ҰСТАЗДЫҚ – ЖҮРЕК ТАҢДАУЫ

Ақмарал Әбдәшімқызы – 1994 жылдың 14 ақпанында дүниеге келген. Балалық шағынан білімге, әсіресе тарих пәніне ерекше қызығушылық танытып өскен. Жаңа дүниелерді үйренуге, түсінуге деген ынтасы оны мұғалімдік жолға жетеледі. Ақмарал бұл салаға кездейсоқ емес, үлкен дайындықпен, мақсатпен келген жан. Ол 2015 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін тәмамдап, сол жылдан бастап №45 мектеп-гимназиясында еңбек етіп келеді. Ол үшін ұстаз болу – жай ғана мамандық емес. Бұл – жүректің таңдауы, жанның шақыруы. Өзінің айтуынша, оқушылардың әр жетістігі – оның ең үлкен марапаты. Білім беріп қана қоймай, жас буынның бойына ізгілік, адамгершілік, еңбекқорлық секілді өмірлік ұстанымдарды сіңіру – оның басты мақсаты. Ақмарал өз жұмысын ерекше ынтамен, үлкен жауапкершілікпен атқарады. Сабаққа дайындықты ешқашан жеңілге алмайды. Себебі оның әр сабағы – оқушының санасына әсер ететін, болмысын қалыптастыратын маңызды сәт деп біледі. Ол шәкірттерімен тек мұғалім ретінде емес, сенімді дос, бағыт беруші ретінде тіл табыса біледі. Жас та болса, білімі мен мінезінің салмақтылығы арқылы ұжымда үлкен құрметке ие болған ұстаз. Бүгінде ол – үш баланың аяулы анасы. Ана болу мен ұстаздықты қатар алып жүру – үлкен еңбек пен ұйымдастырушылықты қажет ететіні анық. Алайда Ақмарал бұл жауапкершіліктің екеуін де тең дәрежеде алып жүр. Үйде балаларына, мектепте шәкірттеріне бағыт беріп жүрген ол – жастарға да, ата-аналарға да үлгі боларлық жан. Бос уақытында өзін шығармашылықпен шабыттандырып, дамытуды ұнатады. Ол кітап оқуға, түрлі бейнероликтер түсіріп, оларды монтаждауға қызығады. Бұл – оның ішкі жан-дүниесін байытатын, шабыт сыйлайтын, кәсібінен бөлек серпін беретін істері. Осылайша ол өзін тек пән мұғалімі ретінде ғана емес, жан-жақты дамыған, шығармашыл тұлға ретінде қалыптастырып келеді. Ақмарал Әбдәшімқызының өмірлік ұстанымы – адал еңбек пен білімге деген сүйіспеншілікті шәкірт жүрегіне сіңіру. Ол балаларға үлгі болу үшін ең алдымен ұстаздың өзі әрдайым өзін жетілдіріп, өсу үстінде болуы керек деп есептейді. Сол себепті де ол үнемі ізденіс үстінде, жаңашылдыққа ашық, заманауи білім беру талаптарына бейімделген маман. Осындай мұғалімдеріміз көбейсе, еліміздің келешегі кемел, ұрпағы сапалы боларына күмән жоқ. Ақмаралдай жас ұстаздар – ертеңгі білімді қоғамның іргетасын қалайтын тұлғалар. Олар тек сабақ беріп қана қоймай, адам тәрбиелейді, ұлтты алға жетелейтін келешек көшбасшыларын дайындайды.
Айнұр ИБРАШЕВА