Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақ күріштен тау тұрғызған нар тұлға

Ақ күріштен тау тұрғызған нар тұлға

Сонау 1929 жылы Ы.Жақаев туып өскен Қарғалы ауылында он кедей жиналып серіктестік құрғанда, оның бір мүшесі өзі еді. Кейіннен атағы алысқа жайылып кеткен Қызылорда облысы, Шиелі ауданының «Қызылту» колхозының іргетасы, түп қазығы еді, бұл. Ы.Жақаев диқаншылық еңбекті Сыр суын кәдеге жаратып, дарияны ырыс арнасына айналдыру мақсатында жүргізілген канал қазу жұмыстарына қатысудан бастады. Жерге деген диқаншылық сүйіспеншілігін қиындыққа қаймықпай, табандылық пен мұқалмас жігерлікпен еңбек етумен танытты. Тәжірибенің де, таланттың да атасы – еңбек.
Бұл – Ыбырай атамыздың ұстанған философиясы еді. Соғыс майданында қаза болған тұңғыш ұлының кегін алудың көзі, астықтан мол өнім алумен қайтаруды алдына міндет етіп қойды. Фашистерді жеңген Ұлы Жеңіс диқанның еңбекте де зор табысқа ие болған жылы еді. Әр гектардан 156 центнерден өнім алып, елімізде ешкім, еш уақытта алып көрмеген ғажап жетістікке жетті. Адамдардың арманы деңгей жағынан әр түрлі болады. Олардың бірімен екіншісін әсте салыстыруға келмейді. Ыбырай арманы асқар таудай биік болды. Соған жету үшін ұзақ жол жүрді, үлкен қиындықтар көрді, сансыз кедергілерден сүрінбей өтті. Ақыры, ол 1949 жылы қарауындағы 5 гектар күріштің әр гектарынан 171 центнерден дән жинап, дүниежүзілік рекорд жасады. Даңқты шебердің омырауында Социалистік Еңбек Ерінің алтын жұлдызы жарқырады.
«Өз бақытымды еңбектен таптым. Нағыз бақыт еңбекте, неге жеткізсе де сол жеткізеді», – деуі де сондықтан болар. «Жеке шапқан жүйрік емес» деген халық даналығын Ыбырай ешқашан естен шығарған жоқ. Ол әрдайым өзіне ізбасар іздеп, жастарға қамқорлық жасап жүрді. Диқанның ұрпақ алдындағы борышы өз білгенін жастарға мұра етіп қалдыру екені оны толассыз толғантатын. Осы толғаныс 1964 жылы ауыл жастарын диқандыққа күріш өсіруге шақырған мынадай хат жазуға әсер еткен еді: «Кұрметті менің жас достарым, күріш өсіруге келгендер мен енді келетін жастар! Біздің облысымыздың Сырдың бойында екенін ұмытпаңдар. Сыр өңірінде күріш өсіруден дүние жүзілік ­рекорд жасалғанын естен шығармаңдар. Қазір біздің қолымызда ғылым мен техниканың озық тәжірибесі, құралдары бар. Біздің кеудемізде энтузиастердің қызу қанды отты жүрегі бар. Сондықтан да мен сендерге рекордтар мен аталарыңның еңбек эстафетасын сеніп тапсырамын!».
«Ағаға қарап іні өсер», – дейді халық мақалы. Қарт тарланның бұл шақыруы жас­тар жүрегіне жол тапты. Әр ауданнан, әр колхоздан, әр совхоздан алуан мамандық иесі жігіттер мен қыздар Сыр маржанын өсіруге тілек білдіре бастады. Игі бастама бұлағының қайнары ашылды. Диқанның ізгі тілегі орындалды. Бақыт пен байлық негізі, рухани өсудің тегеурінді тетігі еңбекте екеніне жастардың көзі жетті.
Сыр бойы жасарды, жаңарды. Құм шағыл басқан кең далада жастар қолымен мәпелеп өсірілген егін жайқалды. Күріш өсіруге келген жастардың көпшілігі-ақ Ыбырай рекордын кайталады. Облыста Ыбырай Жақаевтың «Еңбек аттестаты» белгіленді. Оны әр жылдың қорытындысы бойынша жастарға салтанатты түрде өзі тапсырып отырды. Бұл өндіріс озаттарының еңбек дәстүрлерін жастарға беруде үлкен ықпал жасады. Тарлан күрішшінің іс-өнегесін, тәжірибесін бүкіл ­республика диқандарының игілігіне айналдыру үшін Шиелі ауданының «Қызылту» колхозында Жақаевтың озат тәжірибе мектебі ұйымдастырылды. Еңбегін елге өнеге етіп, көпті соңынан ерту, екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бастаманың ­баянды болуы оның құндылығында, көптің жүрегіне жол таба білуінде болса керек. Жастардың жүрек жалыны бүкіл өңірге қызу беріп, дала төсін еңбек дүбіріне бөледі. Күріш өсіруші жастар звенолары құрылып, жұрт оларды «Жақаевшылар звеносы» деп атады. Бұл құрметті атақ Сыр бойында берік орын тепті. Жаңа заманғы жарқын тұрмыстың бал дәуренін бастан кешіріп, бақытының шалқар ­сарайын өз қолымен салған ­Ыбырай Жақаевқа үкімет пен ел зор құрмет көрсетті. Оның кең кеудесінде «Социалистік Еңбек Ерінің» қос алтын жұлдызы, төрт «Ленин» ордені, «Еңбек Қызыл Ту» ордені, «Халықтар достығы» орденімен, бірнеше медальдар, СССР Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің алтын медальдары жарқырады. КПСС XXIII съезінің делегаты, облыстық және аудандық партия комитетінің мүшесі ретінде атқарған жұмыстары қаншама. Ол СССР Жоғарғы Советіне бір рет, ­республика Жоғарғы Советіне төрт рет депутат болып сайланды. «Ел ерімен көрікті» дейміз.
Сыр диқаны Ыбырай Жақаевтың елін көркейтуге аса зор үлес қосқаны үшін алғыс жаудыра отырып, «Жақаевшылар маршын» әуелете шырқаған жастар қазіргі таңда да даңқты диқан мерейін асқақтатуда. «Ол оқымаған, бірақ, өмірден көп тоқыған кісі. Еңбектің көзін тауып, байлықтың өзін тапқан қайраткер. Еңбегімен өмірге өрнек салып, еңбегімен поэма жазған адам», – деп ақын, жазушы Асқар Тоқмағамбетов айтқандай, диқан төккен әрбір тамшы тер өзіне, еліне, халқына бақыт пен береке, абырой мен атақ, өнеге, дәстүр, ырыс болды, нан болды, ән болды, тіптен тарихтың өшпес беттері болды деуге әбден сыяды. Диқан бабаның тұла бойы тұнып тұрған жақсылық, қасиет. Олай дейтініміз, бір Ы.Жақаевтың өзі еңбек адамының қаншалықты құдіреттілігін, мүмкіншілігінің мол екенін көрсетті. Ыбырай Жақаев – дән патшасы, ақ күріштің атасы, ол өзінің өшпес тарихын кетпенмен, термен жазған, бірнеше ғасырда дүниеге бір-ақ келетін еңбек адамы еді.
Ыбырай Жақаевтың көзін көргендер оның қарулы, қайратты кісі болғанын айтады. Парасат пайымы мол диқанның әңгімесін тыңдауға алыстан ат арылтып келетін аға-інілері аз болмады. Мәселен, Мұхаммеджан Қаратаев Ыбекеңнің есімі Еңбек Ері ретінде бүкіл халқымыздың мақтанына айналды. Ол социалистік мектептің әрі мектебі, әрі ұстазы десе, Әбділда Тәжібаев «Диқан атамсың, сүйенерімсің, сүйерім» деп жырға қосты.
Ыбырай Жақаевтың: «Бәрінің анасы жер. Жерді таңдай біл. Оны баптай біл. «Адам сияқты егін де таза суды тілейді. Ескірген судан егін де ауырады. Оған үнемі таза су бер». «Жас күріштің сабағы ешкінің түбітіндей нәзік келеді. Оны тек тамырмен суарып аласың. Жер дымқыл болса, тамыры тереңге кетеді. Күріш өмірлі болады». «Күріштің жауы – арамшөп. Қаулаған арамшөптен күрішті арашалай білсең, күріш сені байлыққа белшеңнен батырады». «Егінді өсіре білу – алғашқы асу ғана. Ысырапсыз жинап алу – мәре. Бұл сыннан да мүдірмей өт. Сонда ғана ерлегенің». «Күріш өсіруге әдіс керек. Оған ізденсең ғана жетесің. Ізденуден жалықпа», – деп айтқаны еңбек, жер, күріш туралы қанатты сөзге айналды. Қара нардай қайыспайтын еңбеккердің асыл сөздері бүгінде жас ұрпақтың зердесінде.
Ыбырай Жақаев саналы ғұмырында бір өзі бір дәуірдің жүгін көтеріп өтті. Оның қайталанбас рекордтары еліміздің аграрлық саласының дамуына зор серпін берді. Біртуар тұлғаның есімін мәңгі ел есінде сақтау үшін талай игілікті іс жасауы тиіс.
Биылғы жылы Ыбырай атамыздың 130 жылдық мерейтойы жоғарғы дәрежеде тойланғалы отыр. Атап айтсақ, атамыздың айтып кеткен нақыл сөздерінен үш тілде кітап және «Тұғырда тас мүсін емес тарих жатыр» атты музейдің 40 жылдығына орай арнайы журнал облыстық тарихи-өлкетану музейінің көмегімен жарыққа шықпақ.
Жыл басында аталған мерейтойдың ашылу салтанаты өтсе, қазан айында музейде «Ақ күріштен тау тұрғызған нар тұлға» атты үлкен іс-шара өткелі отыр. Шара Ыбырай Жақаев музейінде «Этно ауыл» яғни, қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерінен көріністер көрсетіліп, «­Ыбырай ата» саябағында ауданымызға белгілі қолөнер шеберлерінің көрмесі және №149 Ә.Монтаев атындағы орта мектептің 6 сынып оқушыларының келген қонақтармен сәлемдесу шарасы және «Арман» мәдениет үйінде үлкен концерттік бағдарлама ұйымдастырылады. Облысымыздағы Арал және Жаңақорған өңірі аралығындағы барлық музей қызметкерлері қонаққа шақырылады.
Осы жылы «қос алып» атамыздың, яғни, Ыбырай Жақаевтың 130 жылдығы және Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданының екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, даңқты шопан Жазылбек Қуанышбаевтың 125 жылдық мерейтойы қатар келіп отыр, осыған орай, біздің музей Мойынқұм ауданына «Даңғайыр диқан елінде» атты көшпелі көрме ұйымдастырып, ауданымыздан бір топ делегация жүргелі отыр.

Құттықыз Ыханова,
Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейінің директоры
28 қыркүйек 2021 ж. 401 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930