Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТАРИХТЫҢ ТАҢБАСЫ – ҰЛТТЫҢ ҚАЗЫНАСЫ

ТАРИХТЫҢ ТАҢБАСЫ – ҰЛТТЫҢ ҚАЗЫНАСЫ

Ежелгі заманнан бастап Сыр өңірі сан мың ұрпаққа құтты қоныс, жайлы мекен болғаны белгілі. Бұл топырақта бағзыдан бағы жетіп, базары қызған 40-қа жуық көне қала мен жарты ғаламды жалғастырған Жібек жолының арналы абағы сайрап жатыр.
Сөйлете білсең оның әр уыс топырағы, әр бұтасы, әр тасы алуан түрлі ғибратты шежіре шертер еді. Мұнда сан ғасырлардан бергі аты әлемге мәшһүр, ірі тарихи тұлғалар ғұмыр кешкен. Қойнауы құпияға толы Сыр өңірінде көненің көзі де, бүгіннің өзі де бар. Ата-бабамыздың ежелден кіндік қаны тамып, ұрпағын өрбіткен киелі мекенінде бүгінгі кезеңде жадыңнан өшпейтін асылдың сынағындай небір мұраларымыз бар. Ежелгі өркениеттің белгісі ретінде сыры кетсе де сыны кетпеген ғажайып тарихи ескерткіштер мен мазарлар соның куәсі. Осындай тарихи мұраларды қорғау – халқымыздың сан мың ғасыр бастан кешкен тарихын, мәдениетін, өнерін, салтын, тілін қорғау деген сөз.
Оқшы ата кесенесі көне заманнан бері келе жатқан тарихи құндылықтардың бірі. Кесененің орналасқан жері – Қызылорда ­облысы, Шиелі ауданына қарасты 20 ­разъезде, Жөлек аулынан 7 шақырым жердегі темір жол торабында орналасқан. Көлемі жағынан шағын. Архитектурасы ІX-X ғасырдан басталады. Аталған орын тоғыз жолдың торабында жатыр. Дәл іргесінен бұрын Түркістан мен Сібір арасын жалғаған теміржол өтеді. Ал бір жағында «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлік дәлізі орналасқан. Мазарға жерленген кісінің шын аты – Ибраһим шайхы, лақап аты – Көгентүп, ал Оқшы ата – кейін ел қойған есімі. Ә.Қоңыратбаевтың көрсетуінше, Оқшы ата – қару, оқ жасаған оғыз батыры. Кезінде бұл аймақта үлкен шаһар болса, мазардың тұрған жері көне қорым. Белгі XV-XVI ғасырларда салынса керек. Ал Оқшы ата күмбезіне қатысты аңыз-әпсаналар түрлі заман (оғыз, қалмақ) оқиғаларын қамтиды. Ел ішінде айтылатын аңыз бойынша, өткен ғасырдың басында шойын жолды тартқан адамдар оны әулиелер жатқан жерден жүргізбек ниет танытқан көрінеді. Кейбір адамдар бұл мекенді трактордың күшімен бұзып тастаудан да арланбапты. Алайда ол дегеніне жете алмайды. Кесенелерді бұзуға бет алған трактор өздігінен тоқтап қала берген. Дәл осы көрініс бірнеше мәрте қайталанады. Ақырында құрылысшылар қасиетті мекенді айналып өтетін теміржол тартуға көшеді.

Қасиетті орын неге Оқшы ата атанған?
Ол кісінің азан шақырып қойылған есімі жайында халықтың арасында бірнеше болжам айтылады. Белгілі зерттеуші Әуелбек Қоңыратбаевтың айтуынша, ол кісі оқ, қару жасаған оғыз батыры деп көрсетілген. «Оқшы ата түркілер арасында исламды насихаттаған діндар адам болды деген деректер бар. Бұл жер ХІV ғасырда Қожа Ахмет Ясауидің даңқты кесенесін Ақсақ темір салғанға дейін осы Оқшы ата жері ежелгі Тұран, оғыздар мен түркі-қыпшақтардың бекзат азаматтары жерленген пантеон болған екен. Демек, бұл қабірстанда қадым ғасырларда біз білетін аталардан басқа жасаған небір арыс азаматтардың жатуы мүмкін. Оқшы ата, ­Есабыз, Асан қайғы, Ғайып ата, Қыш ата, ­Досбол би сияқты ұлылар – халық зердесінде сақталғандары ғана. Оқшы ата ХІ ғасырда өмір сүрген, халықты жаудан құтқарып, елдің болашағы үшін күрескен ұлы тұлға. Сондықтан да халық Оқшы ата мазарын ерте заманнан киелі жер санаған. Өткен ғасырдың 60-жылдарында кейбір зиялы азаматтардың бас болуымен әулиелерге кірпіштен кесене орнатылған екен. Оған дейін көбі қам кесектен салынғанға ұқсайды. Жергілікті жамағат қасиетті кісілерді ешқашан жадынан шығарған емес. Алғаш рет 1997 жылы олардың аруағына арналып ас берілсе, содан бері сол игілікті іс лайықты жалғасын тауып келеді.
«Оқшы баба – оғыздар мен қыпшақтардың ұлы ханы Қазан Салардың қару-жарақ жасайтын шебері, батыры еді» дейді түрколог Әуелбек Қоңыратбаев. Сондай-ақ ғалым Оқшы атаның өмірден 1043 жылы өткендігін және өзінің аты берілген мазаратта жерленгендігі туралы қорытынды жасайды. «Қорқыт Ата» кітабының негізгі кейіпкері ­болуы Оқшы атаның тарихта бар тұлға екендігін көрсетеді.
Көне ескерткіш туралы мәліметтер Әуелбек Қоңыратбаевтың, археолог, шығыстанушы-ғалымдар ­Василий Каллаур мен И.Кастанье және басқа да ғалымдардың еңбектерінде кездеседі. ­Тарихи айғақтарға сүйенсек, қазіргі қорым тұрған аймақта шаһар болған деп те айтылады. Оқшы ата кесенесі туралы тарихи деректер, ғылыми еңбектер көп емес. Алайда, мыңдаған жылдардан бері еліміздің ежелгі өркениетінің куәсі ретінде сақталып келген ескерткіштер әлі де зерттеле берері сөзсіз.

Индира Елкеева,
Нартай Бекежанов
мемориалдық музейінің ғылыми қызметкері
26 шілде 2022 ж. 515 0