СЫРДЫҢ СӘУЛЕТ ЕСКЕРТКІШТЕРІ
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы тарихи-мәдени ескерткіштерді зерттеп, зерделеуге айрықша маңыз бергені белгілі. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының бірінші кезеңі жүзеге асырылып, қасиетті орындар, жәдігер ескерткіштер анықталды.Сыр өңірінен 12 ескерткіш жалпыұлттық, 35 ескерткіш өңірлік маңызы бар қасиетті орындар тізіміне енгізілгені белгілі. Бұған қоса, облыстық тарихи-өлкетану музейінің экспозицияларын жаңарту жұмыстары жүргізілді. Айта кетейік, нақты кезеңде Қызылорда облысының 12 музейінде «Рухани жаңғыру» тақырыбы ескеріле отырып, экспозициялар жаңартылды.
2015-2016 жылдары облыстық музейдің 11 залдан тұратын экспозициясы толыққанды қайта жаңғыртылды. Соның ішінде Сыр өңірінің ертедегі тарихын баяндайтын "Археология" залының экспозицияларын ерекше атап өтуге болады.
Сырдың сәулет ескерткіштері атты экспозицияда Сыр өңіріндегі Сараман Қоса, Бегім ана, Ұзынтам мұнаралы кесенелер мен кейінгі ортағасырлардағы Тәжібай кесенесі, Ақтас мешіті, Қалқай ишан кесенесі, Қалжан ахун мешіт-медресесі, Ноғай мешіттер жайлы деректер қамтылды.
Қорыта айтқанда, "Археология" залының аумағы кеңейтіліп, 800-ге жуық Сыр өңірінің археологиясынан толыққанды мәлімет беретін экспонаттар орналастырылды.
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі – облыстағы ірі мәдени, орталықтардың бірі. Нақты кезеңде музей қорында өлкеміздің ежелгі дәуірінен бастап бүгінгі күнге дейін сан ғасырлық тарихынан терең сыр шертетін 55 мыңнан астам экспонат сақталуда. Музейдің археологиялық қорындағы экспонаттар ұлтымыздың баға жетпес байлығы болып табылады.
Асхат САЙЛАУ,
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғалым-хатшысы