МАҢҒЫСТАУЛЫҚ МЕЙМАНДАР ШЕЖІРЕЛІ ӨЛКЕДЕ

Алдымен қонақтар көне заманнан бері келе жатқан тарихи құңдылықтардың бірі «Оқшы ата» кесенесіне барып, зиярат етіп, Құран бағыштады. Әмбеге аян, бұл қасиетті орын Шиелі ауданы, Бәйгеқұм ауылының шығысында орналасқан. Киелі жерде Оқшы батыр мен Есабыз әулиенің рухы кезіп, Асан Қайғы желмаясының табаны тиген. Ғайып пен Қыш атаның қолтаңбасы қалып, Досбол датқа мен Бала бидің үні сіңген. Соның арқасында қорым аудан үшін ғана емес, облыс көлемінде одан қалды Орталық Азия аумағындағы аса қасиетті орын саналады. Мұнан соң Маңғыстаудан келген меймандар Шиелі ауданының «Руханият орталығының» жұмысымен танысты. Шиеліліктер оларды өз деңгейінде жоғары күтіп алды. Алдымен дәм ұсынылып, ардагер аналар ұлттық өнер үлгісін паш етті. Олар 95 жылдан астам тарихы бар туған жер шежіресімен танысып, жаңа ғимараттың бүгінгі тынысының куәсі болды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың бастамасымен салынған нысан тиімділігі мен ерекшелігі жағынан көпшілікті тәнті етті. Айта кетейік, жалпы құны 1,6 млрд теңгені құрайтын «Руханият» орталығының ішінде неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі, қоғамдық кеңес және үкіметтік емес ұйымдар белсенді жұмыс істеуде. Орталықпен толық танысып болған соң делегация мүшелері кенттегі «Маханбет» ЖК шұжық цехында болып, жұмыс барысын көрді. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» жобасы аясында салынып жатқан бизнес-инкубатордың нысанына барды. Одан кейін «HooneyMood» кондитерлік өнімдер цехының, «Barly Bai & K» томат өндіретін кәсіпорынның, сондай-ақ ауданның брендіне айналған «Жаннұр» ЖК құрт, ірімшік өндірісінің жұмысын бағдарлап шықты. Маңғыстау өңірінен келген делегация аудандағы кәсіпкерлік саласында атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағаларын берді. Әрі қарай іс-сапар Ы.Жақаев ауылында жалғасты. Жақында мұнда «Береке» дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Алыстан келген қонақтар спорт кешеннің тыныс-тіршілігімен танысып, жаттығу залдарын аралап шықты. Жаңа нысанның әдемі салынғанына куә болып, спортшыларға жылы лебіздерін білдірді. Одан әрі жұмыс сапары Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейінде жалғасты. Жақаев ауылының топырағына табан тигізген маңғыстаулықтар екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың рухына құран бағыштады. Сонымен бірге музейге барып, дала академигі қолданған құрал-жабдықтарды тамашалады. Жұмыс сапарының соңында делегация мүшелері тәжірибе алмасу мақсатында ауқымды жобаларды қолға алуға мүмкіндіктер мол екенін айтты. Осы сапардың нәтижесінде екі облыс арасындағы ынтымақтастықты арттырып, кәсіпкерлік саласындағы тәжірибе алмасу әрі жаңа жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылау жоспарлануда.
Айнұр ИБРАШЕВА,
Сурет Бақытжан БӘЙІМБЕТТІКІ