Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТАСТАМАШЫ, АНА!

ТАСТАМАШЫ, АНА!

– Балалар күні жақындап қалды, сол себепті барлығымыз балалар үйіне барамыз, – деді мұғалім сынып сағатында. Бұл сөзді естіген сәтте сынып іші бірден ду ете қалды. Балалар қуанып, бір-біріне сыбырлап, алдағы сапарды көз алдына елестете бастады. Себебі, олар үшін мектептен тыс шығу, автобуспен жолға аттану – кішкентай ғана мереке секілді еді.
– Не үшін барамыз? – деп сұрадым ұстаздан. – Біз онсыз да жыл сайын барамыз ғой. Барған сайын тәттілер апарып, концерт ұйымдастырамыз. Биыл жоғары сыныппыз ғой, мүмкін бармай-ақ қоярмыз? – деп сөзімді жалғадым.
Ұстазым жүзіме тік қарап:
– Бару керек, – деді сабырмен. – Сендер балалар үйіне барған сайын ата-аналарыңның, қазіргі мектептеріңнің, алған білімдеріңнің қадірін түсінесіңдер. Адамның жүрегі тек өз басынан өткергенде емес, өзгенің тағдырына үңілгенде де толығады. Одан да әрқайсысың бір-бір өлең немесе ән дайындап жүріңдер, – деді де кабинеттен асығыс шығып кетті.
Мұғалімнің бұл сөзі менің ойыма маза бермеді. Біз, шынында да, жыл сайын мерекеде балалар үйіне немесе қарттар үйіне барып концерт қойып, тәтті таратамыз. Тек біз ғана емес, барлық білім беру мекемесі солай істейтінін есейе келе білдім. Әрине, бір жағынан бұл – жақсы дәстүр. Адамгершілікке, мейірімге тәрбиелеудің жолы. Бірақ тек қызық іздеген бала үшін бір ғана сапар ата-ананың қадірін арттыра ма? Балалар үйіне қанша барғанмен де ата-анасына ұрыс үстінде «Мені неге туасыңдар? Балалар үйінде өмір сүргенім жақсы еді» деп айтқанын да тыңдайтын едім. Себебі, көбісі балалар үйін жарқыраған сахна мен тәтті сыйлықтар деп елестетеді. Әр барған сайын бізді күлімсіреп қарсы алатын балалардың жүзіне қарап, бәрі бақытты сияқты көрінетін. Бірақ сол күлкінің ар жағында қаншама сағыныш, қаншама үнсіздік жасырынып жатқанын кім білсін?! Иә, жасөспірім кезде барлығымыз солай ойладық. Балалар үйіне барғанда немесе теледидардан көргенде балалардың үсті таза, қолында тәттісі болса болды демек бақытты екен, жағдайы жақсы екен топшыладық. Алайда балалар үйіндегі әр бала — бір-бір әңгіме, сыры ашылмаған кітап. Бірінің анасы бар, бірақ келмейді. Бірі есігін күзетіп, «Бүгін мені әкем іздеп келер ме екен?» деп үміт күтеді. Тағы бірі «Менің туған күнімді біреу есіне ала ма екен?» деп күн санайды. Біз оларға ән айтып, тәтті ұсынып, мәз болып қайтамыз. Ал олар сол тәттіні ұстап тұрып, «осы мейірім менімен бірге қалса ғой» деп іштей тілейді. Көз алдымызда балалар үйіндегі тәрбиеленушілер мәз-мейрам болып ойнап жүреді. Бірақ біз кеткен соң оларды не күтіп тұрғанын тек өздері білетін сияқты. Сол себепті күнәсіз күлкісінің ар жағында мұңы мен сағынышын барынша жасыруға тырысады. Ал оның ішкі жанайқайына үңілгенде «Мені тастамаңыздаршы... Мен де сіздермен барғанда ғой» деген үнді естуге болар ма еді?! Бірақ біз ести алмаппыз. Себебі біз ол кезде құлақ естігенге емес, көзбен көргенге ғана сенетін оқушы едік. Енді ес жиып, етек жинаған соң барлығы біз көргендей, біз ойлағандай бола бермейтінін түсіндік. Бұл ойымды жуырда оқыған Айгиз Ғиззатұлының «Тастамашы, ана!» кітабы шегелей түсті.
Айгиз Баймұхаметов 1988 жылы Башқұрстандағы Белорецкий ауданы, Абзаково ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Кітаптан байқағанымыздай, Айгиз 7 ағайынды болған. Ата-анасы кішкентай кезінде қатерлі ісіктен көз жұмған соң, ол бауырларымен бірге Серменов балалар үйінде тәрбиеленеді. Әрине, балалар үйіндегі қатал тәртіп пен мейірімсіз басшыларға қарамастан Айгиз орта мектепті жақсы аяқтайды. Башқұрт мемлекеттік университетінің башқұрт филологиясы және журналистика факультетіне оқуға түседі. ЖОО-дан кейін «Башқұрстан» газетінің тілшісі болып, жұмыс істейді. Айгиз көпшілікке осы «Тастамашы, Ана!» туындысы арқылы танылған. Кітаптың жарыққа шығуы бөлек бір төбе, әрмен қарай оқырманға ұнап, өміршең болуы бір төбе дейтін болсақ, Айгиздің бұл екеуінен де жолы болды. Себебі кейбір кітаптар жарыққа шыққанымен көп ұзамай жоғалып кетуі жасырын емес. Ал «Тастамашы, Ана!» туындысы үлкен-кішінің барлығына ұнап, өмірлік тәрбие алуға сеп болып жүр. Осындай тәрбиелік мәні бар туындыны жарыққа шығарған Айгиз болса, қазақ тіліне аударып, қазақ оқырмандарымен қауыштырған — Саят Қамшыгер. Осы екі тұлғаның арқасында қазақ оқырмандарының кітапханасы тағы бір кітаппен толықты. Тек қазақ халқына ғана емес, орыс, татар, чуваш, қырғыз, өзбек, әзірбайжан, түрік оқырмандарына да танымал туындыны көзге жас алмай оқу мүмкін емес. Ата-анасынан ерте айырылған балалардың ауыр тағдыры суреттелген кітаптың басты кейіпкері автордың өзі екенін білгенде таң қалудан басқа амал қалмайды. Балапандай балбырап, табанын енді жерге тигізіп тәй-тәй басқан шақта тағдыр тырнағын батырған балалардың жетімдер үйіндегі өмірі жайлы кітап көптің көзін ашты десем, артық айтқандық емес. Кітаптағы бас кейіпкердің тағдыры – тастанды балалардың тағдыры ғана емес, сонымен қатар қоғамның жан айқайы. Автор оқырманды оқиға желісімен жылатып қана қоймай, жауабы жоқ сұраққа жетелейді. Әлі оң мен солын танымай жатып, қоғамнан қатыгездік, тағдырдан титықтаған балаларды көргенде «Неліктен аналар баласын тастайды? Неліктен адамдар мейірімнен алыстап барады?» деген сұрақ еріксіз ойға оралады. Бір қарағанда бұл сұрақтың жауабы қарапайым сияқты, бірақ шындығында өте ауыр. Өйткені, адам жүрегіндегі мейірімді бір сәтке жоғалтса – ол өмірдің мәнін де жоғалтады. Айгиз Ғиззатұлының туындысы әр оқырманның жүрегіне жол таба отырып, бейкүнә баланың көзімен өмірді суреттей келе, бізге ең қымбат нәрсе – ананың аялы алақаны, отбасының жылуы, үйдің иісі екенін еске салады. Отбасы мүшелеріңмен бірге бір дастархан басында отырып қатқан нан мен қара су ішсең де қадірлі екенін сезіндіреді. Бала үшін әлемнің барлық байлығы да ананың бір ғана құшағына татымайтынын керемет суреттеген. Бұл шығармада анаға басымдық берілуі де кездейсоқтық емес. Себебі туындыны жазу идеясы әу баста анасын ойлағаннан туындаған. Бұл туралы жазушы өзінің берген сұқбатында «Әртүрлі салада жетістікке жеткен әйел адамдар туралы газетке мақала беру керек-ті. Мен де сол кейіпкерлер туралы жазатын болдым. Үйге келіп ұзақ ойландым. Өмірден ерте өткен анам есіме түсті. Небәрі 40 жаста қатерлі ісіктен көз жұмған еді. Анам қайтқан соң үш жылдан кейін әкем өмірден өтті. Жеті бала жетім қалдық. Көз алдыма анаммен қоштасқан соңғы минуттар келді. Сол түні өлген анасымен сөйлескен баланың диалогын жазып шықтым. Тірі жүргенде, қазір не туралы сөйлесер едім, не жайлы айтар едім деген жай ғана қиялымнан туған дүние болды» деген ойды алға тартып, өз шығармасын сонау балалық шақтан бастайды. Әрине, ол кезде ойын баласының есінде ештеңе қалмауы да мүмкін. Бірақ қос қанаты саналған анасы мен әкесінен бір мезетте айырылу авторды ерте есейтті. Ерте есейгені соншалық кітаптың өзінен кішкентай жүректің үлкен өмірмен арпалысын аңғарасыз. Әрине, бізге балалық пен бақыт егіз ұғым секілді көрінеді. Бірақ балалықтың бал дәмін татпағандар да қаншама?! Солардың қатарында қалтарысы мен бұлтарысы көп өмір соқпағынан соққы алып, еңсені басқан ауыртпалықты еңсеріп тастай алмаған «Тастамашы, Ана!» кейіпкерлері де бар. Жеті баласын жәутеңдетіп тастағысы келмесе де, ажал алқымынан алған ана Гүлнұр да, әйелінің өлімі қамшының сабын, өзінің сағын сындырып қанша қиындық көрсе де балаларын барынша қорғауға тырысқан әке Ғиззат та, мектеп табалдырығында ойнап-күліп жүрудің орнына, бауырларыма «кешкі асқа не пісіремін?» деп ойлайтын бесінші сынып оқушысы Әлия да, ата-анасынан өлідей, бауырларынан тірідей айырылып қалған Алсу да, балалығы мен шалалығы басым, әлі бес жасқа толмаған Зульфира да, қатігездіктің салдарынан өмірден қыршын кеткен Фарит те, өзі емес, өмір қатігезге айналдырған Даян да, көзін ашса да, жұмса да анасының бейнесін көріп, түсінде әкесімен сырласатын Ілияс та бақыт аңсаушылары еді. Олар бақытты аңсап қана қоймай, қолынан келгенше күресті. Алайда, ата-анасының талқаны таусылып, аңсаған бақытына қол жеткізе алмады. Ал жетімдіктің ащы дәмін татып, үлкеннен озбырлық, кішіден мазақ көрген балалардың үміті сығырайған білте шамның жарығындай сөнуге айналды. Бірақ сөнбеді. Олар кішкентай жүректің иесі болса да, үлкен арман мен үлкен жоспарды жүрегіне ұялата білген жандар еді. Жүрегіндегі жігер мен көзіндегі сенімі, кеудесіндегі оты болашаққа жетеледі. Жеті бауыр жеті жақта жүріп те бір-бірінің жүрегіне үрлеп дем берді. Түрі түнеріп, қабағынан қар жауып жүретін тәрбиеші де, қыстың қақаған аязында аяғынан өткен суық та, жоғары сынып оқушыларының соққысы да оларды алға қойған мақсатынан айырған жоқ. Керісінше, әр соққы, әр кедергі бауырлардың әсіресе Ілиястың намысын қажады. Оның жан-жарасының емі анасымен сырласу болды. Түн көрпесін жамылып, кірпігі айқасқанда-ақ Ілияс анасын еске алып, іштей сырласып жанына медеу, көңіліне демеу табатын. Оның әдебиетке келуінің астары осында жатса керек? Қиялына қанат бітірген бала уақыт өте келе ішкі жан сырын қағаз бетіне түсіре бастады. Жанындағылардан жабыққанда, олардан тарыдай бір мейірім көрмегенде ішіндегі сыры мен мұңын қағаз бетіне түсірді. Ол өмірдің сан алуан кедергісімен әңгімесі арқылы күресті.
«Шығарма шырайы шындығында» демекші «Тастамашы, Ана!» туындысын оқырман шындығы арқылы есінде сақтап қалды. Ал тақырыптың таңдалуы мен жазушы ойының шығарма сюжетімен бітеқайнасып кетуі оның құнын асыра түсті. Ал автор Айгиз Баймұхаметовтың өмірі көп жастарға үлгі. Ол қираған жеңілістен жеңіс көре білді. Талдырмашынан талай қиындық көрсе де, өз атын әдебиет әлемінде қалыптастырды. Тағдыр тосыннан әкелген сынақтардың арқасында шыңдалды, қайраттанды, жігерленді. Әр ащы жастың астында тәтті сый болатынын дәлелдеді. Хакім Абайдың «Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме» деген өлеңін іс жүзінде бейнелеп берді. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда жастардың қит етсе өмірден безіп, тіпті өз-өзін өлімге қиын жатқанын да естіп жүрміз. Дегенмен жеңіл жолмен келген жетістіктің игілігі болмайды, керісінше қиындық адамды шыңдап, өмірге бейімделуге үйретеді. Ең бастысы сол қиындықты жауы емес, ұстазы ретінде қабылдап, биік белесті бағындыруға ұмтылу керек. Қиындық жаман жолға емес, келешек ұрпаққа үлгі болатын өмір жолына жетелейді. Айгиз Баймұхаметов балалық шағынды бақытты болмаса да, қазіргі таңда мыңдаған жасқа үлгі болып жүрген тұлға.

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА
24 қараша 2025 ж. 15 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№88 (9355)

18 қараша 2025 ж.

№87 (9354)

15 қараша 2025 ж.

№86 (9353)

11 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930