Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АУЫЛДЫҢ АЛТЫНСАРИНІ

АУЫЛДЫҢ АЛТЫНСАРИНІ


Мінәт Қалдыбаев Ортақшылда туып-өсті. Бала кезден арманы  әр қазақтың баласы ешкімге ақысын жегізбей, қатарымен тең болса дейтін. Ер жетіп, ес жиған соң сол арманы алға жетелеп, ауылдан мектеп  ашты.
Бұл 1934 жыл болатын. Ауыл халқы асарлатып екі бөлмелі шағын үй салды. Осылайша қамыстан соғылған қақыра мектеп ауылдың алғашқы білім алушыларын қабылдады. Алғашқыда тек бастауышқа арналған білім ошағы соғыстан кейінгі жылдары жетіжылдық мектеп болып қайта салынды. Кейіннен алпысыншы жылдары дария тасып, ауылды су басқанда мектептің қабырғалары құлап, тұрғындардың еңбегімен тағы да жаңадан бой көтерді. Осылайша көптеген қиындықтарды басынан өткерген білім ошағы 1969 жылы облыстық атқару комитетінің шешімімен №150 орта мектеп болып құрылды.
Әңгімеге арқау болып отыр­ған кейіпкеріміз – колхоздас­тыру кезеңінде елдің алдында жүріп, халықты сауаттандыру­ға қалтқысыз қыз­мет еткен Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озаты Мінәт Қалдыбаев. Өмір жолы өнегеге тұнған ұлағатты ұстаздың жарқын істері бүгінгі жас ұрпақты да алға жетелеп келеді.
Ардагер ұстаз, ҚР Білім беру ісінің үздігі Асанхан Ақпамбетов ұстазы  туралы былай дейді:
– Қазақ топырағында алғаш мектеп ашқан Ы.Алтынсарин ұлы ұстаз атанса, «Ортақшыл» ауылында мұндай мәртебеге Мінәт Қалдыбайұлы лайық. Ауылдағы алғашқы мектептің іргесін қалап, содан кейінгі бүкіл ғұмырын ұстаздыққа арнады. Мыңдаған шәкірт тәрбиеледі. Мектепке басшылық жасай жүріп, мықты мұғалімдердің тұтас бір шоғырын қалыптастырды. Атап айт­қанда, Қожамқұл Пірназар, Жағыпар Оспанов, Шаймахан Өтеев, Есен ­Жарылқасынов сынды ­азаматтар ұстаз жолын абыроймен жалғастырып, қалтқысыз қызметімен халықтың жүрегінде қалды. Ел тарихындағы екінші дүниежүзілік соғыста от кешіп, Отанды жаудан қорғады. Майдандағы ерлігі үшін олардың әрбірінің кеудесінде «Қызыл Жұлдыз» ордені жарқырады. Соғыстан оралған соң ұзақ жылдар бойы ауыл мектебінде ұстаздық етіп, ұрпақ тәрбиесіне зор үлестерін қосты.
Мінәт Қалдыбайұлы ұстаздықтың ауыр жүгін арқалай жүріп, шәкірт бойына адамгершілік, ар-ұят, әдептілік пен кішіпейілділік секілді ұлттық тәрбиені ұялата білуімен шоқтығы биік тұрды. Бір сөзбен айтқанда, қыр-сыры мол, қиын да жауапты мамандықтың майталманы болды. Бойындағы білімімен, байсалды мінезімен талай-талай іргелі істерге ұйыт­қы болып, әріптестеріне ғана емес, ауылдастарына да ұстаздықтың үлгісін танытты.
М.Қалдыбайұлының ұс­­таздығымен қатар шығармашылық еңбектері де әлі күнге елдің жадында. Сол кезеңдегі білім беру саласының жаңа міндеттері жайлы мақалалары баспасөз беттерінде жиі жарық көретін. Тіпті бірнеше басылымның меншікті тілшісі болып қызмет атқарды. Тағы бір айта кететін еңбегі – ХІХ ғасырдағы қазақ ақыны Шәдітөре Жәңгірұлының 16 мың жолдан тұратын «Хандар шежіресі» дастанын арабшадан қазақшаға аударған.
Оқырманға түсінікті болу үшін Шәді ақын (Төре тұқымынан шыққан) жайлы қысқаша баяндап өтейік. Шәдітөре Жәңгірұлы Шығыс классикалық әдебиетінің нәзиралық үлгісін жете меңгерген, гуманистік, ағартушылық бағытта дәстүрлі тақырыптарды жырлаған еркін ойлы, ерекше дарынды ақын болған. Оның 30-ға жуық дастаны мен өлеңдері кітап етіп басылып шыққан.
Сұрастырсақ, Асанхан ағамыздың жары – Мінәт Қалдыбайұлының үлкен қызы. Ол кісінің айтуынша, ұстаздың үш қызы педагогика саласында, ал екі ұлы басқа салада еңбек еткен. Бүгінде ата жолын қуып, ұстаздықты таңдаған немерелері бар.
Иә, Сыр өңіріндегі алғашқы ұстаздардың бірі туралы баспасөз беттерінде жазылған естеліктер өте көп. Сол деректерді оқи отырып, ол кісінің өте білімдар адам болғанын байқаймыз. Көзі тірісінде өзі тұратын үйдің бір бөлмесін кітапхана етіп, 7 мыңнан аса кітап жинаған екен. Бұл туралы мәліметті «Сыр бойы» басылымының сарғайған беттерінен ұшырастырдық. Онда ұстаздың жеке кітапханасында ғылымның барлық саласына қатысты құнды дүниелер, қазақ баспасынан шыққан көркем әдебиеттер, сонымен қатар, орыс­тың классик жазушыларының, шығыс әдебие­тінің таңдаулы шығармалары орын алғаны айтылған. Бұдан бөлек, саяси, философиялық, педагогикалық және методикалық жазбалар сияқты ғылыми еңбектер ұстаздың  күнделікті тұтынатын дүниелері болатын. Мақала авторының айтуынша, жеке кітап­ханада, әсіресе тіл ғылымы жөніндегі әдебиеттердің алатын орны бір төбе. Ежелгі ауыз әдебиеті жөнінде де деректі материалдар жеткілікті. Тіпті Қалмақан аудармасындағы «Мың бір түннің» алғашқы нұсқасы сақталған екен.
Айта берсе, М.Қалдыбаев сарқылмас дария іспеттес, қай жағынан қарасаң да тұнып тұрған дарын, ел үшін туған жан. Сондықтан оны ауылдастары да ерекше еске алып, естеліктерден сыр шертіп отырады. Өзі ашқан бастауыш сыныпқа арналған мектеп 1969 жылы облыстық атқару коммитетінің шешімімен №150 орта мектеп болып құрылды. Бұл кездері тек Ортақшыл ауылының емес, оның аумағындағы 4-5 ауылдың балалары келіп, сауатын ашып, бір уақытта 300-ден аса бала білім алған еді. Сол мектеп қазірде де білім бәсекесінде өз орнын қалыптастырған айрықша мектепке айналды.
Осы жерде Мінәт Қалдыбайұлы журналистің «Осынша кітапты жинауыңызға не себеп болды?» деген сауалына «Сол 30-жылдары, өздеріңе белгілі, ауылда ешнәрсе де болмады ғой, кітапхана түгілі, жеке кітаптар да сирек кездесетін, клуб, кино деген атымен жоқ. Газетті де сирек көретінбіз. Ауылымыз қаладан қашық болған соң осылардың бәріне мұқтаж болдық. Кітап жинауға итермелеген бірінші жағдай осы еді. Екінші жағдай, халық мұғалімдерді көзі ашық жандар деп біледі, сондықтан ел ішінде бізге кез келген мәселелер төңірегінде көп сұрақ қоятын. Кеңес өкіметінің құрылған алғашқы жылдары түсініксіз мәселелер көп болды ғой. Соның барлығын тәптіштеп сұрай береді. Біз қайдан жетісіп қалып едік. Білгеніңе жауап бересің, білмегенге терлеп-тепшіп қысыласың. Мұғалім деген атымыз бар. Ал бір жерден оқып, көріп айтайын десең түк жоқ… Осы жағдай да кітаптар жинау­ға себепші болды. «Тамшыдан теңіз құралады» демекші, теріп жинай берсең толыға береді екен. Сөйтіп жүргенде үлкен кітапхана болып қалғанын өзім де байқамаппын» дейді.
Кейін зейнеткерлікке шық­қан соң ұстаздың кітапханасына қызығушылар көп болады. Сол кезде ол өзімен сыйлас­тықта болған белгілі ғалым Ә.Қоңыратбаевтың ақыл-кеңе­сімен 150-дей таңдау­лы кітабын Қазақ ССР тарихи ескерткіштерді қорғау академиясына табыстайды. Ал 4 мыңға жуық кітабын ауылдағы мектептің кітапханасына сыйға берген екен. Өкініштісі, сол құнды дүниелер бүгінде шаң басып, қараусыз қоймада тұр.
Г.ЯХИЯ
02 желтоқсан 2022 ж. 229 0