Оқшы ата кесенесі: Тарих және аңыз
Сырғып аққан суы сыр жасырып, әрбір сайы мен тасының тасасында тарих тұнған Сыр өңірі киелі жерлерден кенде емес. Осындай қасиетті жерлер өскелең ұрпақты алтын тамырына жақындатып тұрады. Сондай кие тұнған орындардың бірі – ауданға қарасты Бәйгеқұм ауылының шығысында орналасқан Оқшы ата кесенесі.
Бұл қасиетті жерді Ә.Қоңыратбаев «әулиелердің ордасы» деп атаған. Себебі Оқшы атада Әзім әулиелермен қатар есімі дүйім елге белгілі ділмар датқалар жерленген. Оқшы баба оғыздар мен қыпшақтардың ұлы ханы Қазансалардың қару-жарақ жасайтын шебері екендігін айтады Әуелбек Қоңыратбаев. Сондай-ақ ғалым Оқшы атаның өмірден 1043 жылы өткендігін және өзінің аты берілген мазаратта жерлендігі туралы қорытынды жасайды. «Қорқыт ата» кітабының негізгі кейіпкері болуы Оқшы бабаның тарихта бар тұлға екенін көрсетеді. Сонымен қатар ол түркілер арасында исламды насихаттаған діндар адам болды деген деректер де бар.
Бұл қасиетті жерді Ә.Қоңыратбаев «әулиелердің ордасы» деп атаған. Себебі Оқшы атада Әзім әулиелермен қатар есімі дүйім елге белгілі ділмар датқалар жерленген. Оқшы баба оғыздар мен қыпшақтардың ұлы ханы Қазансалардың қару-жарақ жасайтын шебері екендігін айтады Әуелбек Қоңыратбаев. Сондай-ақ ғалым Оқшы атаның өмірден 1043 жылы өткендігін және өзінің аты берілген мазаратта жерлендігі туралы қорытынды жасайды. «Қорқыт ата» кітабының негізгі кейіпкері болуы Оқшы бабаның тарихта бар тұлға екенін көрсетеді. Сонымен қатар ол түркілер арасында исламды насихаттаған діндар адам болды деген деректер де бар.
Көне ескерткіш туралы мәліметтер Ә.Қоңыратбаевтың, археолог, шығыстанушы ғалымдар Василий Каллаур мен Кастане және басқа да ғалымдардың еңбектерінде кездеседі. Тарихи айғақтарға сүйенсек, қазіргі қорым тұрған аймақта шаһар болған деп те айтылады.
Ғылыми негіздерге сенсек, ХІV ғасырда Әмір Темір, Қожа Ахмет Яссауи кесенесін салған уақытқа дейін бұл Оқшы ата кесенесі Тұран жерін мекендеген оғыз-қыпшақтардың әзім-әулиелерін, қол бастаған көсемдері мен сөз бастаған шешендерін жерлейтін діни орталығы болған екен.
Жеті әулие байыз тапқан Оқшы ата мазараты жайлы айтқанда, ел аузындағы әңгімелерді сөз етпей кетпеуге болмас. Өткен ғасырдың басында темір жол салынғанда жұрт адам айтса нанғысыз мына оқиғаға куә болған деседі. Елдің есінде жатталған кереметтей оқиға ол төмендегідей.
Шойын жол негізі карта бойынша Оқшы ата мазаратының дәл ортасынан өтуі керек болған. Алайда жергілікті халық сол кезде жасалып жатқан жұмысқа өз қарсылықтарын білдірген. Себебі ол жерде қаншама әзім-әулиелер байыз тапқан деп сенеді ел. Алайда құрысшылар жергілікті халықтың сөздеріне құлақ аспай, шойын жолдың тастарын төсеп, рельстерін бекіте бастайды. Содан не керек, олардың істеген жұмыстары күн сайын зая кетеді. Тұрғындардың сөзіне сеніп, бір күні түнде аңдуға көшкен құрылысшылар түнде алып бұқаның рельстерді оңды-солды шашып жатқанын көреді. Содан кейін сол темір жолды мазараттың ортасынан емес, сыртынан өткізген екен.
Оқшы ата кесенесі көне дәуірден келе жатқан тарихи құндылықтардың бірі. Негізінен кесененің көлемі кішірек. Ал археолог мамандардың мәліметінше, бұл кесененің архитектурасы IX-XI ғасырларға тән екен. Бірі білсе, бірі білмес Оқшы атаның азан шақырып қойған есімі – Ибраһим шайқы немесе Көгентүп болған. Оқшы бабаның бала күнінен бір күндік жердегі нәрсені көре алатын қасиеті болыпты. Көздеріндегі қалың кірпіктерін көтерсе болғаны, бір күндік жердегі ірілі-ұсақты заттарды көре алады екен. Осыны білген елдер жоғалған малдарын, Оқшыға келіп іздеп, таптырған деген де ел аузында аңыз бар.
Оқшы ата кесенесінде Оқшы бабамен қатар Қыш ата, Ғайып ата, Бала би, Досбол датқа, Асан қайғы және Есабыз ата секілді әулие-әмбелер жатыр. Негізінен Есабыз баба бала күнінен бастап, өзінің әулиелігімен, көріпкелдігімен алты алашқа аты жайылған мәшһүр кісі болған. Бірақ қартайған шағында ол екі көзінен айырылып, зағип болып қалған. Келіндері бабаның есімін атамай, содан бері «Көзді ата» деп кетіпті.
«Асан ата» мазары аты аңызға айналған Асан қайғымен тікелей байланысты. Кесенедегі сәулет жағымен ерекшеленіп, көзге түсетін де осы Асан атаның мазары. 1992 жылы еліміздің ғылыми кеңесі Асан қайғыны осы Оқшы атаның мазарында жерленген деп, мазарды мемлекеттің қорғауына алды. Желмаясына мініп, желіп жүріп жердің жәннатын іздеген абыз бабамыз сол жерде мәңгілік байыз тапқаны болуы да бек мүмкін.
Сол қорымнан мәңгілік қоныс тепкен жеті әулиенің бірі – Қыш ата. Оның негізгі өмір сүрген уақытысы белгісіз. Бірақ халық ауызындағы аңызға сенер болсақ, Қыш ата өзі өмір сүрген замандағы хан, сұлтандардың сәулетшісі болыпты. Сосын барып оны ел «Қыш ата» деп атап кетіпті.
Оқшы ата мазарына «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында 2005 жылы қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Кесене басына келген жамағат діни жоралғылар жасауына толық жағдай қарастырылған. Мұнда 200 адамға лайықты ас беру орны, түнеухана және құран оқып, садақа салу үшін мешітте орналасқан. Инфрақұрылым жүйелері толығымен қамтылған. Қарға тамырлы қазақ қадымнан-ақ әруағын ардақтап, әулиесін әспеттеген. Заманының заңғар тұлғаларының зиратының басына барып, зиярат етіп, Құран бағыштаған. Рухани құндылықтарын жаңғыртып, ел жадынан өшірмеген. Содан да болар «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деп тәмсілдеген.
С.МАДИЯРОВА