның Мұртаза деген ұлының немересі – Файзоллаұлы Рахаттың жеке қорында сақталған. Мөрдің екі жағында «Ахмад хожи бин Рузи халифа» (Халифа Оразай ұлы Ахмет қажы) деген жазу бар. Сондай-ақ мөрдің бірінші бетінде – (һижри) 1318 жыл, екінші бетінде – (һижри) 1319 жыл деп көрсетілген. Бұл уақыттар милади 1900-1901 жылдарға сәйкес келеді. Демек, Ахмет ишан жеке мөрін 39-40 жастар шамасында жасатқан болуы керек. Демек Оразай ишанның сопылық тариқатта «халифа» дәрежесіне жеткеніне көз жеткізуге болады. Расында, Құлболды ишаннан хатыршат алған Оразай ишан «пірдің жолын жалғастырушы «халифа» (орынбасар)» деген атаққа ие болған. Әрі осы мөр арқылы Оразай ишанның тарихи құжаттардағы есімі – «Рузи» болғанын аңғаруға болады. Бұл сөз парсы тілінде «күн» деген мағынаны береді. Мәселен, адамды таң атқаннан күн батқанға дейін, яғни күні бойы ішіп-жеуден тыятын құлшылық түрін «руза» (ораза) деп атайды. Бұл сөз Абай Құнанбаевтың «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңінде де көрініс тапқан: «Руза, намаз, қажылық – талапсыз іс, Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс».
Оразай ишанның ұрпақтары – оның ілімінің жалғасы. Қожахмет, Ахмет, Жармұхаммед – өз заманындағы білімді, зиялы азаматтар болды. Арқа жұрты 16 жастағы Ахметті елге ишандыққа шақыруы, ал Шал сыншының «Бұл бала ел билейді» деуі – әулетке дарыған рухани қуатты көрсетеді емес пе?!
Оразай ишанның өмірі – адам рухының жаңғыруы десек, оның жолы – кісіліктің кемелденуі, ал мұрасы – халық жүрегінде қалған имани сәуле. Ол – найзаны жерге қойып, жүрекке нұр түсірген, батырлық пен даналықты бір тудың астына біріктірген дін қайраткері.

Г.Әбдіханиқызы
24 қараша 2025 ж. 25 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№89 (9356)

22 қараша 2025 ж.

№88 (9355)

18 қараша 2025 ж.

№87 (9354)

15 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930