Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұстаз еңбегі еленді

Ұстаз еңбегі еленді


Ахмет Байтұрсынов «Ұстаз – мектептің жаны» деп баға берген. Ол шәкірт үшін ең қиын, ең жұмбақ білім дүниесінің есігін айқара ашқан аяулы жан. Шиелі ауданы да білімді, білікті ұстаздардан кенде емес. Сондай ардақты жандардың бірі – №244 Ы.Жақаев атындағы орта мектептің баста­уыш пәні мұғалімі Ақжайық Жүнісбекова.

– Мен ауданда 13 жыл бойы ұстаздық қызмет етіп келемін. «Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы», дейді ғой. Оның ішінде бастауыш пәні мұғалімі болу ол, алдыңа келген кішкене бүлдіршіннің екінші анасы болу деген сөз. Қырық екі әріпті үйретуден бөлек, жазу, партаға отыру, оқушымен қарым-қатынас бәрін түсіндіресің. Оқушының әрбір жетістігіне жеткенін көру үлкен қуаныш. Құдайға шүкір, шәкірттерім аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық бәйгелерге қатысып, білімнің биігінде оза шауып жүр, – дейді Айжайық апай.
Кез келген жарысқа білек сыбана кірісіп, жауапкершіліктен қашпай, өзінің мамандығына сүйіспеншілікпен қарап, майталманы болып жүрген жанның жеткен жетістігі де жетерлік. Аудандық, облыстық, республикалық, тіпті халықаралық додаларда бағын сынап жүр. Айтуынша, соңғы қуантарлық жетістігі – өзі қызмет етіп жүрген мектептің директоры Мәрия Қиясқызының ықпалымен білім беру саласындағы айрықша еңбегі үшін Нұр-Сұлтан қаласына арнайы барып «Жылдың үздік бастау­ыш сынып мұғалімі» төсбелгісімен марапатталып келуі.
Елбасы Н.Назарбаев «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетін міндет ауыр», – деген еді. Бұл сөзінен шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, ел болашағының өрендерін тәрбиелейтін ұстаздардың жауапкершілігі жоғары екенін аңғаруға болады.

Фариза КЕНЖЕШОВА
23 маусым 2019 ж. 1 582 0