ЕҢБЕГІ ЕРЕН ҚОС ТҰЛҒА
Сырдың жағасын мекендеген халық – дана халық. Аты әлемге мәшһүр әнші де, күйші де, жыр саңлақтары да, қара сөзден жыр өрген өрендер де Сыр топырағында дүние дидарын көріп, ел дамуы жолында ерекше еңбек еткен. Соның ішінде шежірелі Шиелі ауданына қарасты Ортақшыл ауылының қос перзенті Дүйсенбі Смайылов пен Мінәт Қалдыбаевты ерекше атап өткен жөн. Бұл мақала да еңбегі ерен ерлер жайлы болмақ.
Бүгінде ұядай ғана шағын Ортақшыл ауылының атын шығарып, «тұлғалар» төрінен орын тепкен Мінәт Қалдыбайұлының туғанына – 115 жыл, ал Дүйсенбі Смайыловтың өмірге келгеніне 90 жылдың жүзі болды. Қос тұлғаның өзі болмаса да еңбегі ел жадында сақталып қалды. Аңызға бергісіз асқар алыптардың мерейтойында жерлесі бола тұра үнсіз қалуды жөн санамадым. Сондықтан, екеуінің ғұмырдариясына бойлап, басылым беттерінде солар жайлы жазылған пікір-пайымдарды оқып, үн қатып, қалам тербеуге көштім.
Бүгінде ұядай ғана шағын Ортақшыл ауылының атын шығарып, «тұлғалар» төрінен орын тепкен Мінәт Қалдыбайұлының туғанына – 115 жыл, ал Дүйсенбі Смайыловтың өмірге келгеніне 90 жылдың жүзі болды. Қос тұлғаның өзі болмаса да еңбегі ел жадында сақталып қалды. Аңызға бергісіз асқар алыптардың мерейтойында жерлесі бола тұра үнсіз қалуды жөн санамадым. Сондықтан, екеуінің ғұмырдариясына бойлап, басылым беттерінде солар жайлы жазылған пікір-пайымдарды оқып, үн қатып, қалам тербеуге көштім.
Мінәт Қалдыбаев Ортақшыл ауылында ең алғаш мектеп ашып, ауылдастары асарлатып салып берген аядай ғана екі бөлмелі мектепте сауаттандыру жұмысын бастаған. Сол кездері ауылда қолына қалам ұстап көрмеген жастардың, балалардың басын сол жерге жинап, әріп танытып, туған ауылының жастары сауатты болу қажет деген қағиданы қатаң сақтанған. 1934 жылы алғаш бала қабылдап, оларға оң-солды үйретіп, жазу жұмысына машықтандырған ғалым-ұстаздың ерлігі мен өнегелі оқиғасы ауылдастарының жадында әлі де жаңғырып тұр. Мінәт ұстаздың мағыналы ғүмыры жайлы біраз қалам тербеген ҚР Білім беру ісінің үздігі, ардагер ұстаз Асанхан Ақпамбетов бүй деп пікір білдіреді.
– Қазақ топырағында алғаш мектеп ашқан Ы.Алтынсарин Ұлы ұстаз атанса, Ортақшыл ауылында мұндай мәртебеге Мінәт Қалдыбайұлы лайық. Ауылдағы алғашқы мектептің іргетасын қалап, содан кейінгі бүкіл ғұмырын ұстаздыққа арнады. Мыңдаған шәкірт тәрбиеледі. Мектепке басшылық жасай жүріп мықты мұғалімдердің тұтас бір шоғырын қалыптастырып үлгерді. Атап айтқанда, Қожамқұл Пірназар, Жағыпар Оспанов, Шаймахан Өтеев, Есен Жарылқасынов сынды азаматтар ұстаз жолын абыроймен жалғастырып, қалтқысыз қызметімен халықтың жүрегінде қалды. Ел тарихындағы екінші дүниежүзілік соғыста от кешіп, Отанды жаудан қорғады. Майдандағы ерлігі үшін олардың әрбірінің кеудесінде «Қызыл Жұлдыз» ордені жарқырады. Соғыстан оралған соң, ұзақ жылдар бойы ауыл мектебінде еңбек етіп, ұрпақ тәрбиесіне зор үлесін қосты, - деді ол.
Міне, мағыналы ғұмырын бала тәрбиесінен бөлек ғылымға да арнаған Мінәт Қалдыбайұлы ХІХ ғасырдағы қазақ ақыны Шәдітөре Жәңгірұлының 16 мың жолдан тұратын «Хандар шежіресі» дастанын арабшадан қазақшаға аударған. Жалпы, Мінәт ұстаздың қазақ тілінен бөлек бірнеше тілді жетік меңгеріп, сол тілдерде еркін қалам тербей алғанын түсінуге болады. Оған осы бір еңбегі дәлел. Ұстаздың негізгі жұмысына кіретін тек ғылым-біліммен айналысу емес, сол кездері бірнеше басылымның меншікті тілшісі болып та қызмет атқарған. Қаламы қарымды тілшілер қатарынан көрінген. Айта берсе, сарқылмас дария іспеттес, қай жағынан қарасаң да тұнып тұрған дарын, ел үшін туған жан. Сондықтан оны ауылдастары да ерекше еске алып, естеліктерден сыр шертіп отырады. Өзі ашқан бастауыш сыныпқа арналған мектеп 1969 жылы облыстық атқару коммитетінің шешімімен №150 орта мектеп болып құрылды. Бұл кездері тек Ортақшыл ауылының емес, оның аумағындағы 4-5 ауылдың балалары келіп, сауатын ашып, бір уақытта 300-ден аса бала білім алған еді. Сол мектеп қазірде де білім бәсекесінде өз орнын қалыптастырған айрықша мектепке айналды.
Мінәт ұстаздың көзі тірісінде өзі тұратын үйдің 1 бөлмесін кітапханаға айналдырып, онда 7 мыңнан аса кітап қорын сақтағаны белгілі. Оның ішінде ғылыми бағыттағы әрі әдеби, көркем шығармалар жанрындағы кітап топтамалары да кездеседі. Осының арқасында ол ауылдағы балалардың ғана емес, үлкендердің де сауаттануына зор күш салған қайраткер. Кітапжайындағы философиялық, педагогикалық және методикалық жазбалалар сияқты дүниелер ұстаздың көп пайдаланатын кітаптар тізімінде болған. Жоғарыда айтқанымыздай, көркем әдебиет жанрындағы кітаптар сөресінде, Қалмақан Әбдіқадіровтың аудармасындағы «Мың бір түннің» алғашқы аудармалары сақталған екен. Міне, бала оқыту, ұлтқа пайдасын тигізу деген салмақты жұмыстардың артында Мінәт Қалдыбаевтың аты алтын әріптермен таңбаланып тұр. Кеудесінде «қызыл жұлдыз» жарқыраған арда азаматтың есімін осы ауылдың мектебіне беру ара-тұра көтеріліп келеді. Әлбетте, ондай болса, нұр үстіне нұр болар еді. Әрі дарқан пейілді қазақтың әрбір көшесі мен ұлт тәрбиелейтін нысаны осындай данагөй жандардың атына берілсе, қай тұсымыз кеми түседі? Бұл ұсынысты қолдауға һәм қабылдауға әбден болады.
Ал, Дүйсенбі Смайылов осы мектепте білім алып, ескіше сауатты болған әкесінің үлгі-өнегесін бойына сіңірген ерен тұлға. Ерен тұлға деуіміздің өзінде үлкен мән жатыр. Оны мақаланың алдағы бөлігінде тарқататын боламыз. Жалпы, «Дүйсенбі Смайылов кім?» деген сұраққа көзін көргендер түрліше тіл қатып, асқар шыңға шыққан адамгершілігін, шығармашылығын өне бойыңды дір еткізе отырып, айтып береді. Сондықтан бұл сауалдың жауабын басылым беттерінде өзі жайлы жазылған мақалалардан іздеп, көз тастадық. Сонда: «... Дүйсекеңнің талабы қатты. Жастық шақ аудандық газеттің қиын сәтін бастан өткізетін шыңдалу мектебі болды. Бәрімізді журналистік биікке тәрбиелеген Дүйсекеңнің еңбегіне тағзым етпесек, еңбегін есімізге алмасақ, аруағы алдында күнәһар болармыз.... Дүйсекең күй талғамайтын, газеттің макетін оқып, он сызып, отыз қарайтын. Оның жасаған макеті қыздың жиған жүгіндей ажарлы, жұп-жұмыр, ә дегеннен оқырманды өзіне тартып алатын. Содан болар, ауданық газет облыстың талай жүлдесін алудан кенде болған жоқ...». Бұл – 1950 жылдары аудандық газетте корректор болып жұмыс істеген қарт журналист Қайырбек Мырзахметұлының «Дүйсенбі мектебі» деген естелігінен қысқаша үзінді. Осыдан-ақ, қайраткер жанның қайраттылығын, өз ісіне шебер, бекем адам екенін байқай аламыз. Дүйсенбі Смайылов Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетіне редакторлық еткен уақытта республикадан тұрақты ІІІ орынды иеленіп келген.
Және аудандық газеттің бұған дейінгі санында Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Сәрсенбек Бекмұратұлы ақжарма ақын жайында жазған мақаласында:
– Шиелі ауданының мәдениеті мен оқу-ағарту, әлеуметтік салаларының дамуына сүбелі үлесін қосқан қайырымды азамат, қоғам қайраткері, іске хатшы егер тірі болғанда 90 жасқа толар еді. Аудан орталығында Дүйсенбі Смайыловтың есімімен аталатын көше бар. Қайраткер-қаламгердің есімін ауданның оқу орындары мен мәдениет ошағының біріне берсе деген ұсынысымыз жоқ емес. Шиелінің теріскей бетіндегі «Арман» мәдениет үйі ақын-журналистің есіміне сұранып тұрған жоқ па?... – деп жазған еді басылым бетіне. Жалпы, ауданда оның есімін беруге тұрарлық дүние көп-ақ. Тек көңіл бөлінбей тұр.
Сөзімізге сеп болар жазбалардың арасында Дүйсенбі Смайыловтың:
Өлеңді жазушы едім, дүркін-дүркін,
Сүйсініп оқушы еді, туған жұртым.
Соңғы кез қалам суып кетті біраз,
Иыққа мінгеннен соң, газет шіркін! – деп көсіле жазған туындысы кездесті. Осы сөзден-ақ ол бар өмірін қағаз бен қаламға, қазақ баспасөзіне де жұмсағанын аңғарамыз. Әрі 1939 жылы Мәді Молдыстамов редакторлық етіп бастаған «Стахановшы», кейін «Коммунизм жолы» деп аталып келген газетте өзі жауапты хатшы, редактор болған уақытында «Өскен өңір» газеті деп жаңа атау беріп, қаламының қуатын осында жұмсағаны мәлім. Газетте бас редактор қызметінде жүрген уақытында сұңғыла саясаткер де, іскер маман да, тіпті әмбебап басшы да бола білген ақын Дүйсенбі бірнеше шәкірт даярлап, олардың қадамын нықтатып, қаламына рух беріп, журналистика жолында шеберлікке тәрбиеледі әрі өзі қызмет еткен баспасөзде әріптес ретінде де сыйластығы жоғары деңгейде болды. Замандастары осыны айтады. 1975 жылы 22 мамыр күні жарық көрген «Өскен өңір» газетінің тілшілері Дүйсенбі Смайыловтың қызмет бабымен басшылық жасаған жерлерін атап көрсеткен. Соған көз салсақ, ауылдан алған 7 жылдық білімнен кейін Қызылорда қаласындағы педагогикалық училищеге түсіп, оны мұғалім мамандығы бойынша 1950 жылы аяқтайды. Мамандық арқылы 1 жыл жұмыс істеп, Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түсіп, 1957 жылы сырттай бітірген екен. Содан кейін комсомол қызметінде және газет жұмыстарында табанды еңбек етеді. Әрі қарай Қазақстан КП Қызылорда облыстық комитетінің үгіт және насихат бөлімінде нұсқаушы болып, 4 жылдай тер төккен. Ал, 1963 жылдан бастап, журналист мамандығы бойынша алдымен облыстық «Ленин жолы» газетінде жауапты хатшы, кейін аудандық ата басылымда редактор болып еңбек еткен. Кейіннен 1974 жылы «Ленин жолы» газеті редакторының орынбасары болып қызметке кіріскен. Және ғұмырының соңғы сәтіне дейін осы қызметте тер төккен табанды қызметкер еді.
Иә, елдің тілегін қарымды қаламгерлер баспа бетіне жазып, оны билікке ұсынбаса, оны кім тыңдап, нәтиже көрсетер дейсіз? Ал осы ортақшылдық қос тұлға – замандастарына осындай қасиетімен, табандылығымен, елжандылық пен ұлтжандылықты жанына серік етіп, есінде қалған заңғар жандар. Қос ғұмыр иесінің ерлігі мен жетістігі және жұмысы бүгінгі жастарға үлгі боларлық. Сондықтан, олардың есімін насихаттау барысында қайсар қадамдарға баратын сәт келген секілді. Өйткені, қашанға жазыла береді, қашанғы айтылда береді? Бір-бір сәулелі ескерткіш немесе еске салушы қалу керек. Ал ол – мектептің атауы немесе ірі орындарға беріледі. Бұл үшін біз де күш салуға дайынбыз. Ортақшылдық қос тұлғаның ғұмыры мен салған жолы ел есінде әрдайым сарнап тұруға лайық.
Ердәулет ҚАЛИЕВ,
журналист
журналист