Ел тарихынан сыр шертетін құндылықтар
18 сәуір – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні. Ел тарихынан сыр шертетін құндылықтарды қорғау сіз бен бізге парыз. Ал, бұл Мерекенің басты мақсаты – тарихи ескерткіштерді сақтау және мәдени мұраны қорғау мәселелеріне қоғамның назарын аудару.
Ескерткіштер – ел тарихы немесе тарихи-мәдени мұра халық тарихының аса маңызды айғағы, адамзаттық өркениеттің құрамдас бөлігі ретінде барлық қауіп-қатерден тұрақты түрде қорғап отыруды талап етеді. Осы бағыттағы халықаралық актілердің арасынан 1954 жылғы «Қарулы қақтығыс кезінде мәдени мұраларды қорғау туралы», 1972 жылы ЮНЕСКО-ның «Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны қорғау туралы», 1979 жылғы «Мәдени мұраларды заңсыз тасымалдау және оларға деген меншік құқығын беруге тыйым салу шаралары туралы», 1988 жылғы Кеңес Одағының «Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны қорғау туралы» конвенцияларын атауға болады.
Қазіргі таңда Шиелі ауданы бойынша 49 ескерткіштер мен тарихи-мәдени мұра объектілері мемлекет қорғауына алынған. Ескерткіштің меншік иелері мен кент, ауылдық округтерде орналасқан ескерткіштердің жай-күйіне мониторинг жүргізіліп, күтіп ұстау жөнінде тиісті түсіндірме жұмыстары жүргізіліп отырады.
Бүгінгі күні «Қызылорда облысының тарихи және мәдени ескерткіштеріне QR-код орнату» жобасы аясында Шиелі ауданы бойынша мобильді қолжетімді жерлердегі 13 тарихи және мәдени ескерткіштерге QR-код тақтайшалары орнатылды. Сол арқылы тарихи-мәдени ескерткіштер туралы мәліметті толық алуға болады.
Жылдағы дәстүр бойынша 18 сәуір «Халықаралық ескерткіштерді қорғау күніне» орай ескерткіштерге барлау және сенбіліктер ұйымдастырып, тазарту жұмыстары жүргізіледі. Тек арнайы 1 күнде емес, тарихи-мәдени ескерткіштер мамандардың үнемі назарында.
Дүниежүзі бойынша жер көлемі жағынан тоғызыншы орын алатын қазақ елі қасиетті, киелі жерлерге бай. Әйтсе де, олардың жеткілікті дәрежеде зерттеліп, дәріптелмеуі салдарынан халқымыз олардың көбісінің барынан хабарсыз. Осы орайда елімізде қолға алынған «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы қазақтың кең даласындағы қасиетті жерлер мен мекендерді жете зерттеп, халыққа жеткізуді мақсат етіп отыр. Сондықтан, алдағы уақытта еліміздегі тарихи маңызы бар, көпшіліктің назарын аударатындай киелі жерлеріміздің терең зерттеліп, танылатынына үміт зор.
Айнұр Әбілдаева,
Шиелі аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімнің ескерткіштерді қорғау жөнінде маманы
Шиелі аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімнің ескерткіштерді қорғау жөнінде маманы