БОЛМЫСЫ БӨЛЕК АСАНХАН

Асанхан Кемелұлы – Ортақшыл ауылының түлегі, Сыр өңірінің серкесі, ұлт руханиятына елеулі еңбек сіңірген біртуар ұстаз. Ол кісінің өмір жолына қарап отырып, адал еңбек пен шынайы ықыластың, тектілік пен тәрбиенің, зиялылық пен кісіліктің не екенін ұғуға болады. Бұл кісі – шын мәнінде, ел есінде қалуға лайықты тұлға.
1944 жылдың 7 мамырында Ортақшыл ауылында дүниеге келген Асекең білім мен тәрбиені өмірлік серік етті. Мектеп қабырғасынан бастап білімге, ізденіске құштар болды. Шиелі орталығындағы М.В.Ломоносов атындағы мектепте оқып, кейін Шымкенттегі педагогикалық институтты тәмамдауы – оның ұстаздыққа бет бұруының алғашқы қадамдары еді. Ал нағыз еңбек жолы ауыл мектебінен басталды. 1968 жылы №150 Ортақшыл орта мектебіне тәрбиеші болып орналасып, кейіннен тарих пәнінің мұғалімі, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды. Бірақ Асанхан Кемелұлын жай ғана «мұғалім» деп атау жеткіліксіз. Ол кісінің бойынан ұстазға тән барлық қасиет табылатын. Сабақ беру – тек білім үйрету ғана емес, ұрпақ тәрбиелеу, ұлтты сүюге баулу, тарихқа құрмет ету, салт-дәстүрді дәріптеу екенін жақсы білеміз. Ол шәкірттерінің көкірегіне білім нәрін ғана емес, адамдықтың дәнін де септі. Оның тәрбиесін көрген жүздеген түлек бүгінде елдің әр түкпірінде абыройлы қызмет атқарып жүр. Асекең мектеп қабырғасындағы қызметімен шектелмеген. Оны аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде мен жақсы білемін. Ол ауыл жылнамасының шынайы шежірешісі, Сыр бойының тарихын зерттеп, жазып жүрген қаламгер де болды. Қолынан қаламы түспейтін, жазған дүниелері аудандық «Өскен өңір» газетінде жиі жарық көріп тұратын. Ауылдың өткені, ондағы тұлғалардың тағдыры, елге сіңірген еңбегі туралы мақалалары бүгінде құнды мұраға айналды.
Асанхан Ақпанбетовтің әңгімелерін тыңдаған адам терең тарих қойнауына еніп кеткендей күй кешетін. «Қауыс», «Домалақ», «Типы» тоғайлары жайлы айтқанда, көпшілік әр сөзін ұйып тыңдайтын. Ол ауылдың, елдің, жердің өткені жайлы айтқанда, дерек пен дәйекке сүйенетін. Өзінің зерттеулерінде ауыл тұрғындарының 1928 жылдан бастап ұжымдасқан кезеңдерін, ашаршылық жылдарындағы қиыншылықтарды, елдің есін жиған тұстарын нақты айтып, ұрпақ санасына жеткізуге тырысты.
Осындай тарихи танымы терең ұстаздың елге сіңірген еңбегі де елеусіз қалмады. «ҚССР оқу ісінің үздігі», «Еңбек ардагері» медалінің иегері атанды. Сондай-ақ республикалық және облыстық деңгейдегі бірнеше Құрмет грамоталарымен марапатталды. Бұл марапаттар – оның адал еңбегіне берілген әділ баға. Асекеңнің бойындағы тағы бір ерекше қасиет – ұқыптылығы мен жинақылығы еді. Қашан көрсең де тіп-тік, тап-таза, жинақы жүретін. Жасы сексенге жетсе де, қимылы ширақ, ойы сергек қалпынан тайған жоқ. Бұл – өмір салты мен ішкі тәртібінің жемісі еді. Мұндай көркем мінез, биік парасат кез келген адамның бойынан табыла бермейді. Ол – ұстаз ғана емес, нағыз ағартушы еді. Өзінің бастамасымен мектеп ішінде музей ашып, тұңғыш директор Мінәт Қалдыбаевтың рухына тағзым ретінде оның еңбектерін жинақтады. Құнды құжаттар мен тарихи суреттерден құралған бұл музей – кейінгі ұрпаққа қалдырған мол мұра. Сол музейді ұқыптылықпен жинақтап, ұрпаққа тарихи сананы дарыту жолында көп еңбек сіңірді. Оның есімі ел жадында қалары кәміл.
Өркен ИСМАИЛ,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы