АУЫЛДЫҢ «АЛТЫНСАРИНІНЕ» АРНАЛДЫ
Сонау колхоздастыру кезеңінде елдің алдында жүріп, халықты сауаттандыруға қалтқысыз қызмет еткен жандардың бірі – Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озаты Мінәт Қалдыбаев болатын. Өмір жолы өнегеге тұнған ұлағатты ұстаздың туғанына биыл 115 жыл толды. Ұстаздығымен қатар шығармашылық еңбектері де елдің жадынан өшпеген тұлғаның мерейтойы Ортақшыл ауылында атап өтілді.
Ауданның әр түпкірінен жиналған жас жазба ақындар ауылдан алғаш мектеп ашып, саналы ғұмырын ауылдастарын сауаттандыруға арнаған Мінәт ұстаздың мағыналы ғұмыры жайлы арнау өлеңдерін оқып, сайысқа түсті.
Ауданның әр түпкірінен жиналған жас жазба ақындар ауылдан алғаш мектеп ашып, саналы ғұмырын ауылдастарын сауаттандыруға арнаған Мінәт ұстаздың мағыналы ғұмыры жайлы арнау өлеңдерін оқып, сайысқа түсті.
Жиынды ауыл әкімдігінің қызметкері Қ.Нүптілдаев пен ҚР Білім беру ісінің үздігі, ардагер ұстаз А.Ақпамбетов ашып берді.
– Қазақ топырағында алғаш мектеп ашқан Ы.Алтынсарин Ұлы ұстаз атанса, Ортақшыл ауылында мұндай мәртебеге Мінәт Қалдыбайұлы лайық. Ауылдағы алғашқы мектептің іргетасын қалап, содан кейінгі бүкіл ғұмырын ұстаздыққа арнады. Мыңдаған шәкірт тәрбиеледі. Мектепке басшылық жасай жүріп мықты мұғалімдердің тұтас бір шоғырын қалыптастырып үлгерді, – деді Асанхан Ақпамбетов. Одан соң ұстаздың ұрпақтары сөз алып, оның өмірі жайлы естеліктерімен бөлісті.
«Еңбегі елге еленген ардақты ұстаз» атты жазба ақындар мүшәйрасына 12 талапкер қатысты. Кіл мықтының ішінен бабы мен бағы шапқан үміткерлер жеңіс тұғырынан көрініп, марапатқа бөленді. Атап айтсақ, Алғабас ауылынан Еламан Кенжешев пен Ә.Тәжібаевтан келген Гүлназым Кәрім ІІІ орынды, Қарғалы аулынан Бағдат Достияров ІІ орынды, жиделілік Дильназ Ержігіт І орынды жеңіп алса, бас жүлде Ортақшыл ауылының қатысушысы Ердәулет Қалиевке бұйырды. Өзге қатысушыларға алғыс хат пен бағалы сыйлықтар табысталды.
Мінәт ұстаз көзі тірісінде өзі тұратын үйдің 1 бөлмесін кітапханаға айналдырып, онда 7 мыңнан аса кітап қорын сақтаған. Соның арқасында ол ауылдағы балалардың ғана емес, үлкендердің де сауаттануына зор күш салған қайраткер. Ұстаз өмірден өткен соң ұрпақтарының бастамсымен ауылдағы ескі мектептің ғимаратынан М.Қалдыбаевқа арнап музей мен өзі жинаған 4 мың кітаптан тұратын кітапхана жасақталады. Өкініштісі, кейіннен тозығы жеткен ғимаратты босату керек болып, кітапханадағы бүкіл кітап қараусыз күйде қалады. М.Қалдыбаевтың ауылдастары мен ардагер ұстаздардың ендігі арманы тарихи тұлғадан қалған мұраны көзінің қарашығындай сақтайтын бір орын болса дейді.
Адам баласының қай-қайсысы да дүниеге әкелген анасынан кейін сол дүниенің қыр-сырын үйреткен ұстазының алдында қарыздар. Ал бұл қарыздың өтеуі – мұғалімнің есімін ел жадынан өшірмей, өнегелі өмір жолын кейінгі ұрпаққа дәріптеу болмақ.
Г.ЯХИЯ