Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тарихты ескерткіштер сөйлетеді

Тарихты ескерткіштер сөйлетеді


18 сәуір – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні. Бұл мереке алғаш рет 1984 жылы атап өтілді. 1983 жылы ЮНЕСКО жанынан құрылған халықаралық ескерткіштер мен көрнекті орындарды қорғау мәселелері жөніндегі кеңес ассамблеясы бекіткен. Бүгінгі таңда осы ұйымның қатарында әлемнің 175 мемлекеті бар.
ЮНЕСКО ірі халықаралық ұйымына Қазақстан да мүше. Осы мерекеге орай ауданымызда орталық алаңда тағылымды шара ұйымдастырылды. Шараға аудан әкімінің орынбасары А.Есмаханов, аудандық қазақ тілі қоғамының төрағасы Ө.Исмаил, кент ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә.Батырбаевтар қатысып, атаулы күннің маңызы мен құндылығына тоқталды.
Аудан көлемінде мемлекеттік қорғау тізіміне енгізілген 45 тарихи, мәдени ескерткіштер сақталып, олар күтімге, қорғалуға алынған. Бұл салада «2004-2006 жылдарға арналған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы туралы» ҚР Президентінің 2004 жылғы 13 қаңтардағы Жарлығына сәйкес ауданымызда көптеген жұмыстар атқарылды. Ауданымызда орналасқан Асан ата, Оқшы ата мазарлары, теміржол вокзал үйі (ХХ ғ), М.Шоқай ескерткіші, Бала би, Дос­бол би кесенелері, Есабыз қабірі, Н.Бекежанов ескерткіші, Ш.Есенов бюсті, Ы.Жақаевтың қабіріне қойылған ескерткіш бюсть, «Даңқ» мемориалы, Жаназар батыр, Құлтан, Мақұлтам, Тәжібай, Бәкі, Ахмет Ишан, Оразай ишан кесенелері, «Сауысқандық шатқалындағы жартастағы бейнелер» жазбасы, «Рабат-3» бекіністі мекені, су қыспақты мұнара, Бақты ата мазарлары көне тарихымыздың көзден кетпес керемет, ғажайып, сәулет өнерінің жетістіктерін баяндаған Ө.Исмаил «осындай кейінгі ұрпаққа қалатын ұлттық игіліктерді қорғау және насихаттау кез келгеніміздің міндетіміз» дегенді тілге тиек етті. Сондай-ақ, ауданымыздағы тарихи, мәдени мұралардың сақталуын, олардың құжаттарын заң талаптарына сай жасап, оған ие болып жүрген аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қызметкері Б.Әбуовтің еңбегін жоғары бағалады. Шарада Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері Ә.Ноғайбаев ән айтып, көпшіліктің көңілін көтерді. Тағы бір айта кететін жайт – бұл күні жас­тар ресурстық орталығы, ерікті жас­тармен бірге аудан орталығындағы тарихи тұлғалардың құрметіне салынған М.Шоқай, И.Құтпанұлы, Б.Қабылұлының ескерткіштеріне құрмет білдіріп, санитарлық-тазалық жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, осы күні Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейінде «Тарихы терең, тағлымы биік ескерткіштер» атты іс шара ұйымдастырылды.

Айнұр НАЗАРОВА.
12 мамыр 2018 ж. 3 924 0